Дін саласындағы саясат – өте нәзік саясат

Дін мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі.Әр мемлекет өзінің дін саласындағы саясатын тарихи, мәдени, экономикалық және басқа да факторларын ескере отырып белгілейді. Бүгінгі күнде елімізде дін ұстаймын деген азаматтар мен діни ұйымдар үшін қолайлы жағдай қалыптасқан. Мемлекет азаматтарды дін ұстанады немесе ұстанбайды деп алаламайды. Дін ұстайсыз ба – ұстаңыз, ұстамайсыз ба – ол да өз еркіңіз. Ең бастысы – заңды бұзбаңыз, қоғамдағы ауызбіршілік пен келісімнің шырқын кетіретін әрекеттерге бармаңыз, діни алауыздық тудыратын сөздер айтып жұрттың мазасын алмаңыз, өз діни сеніміңізді басқаларға мәжбүрлеп таңбаңыз. Мемлекет дінге қатысты дұрыс саясат жасақтай алған қоғамда дін қоғам мен мемлекеттің дамуына оңды ықпал ететін факторға айналатыны анық. Қоғамда әсіресе, келешек буын жастардың арасында дінге, діни рәсімдерге, діни ақпаратқа сұраныс артып отыр. Технология дамыған заманда ақпарат шексіз және қол жетімді. Егер біз жастардың осындай сұранысын қанағаттандыра алмасақ, онда олар бұл ақпаратты, дерек көздерді сырттан іздейді. Бірақ, біз ол кезде жастардың алып жатқан дін туралы ақпараттың қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екенін, ғаламторда онлайн дәріс беріп отырған шейхтың кім екенін (шын ғалым, экстремист, террорист, псевдо шейх, радикал және т.б.) білмейміз, дереккөздің сенімді немесе сенімсіз екенін, қауіпті немесе қауіпсіз екенін дөп басып айта алмаймыз.
2025 жылдың 5 наурызында «Qamqor-Astana» ҚҚ өкілдері №72 мектеп-лицейінің оқушыларына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесуге 250-ге жуық оқушы қатысып, маңызды тақырыптар талқыланды. «Құндылықтар – зайырлы мемлекет негізі» деген тақырыппен өткен кездесудің мақсаты – жастарға зайырлы мемлекеттің қағидалары, дәстүрлі рухани құндылықтар, деструктивті діни ағымдардан сақтану жолдары туралы түсінік беру. Шараға сарапшы, дінтанушы Арулан Қуатов қатысты.
Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі ерекшеліктері.
Дәстүрлі ислам мен ұлттық құндылықтардың үйлесімділігі.
Деструктивті діни ағымдардың белгілері және олардан сақтану жолдары. Жастарды интернет арқылы радикалданудан қорғау. Теріс идеологиялардың әсерінен сақтанудың құқықтық және психологиялық негіздері. Мемлекет ұстанатын діни саясат және оның жастарға берер мүмкіндіктері мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында оқушыларға арнайы ақпараттық материалдар таратылды. Кері байланыс ретінде оқушылардың сұрақтарына жауап берілді. Жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында тәжірибелік кеңестер берілді. Бұл іс-шара жасөспірімдердің діни сауаттылығын арттыруға және оларды түрлі зиянды ағымдардан сақтандыруға бағытталған. Жастардың рухани дамуы мен саналы таңдау жасауына жол ашатын мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады. Осындай маңызды кездесулер алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады.
Бүгінгі таңда еліміздің дін саласында ешқандай мәселе жоқ деген сөз емес. Өкінішке орай, жекелеген діни бірлестіктер тарапынан еліміздің заңнама талаптарын сақтамауы, діндар азаматтардың өз ұстанымдарын мемлекеттің зайырлы қағидаттарына қарсы қоюы, діндар топтардың арасында радикалдық көзқарастағы ұстанымның белең алуы тәрізді келеңсіз көріністер орын алуда. Десек те, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың қоғамдық ұйымдармен, діни бірлестіктермен бірлесе жүргізіп отырған жұмыстарының нәтижесінде мұндай келеңсіздіктер пәрменді еңсеріліп отырғаны туралы толық сеніммен айтуға әбден болады.
Дін саласындағы уәкілетті орган болып табылатын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті өңірлердегі дін істері басқармаларымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен, діни бірлестіктермен, қоғамдық ұйымдармен және ақпарат құралдарын тарта отырып, еліміздің дін саласын реттейтін қолданыстағы заңнамасының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету, діни бірлестіктермен өзара сенімге негізделген әрекеттестіктерді одан әрі дамыту, қоғамда зайырлылық қағидаттарын нығайту, еліміздің тұрғындарының дін саласындағы мәселелер бойынша сауатын көтеру мақсатында ақпараттық, ағартушылық және түсіндіру жұмыстарын жүргізу, діни әдебиеттер мен ақпараттық материалдарды дінтанулық сараптамадан өткізу, интернет-ресурстарды мониторингтеу арқылы күмәнді діни идеяларды таратумен айналысатын сайттар мен парақшаларды анықтау және олардың жолын кесу бағытында жұмыстарды күшейту, діни радикализмнің алдын алу, әртүрлі діни ағымдар мен жалған діни ұйымдардан зардап шеккендерге кеңес беру және оңалту бағытындағы жұмыстармен күнбе-күн және жүйелі жұмыстарды іске асырып отыр.
Мемлекеттік саясатты орнықтырудың нысандары – белгілі бір діндерге мемлекеттік мәртебе беру түрі, белгілі бір конфессиялармен келіссөздер жасау түрі, діни бірлестіктердің мәртебесіне байланысты заңнамада арнайы нормалардың бекітілуінен бастап, барлық діни бірлестіктерге либеральды көзқараспен қарауды формалды түрде жариялау түріне дейін әр түрлі болуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 31желтоқсандағы № 953 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 2021 – 2023 жылдарға арналған кешенді жоспары бар.
Қазақстандық көпэтноконфессиялы мемлекеттегі бейбітшілік пен келісімді, мәдениеттер мен діндердің бірегей диалогын бүкіл әлемдік қауымдастық, БҰҰ, ЕҚЫҰ, Өркениеттер альянсы, ИЫҰ, БИЛ, ЮНЕСКО сияқты жетекші халықаралық өзара іс-қимыл құрылымдары/институттары мен әлемдік және дәстүрлі діндердің беделді көшбасшылары мойындағаны белгілі.
Қазіргі уақытта 130-дан астам этнос пен 18 конфессия өкілдері Қазақстанда татулық пен келісімде өмір сүруде. Конфессияаралық келісім саласындағы қазақстандық тәжірибе көп жағдайда бірегей. Республикада дәстүрлі діни бірлестіктерден (ислам және христиан) бастап елде бұрын болмаған жаңа діни нанымға дейінгі діни бірлестіктердің кең ауқымы бар. Түрлі көзқарастардың, дәстүрлер мен мәдениеттердің сан алуан болғанына қарамастан, Қазақстан діни тұрғыдағы қақтығыстар туындамайтын мемлекет болып қалады. Қоғамдағы тұрақтылықтың қамтамасыз етілуі, Қазақстандағы діни дәстүрлердің жаңғыруы мен дамуы, діни сенім бостандығын қамтамасыз етуге, қоғамдық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған салмақты әрі сындарлы мемлекеттік саясаттың нәтижесі болып табылады. Бұл көрсеткіштер дін саласында мемлекет қабылдап жатқан шаралардың діни ахуалдың тұрақтануына ықпал ететін және қоғамда кеңінен қолдау табатын шаралар ретіндегі тиімділігі мен нәтижелілігін айғақтайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деп көрсетілген, өзінің дін саласындағы саясатын мемлекет бүгінде соған сәйкес іске асырады.
Елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті діннің жоқтығын Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың басты сипаттамасы ретінде анықтауға болады. Бұл мемлекеттің қоғамдағы ар-ождан және діни сенім бостандығын шынайы қамтамасыз ететіндігін, азаматтардың өз еркімен және қандай да бір мәжбүрлеусіз дінге қатынасын анықтай алатынын немесе өзін қандай да бір дінмен байланыстырмай және белгілі бір діни институттарға жүгінбей-ақ өмір сүре алатындығын білдіреді. Мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынасты ұйымдастырудың осындай ұстанымы еліміздегі мәдени және дүниетанымдық саналуандылық пен плюрализмді орнықтыру мақсатына толыққанды сәйкес келеді.
Тұжырымдап айтар болсақ, еліміздегі діни саланың дамуы оңды сипатқа ие. Діннің ел бірлігін сақтаудағы рөлі қандай? деген сұрақтың туындауы да заңды. Себебі Қазақстан көпұлтты, көп конфессиялы мемлекет.
Ұлттық құндылықтарды сақтау мен қазақстандық бірегейлік туралы айтқанда сан ғасырлардан бері халқымыздың діни-рухани тұтастығын қамтамасыз етіп келе жатқан қазақтың дәстүрлі дінінің қоғамымызда ерекше рөлге ие екенін ерекше атап өтуіміз керек. Халқымыздың тарихи дамуына үлес қосып келе жатқан өзіндік ерекшелікке ие діни дүниетаным бүгінгі күні де ұлтымыздың рухани жаңғыруына септігін тигізіп, еліміздің бірлігі мен ұлтымыздың тұтастығының сақталуында жасампаздық рөл атқарып отыр. Сондықтан қоғамдағы татулық пен келісімді сақтау мен нығайту еліміздің бүгінгі және болашақтағы дамуының басты кепілдіктерінің қатарында тұрақты өлшем ретінде қала беретін болады. Осы орайда, мемлекетіміздің конституциясында көрініс тапқан зайырлылық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, діни сенімді құрметтеу арқылы қоғамдағы өзара сенімге негізделген ауызбіршілікті сақтауға тек билік ғана емес, азаматтар да шынайы мүдделі болуы тиіс. Біз сонда ғана ертеңімізге сеніммен қарай алатын іргесі берік жұрт бола алатынымыз сөзсіз, – деді сарапшы. Сарапшы Қазақстан зайырлы ел ретінде ондағы халықтар қай дінді ұстанса да өздері білетінін айтады.
Ал осындай кешенді жұмыстардың нәтижесі бәрімізге мәлім – бүгінгі күнде Қазақстанда мемлекет пен діннің түйісетін шегінде қандай да бір күрделі мәселе жоқ және қоғамдағы діни ахуал тұрақты. Елімізде көптеген этностық топтардың өкілдері өмір сүретіндіктен олардың бір-бірінің діни сенімдеріне құрметпен қарауына, татулық пен келісімде өмір сүруіне таңқалудың керегі жоқ. Бұл солай болуы тиіс шынайылық. Мемлекет азаматтардың барлығына ортақ өмір сүру кеңістігіне кепілдік беретін болса, ал оны мағыналық толтыру азаматтардың қолында. Сондықтан ұлт, дін деп бөлінбей ортақ игілікті молайта беру – бәріміздің міндетіміз.
Г.Тұрлыбекова