ӘДІЛБЕК ҚАБА: ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ БОЛАШАҒЫ ОНЫ ІТ КЕҢІСТІККЕ ЕНГІЗУГЕ ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба Астанадағы «Astana hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ІТ-жобалармен танысты.
Жалпы бұл кездесудің басты мақсаты тіл саясатын іске асырудың маңызды тетігі ретінде дайын немесе жобаланып жатқан ІТ-өнімдерге шолу жасап, осы нарықтағы ІТ-мамандармен танысу, қазақ тілді контенттің даму барысын талқылау болатын.
Өздеріңізге белгілі қазіргі ақпараттық технологиялар жедел дамып жатқан уақытта интернет желісіндегі (ғаламтордағы) қазақ тілді контенттің заман үрдісінен қалмай дамуы маңызды. Себебі бүгінгі күні «Еңбектеген жастан бастап, еңкейген кәріге» дейін әлеуметтік желілерге тәуелді болып отыр. Жалпы контент сөзінің түпкі мағынасы қандай дегенге үңілер болсақ, оның ақпарат деген мағынаны білдіретінін көреміз. Ал қазақ тілді контент дегеніміз, интернет желісі арқылы қазақ аудиториясына жететін ақпарат. Елімізде контент сөзі ең алғаш рет 2012 жылы қолданысқа енгізілді. 2014 жылдан бастап орыс тілді контент қарқынды түрде дамыды.
Тек 2016 жылы ең алғаш kartoptv атты қазақ тіліндегі инста вайн жобасы құрылып, қазақ контентін Қазақстан нарығына алып келді. Араға 6 жыл салып, бүгінгі таңда қазақ контетін түсіріп жүргендер саны біршама артты. Оны кез келген әлеуметтік желі қолданушыларынан, әсіресе 13-25 жас аралығындағы әуесқойлардан байқауға болады. Бірақ мемлекет үшін әуесқой контент түсірушілер нгемесе жасаушылар емес кәсіби қазақ контентінің дамығаны керек. Сондықтан «Astana hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ІТ-жобаларға қолдау көрсетудің маңызы зор.
Стартап қатысушылар онлайн және офлайн форматта тіл саласындағы уәкілетті органға, яғни Тіл саясаты комитетіне дайын және жобаланып жатқан өнімдерімен таныстыру мүмкіндігін алды. Шара барысында жоба авторлары өздерінің дайын немесе жоба күйіндегі өнімдерімен таныстырды. Егер жаңа жобалар қолдауға ие болып, іске асатын болса, қазақ аудиториясының сұранысын толықтай қанағаттандыра алатындай жобалардың мазмұны мен мақсаты әртүрлі. Мәселен, қатысушылардың бірі Маржан Қалданқызы «Audaru» платформасымен таныстырды. Бұл – қоры 500 000 аударманы қамтитын Қазақстандағы алғашқы қазақ-ағылшын тілі онлайн сөздігі. Кез келген адам сөздікте жоқ сөздерді енгізіп, сөздік қорын толықтыруға өз үлесін қоса алады. Көңілден шыққан жобалардың тағы бірі «Speech Lab» дыбысты синтездеу жобасы. Динара Алимованың айтуынша, бұл жобаның ерекшелігі – сөзді бірден мәтінге және керісінше мәтінді дыбысқа айналдырады, жиындар мен отырыстардың цифрландырылған жазбасын алуға мүмкіндік береді. Осының барлығы көру қабілеті нашар азаматтардың проблемасын да ішінара шешуге мүмкіндік береді. Бұл жоба іске асқан жағдайда басқа әлемдік сервистермен интеграциялау арқылы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге мол мүмкіндік аламыз. Мәселен «Яндекс. Аударма» платформасында қазақ тіліндегі мәтіндерді дыбыстандыру қызметі жоқ. Ал бұл жоба осындай мүмкіндікке жол ашады.
Келесі бір жоба қазақ халқының мәдени мұрасын, атап айтқанда, 1200-ден астам ең танымал туындыны қамтитын «Qonzhyq.app» мобильді қосымшасы. 500-ден аса халық әні, 150-ден аса ертегі, 450-ден астам әртүрлі ұлттық аспаптардағы күйлер, балалар әндері және бесік жырлары және басқа да бөлімдер қарастырылған бұл жобаның балалар мен ата-аналарға, балабақша тәрбиешілеріне берері мол.
Телеграмдағы чат-бот пен инстаграм (@kaz_uroki) арқылы қазақ тілін үйретіп жүрген Сергей Хван да өзінің тіл үйретуге бағытталған жобасымен таныстырды. Бүгінде 3000 адамға қазақ тілін оқытып, қазақ тілін жеңіл үйрететін кітабын сатылымға шығарып, 25 оқытушыға жұмыс орнын ұсынып отырған Сергейдің талабы көңілге қуаныш ұялатады. Жалпы бұл кездесудің басты мақсаты тіл саясатын іске асырудың маңызды тетігі ретінде дайын немесе жобаланып жатқан ІТ-өнімдерге шолу жасап, осы нарықтағы ІТ-мамандармен танысу болатын.
Осы орайда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба: – Қазақстандық нарықта дарынды, сауатты, әрі тілге жанашыр жас мамандардың бар болғанына аса риза болдым. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсем, қазақстандық нарықта қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған түрлі жобалар әзірленуде. Бізге таныстырылым жасаған 10-нан астам жобаның қай- қайсысының да өзіндік бағыты, көтерер жүгі бар. Олардың қайсысы қолданысқа жеңіл әрі тиімді боларын бұл өнімдер әзірленіп, тұтынушы қолына тигенде нарық пен тұтынушының қажетсінуі, талғамы реттейді. Біздің тарапымыздан осы жобаларға негіз болатын сөздік әрі дыбыстық қор әзірленуі керек.
Алдағы уақытта «Astana hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркімен бірлесіп, тіл саясаты саласына қатысты тиімді ІТ-жобаларды іске асыру бағытында нәтижелі жұмыс жүргіземіз деген сенімдемін,- деді.
PS: Бүгінде қоғамды алаңдатып отырған басты мәселенің бірі мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселесі екені даусыз. Соңғы жылдары қазақ отбасында тәрбиеленіп, қазақы ортада өскен баланың тілі өзге тілде шығып, өзге тілді мектеп табалдырығын аттайтын балалар санының артып отырғаны тағы бар. Мамандардың мәселенің туындау себебін ғаламтордағы басқа тілді аудиторияның қызықты әрі қызғылықты болуымен байланыстырып жүр. Қолындағы гаджетке «байланған» бала, күні бойы «өзгенің қаңсығын таңсық көріп», бойына өзге тіл мен жат болмысты сіңіріп, туған тілі мен табиғи менталитетін жоғалтады. Сондықтан бесіктен белі шықпаған баланың «уызына жарып» өсуі – қазақ тілді контенттің заман талабына сай сапалы дамуына да байланысты болып отыр. Сондай-ақ қазақ тілінің болашағы оны ІТ кеңістікке енгізуге тікелей байланысты екенін естен шығармағанымыз абзал.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ