М.Жұмабаев – қазақ поэзиясының Хантәңірі
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
Көкте – бұлт, жерде – желмен гулеген,
Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар?
Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,
Надан адам өлім жоғын білмейді.
Өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би,
Қандай ессіз не қылдың деп тергейді?
Бұл романтикалық асқақ шумақтардан ақынның өз күшіне, өз талантына өмір тағдырына кәміл сенгенін байқаймын. Мағжанның шығармаларын талдамас бұрын, «хантәңірі» деген сөздің берер мағынасына тоқталсам ба деймін, өйткені қазақ, поэзия деген сөздердің мағынасын білеміз, ал «хантәңірі» деген не? Міне, қызық. Өзім біле бермейтін бірнеше ақпараттарды жинақтадым.
Хан Тәңірін білмейтін адам жоқ. Ол шың қазақ, қырғыз және қытай елінің шекарасы түйіскен жерде орналасқан. Шың басы күн ұясына батарда өзгеше алаулап, қызыл түске боялады. Осыған байланысты Хан Тәңірі шыңын қазақтар «қанды тау» деп атаса, ал кей жерде Хан Тәңірі деген ұғымның мағынасын «Рухтар әміршісі, құдайлар патшасы, аспан әміршісі» деген мағынаны білдіреді екен. Ал, енді негізгі тақырыпқа көшсек те болады.
Ия, Мағжан – қазақ поэзиясының хантәңірі. Неге? Қалай? — деген сауал туындауы әбден мүмкін. Оның сыры мынада. Мағжанның бойындағы ең басты ерекшелігі – ақындық талантының осы уақытқа дейін болмаған қуаттылығы, уыттылығы, оттылығы мен адам рухын арбап түсіретін, аймалап сүйетін, өртеп жіберетін жалынында, байлап-тұсап тастайтын жұмбақ тылсым сиқырында. Ендеше шығармаларына көз жүгіртіп көрелік.
Біріншіден, «Мені де, өлім, әлдиле» өлеңінде ақын:
Өлім күйі-тәтті күй,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!… — дейді. Мағжандағы өлім мәңгілік метафорасы, сондықтан өлім туралы жазған ақын мен өлмеймін, менікі де өлмейді дейді.
Екіншіден, Мағжан табиғатқа тіл, жан бітіре, адамша іс-әрекет жасатады. Ол табиғатқа табиғат деп қарамайды, сырын ұғар сырлас тұрғысында қарайды.
Мысалы: Мөлдіретіп көз жасын,
Жасымен жуып жартасын,
Сүйіп сылқ-сылқ күледі… – дейді, сол сылқ-сылқ күлген сұлу қыз ба деп те, қаласың.
Үшіншіден, ақынның қай тақырыптағы өлеңдерін алсақ та, ешкімге ұқсамайтын ерекшелігін көреміз. Өлеңнің ішінде жүрген ақынның өзін көресің.
Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзімде күн нұры бар.
Мен келемін, мен келемін, мен келемін,
Күннен туған, күннен туған пайғамбар…
Міне, жоғарыда айтып кеткенімдей, Мағжан «Рухтар әміршісі, құдайлар патшасы, аспан әміршісі» екенін меңзеп отырған жоқ па?!
Қорытындылай келе, «Мағжан сөзіндей «тілге жұмсақ, жүрекке жылы» тиетін үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жаспен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у септі. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады» ̶ деп Жүсіпбек Аймауытов атамыз айтқандай, ол ешбір ақынға ұқсамаған, әрбір адамның жүрегінің кілтін таба білген жан». Қазіргі таңда заманымыздың басты талаптарына айналып отырған рухы биік, елжанды ұрпақ тәрбиелеу ісінде, Мағжан атамыздың өлеңдері үлкен рөл атқарады деген ойдамын. Оның өлеңдері біз үшін асыл мұра болып қала бермек. Шынында да, Мағжан-қазақ поэзиясының хантәңірі.
Бақытқали Нұрай,
Тараз қаласы, №47 орта мектебінің
6-сынып оқушысы
Жетекшісі:
Алипбаева Салтанат Нұрахановна