Адам болудың алғашқы қадамы, болашақтан басталады
Балалық шақ – адамның өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Бұл уақытта бала әлемді таниды, алғашқы білімдерін алады, мінезі қалыптасады. Баланың ең бастысы, адам болудың негізін қалайды. Өйткені білімді болу мен адам болу екі басқа дүние. Алған білім қабілетті болуға жетелейді. Адам болу құндылықтарды бойына сіңіріп қағидалар мен тәртіпке жүйелі түрде бейімделу болып саналады.
Өмірдің алғашқы қадамдарында балдырған бала өз ортасында ересектердің әрекеттерін қайталайды, олардан үлгі алады. Отбасындағы тәрбие, ата-ана мен мұғалімдердің сөздері, олардың іс-әрекеттері балаға үлкен әсер етеді. Баланың көз алдына жиі кездесетін ересектердің қылықтары оның мінез-құлқына, болашағына әсер етеді. Сондықтан баланың өсіп-өнуі үшін жақсы үлгі көрсетіп, дұрыс бағыт беру өте маңызды.
Адамның рухани дамуы да осы кезеңнен басталады. Бала өзіне жақын адамдардың махаббатын сезініп, айналасындағылардан қолдау көрсе, оның ішкі әлемі байып, айналасындағыларға мейірімділік танытуға үйренеді. Керісінше, баланы қорқытып жазалап отырса, көңілі түсіп, оның болашақтағы мінезі де қатыгездікке бейім болуы мүмкін.
Балалық шақ – бұл ойынмен, қиялмен толы уақыт екені баршаға аян. Ойындар мен қиялдар арқылы балалар әлемді өздерінің көзқарасымен көреді, мәселелерді шешуді үйренеді, өздерінің жеке басын қалыптастырады. Осы кезде балаға еркіндік беру, оның өз ойын жеткізуіне мүмкіндік жасау маңызды. Сол арқылы бала өздігінен шешім қабылдауға, өзіне сенімді болуға, өзгелердің пікірін құрметтеуге үйренеді.
Қорыта айтқанда, адам болудың алғашқы қадамы балалық шақтан басталады. Бұл кезеңде баланың дамуы, мінез-құлқы, өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Балалық шақта алған тәрбиенің, білімнің, махаббат пен қолдаудың арқасында болашақта бала жақсы адам бола алады. Сондықтан әрбір ата-ана, ұстаз баланың болашағына жауапкершілікпен қарап, оған дұрыс бағыт беруі тиіс. Ата-ана мейірімге кенелту керек. Ұстаздары «бұлақ көрсең көзін аш» деген прінціп бойынша еңбек етсе, сөзсіз нәтиже шығады.
Темірғали Ақнұр, Алматы қаласы,
Алатау ауданы, 205 жалпы білім беретін мектептің 7 сынып оқушысы
Жетекшісі: Жылқайдар Гүлжанат,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі