Табысты мектептің жасампаз жолы
«Жақсылықты үйреткен мектеп – бақытты мектеп»
Ян Амос Коменский
Адамзат тарихында аса маңызды орын алатын, адам өмірінің ең жауапты кезеңін қамтитын сәттер мектепте өтетіні айғақ. Сол мектептің мәртебелі мерейін асыратын мектеп басшысы, ұстаздары, ата-аналармен оқушылары. Табысты мектеп – бүгінгі қоғамның бет-бейнесі, оқушылардың жалпы білім мен дағдыларды игеретін орны.
«Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік, һәм өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деп жалпыадамзаттық көркем және ғылыми мұраны зерттеген қазақтың жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушы-педагогы Мағжан Жұмабаев айтқандай, әр мектепті әр ұжым ең алдымен өз үйіндей үлкен шаңырақ деп қарауы маңызды, бұл – сана тұрғысынан алғанда әр педагог маманның жан құбылыстары мәселесімен ұштасып жатуы керек. Сонда ғана қоғам алдында мектеп мәртебесі мен оған деген құрмет сезімі арта түседі.
Қазіргі таңда білім беру дегеніміз – оқушылардың интеллектуалдық қабілетін дамытуға, олардың шығармашылық потенциялын қалыптастыруға, ғылыми көзқарасы мен жалпы құндылықтар арқылы мәдениеттілігін кеңейтуге бағытталған, жаңаша оқыту бағдарламаларын негізге алған, ауқымды жоба. Жас ұрпақтың ойлау зияткерлілігін ашу жолдарын қарастыру арқылы бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастырады. Оқушының табысты болуы – мұғалім еңбегінің жемісі. Мұғалімнің кәсіби деңгейін көтеру – әр басшының міндеті. Мектептің қызметінің инновациялық дамуы әрқашан маңызды болып табылады. Мектептегі тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың тақырыбы: «Командалық оқу, бірлескен зерттеулер арқылы оқыту мен оқудың, тәрбие берудің сапасын жақсарту».
Мектептегі инновациялық жұмыста педагог кадрлардың кәсіби деңгейін көтеруге үлкен мән беріледі. Педагог кадрлардың 91%-ы жоғары, 9%-ы орта арнаулы біліммен жұмыс істейді. Мұғалімдердің жас ерекшеліктерін ескерсек, жұмыс істеу мүмкіндіктері жоғары, яғни 50% мұғалімнің жасы 20 жас пен 40 жастың аралығында. Мұғалімдердің орта жасы — 41 жас. Біліктілік деңгейлері: педагог-шебер-1, педагог-зерттеуші-24, педагог-сарапшы-17, педагог-модератор-28, бірінші-2, екінші-6, санаты жоқ мамандар-43. Мектеп педагогтары түрлі деңгейде ұйымдастырылатын байқауларға белсене қатысады. Атап айтқанда өткен оқу жылында қалалық семинарға-35, форумға-4, конференцияға-17, олимпиадаға-6, педагогикалық оқуларға-16, облыстық олимпиадаға-16, конференцияға-14, семинарға-42, форумға-6, педагогикалық оқуларға-34, республикалық олимпиадаға-5, конференцияға-5, семинарға-3, форумға-3, халықаралық конференцияға-5 қатысты. Мұғалімдердің өзін-өзі жетілдіруі, үздіксіз білім алуы – бүгінгі заман талабы. Пән мұғалімдерінің оқыту сапасын арттыруға әдістемелік көмек көрсетіледі. Өзара тәжірибе алмасу, шебер-сыныптар, «Әдіс-тәсілдер жәрмеңкесі», «Үздік ҚМЖ» сайысы, әр пән бойынша БЖБ, ТЖБ құрудың әдіс-тәсілдерімен бөлісу, семинарларға қатысу арқылы цифрлық оқытудың озық әдіс-тәсілдері сабақтарда қолданылады. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру да үнемі қадағаланып отырылады. Біліктілікті арттыру курсынан өткенде мұғалімдердің аттестаттаудан өту мерзімі, сондай-ақ олардың жұмыс нәтижелері есепке алынады. Әр оқу жылында Педагогикалық шеберлік орталығы, «ӨРЛЕУ» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы педагогтердың біліктілік арттыру орталығы курсының білім беру бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырады.
Мектепте оқушылардың дарындылығын дамыту жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Жыл сайын қараша айында мектепішілік пәндік олимпиада ұйымдастырылады. Пән бойынша олимпиада жеңімпаздары анықталып, мақтау қағаздарымен марапатталады. Олимпиада жеңімпаздары қалалық олимпиадаға жіберуге ұсынылады. Оқушылардың жыл бойы түрлі деңгейдегі онлайн, офлайн форматтағы олимпиада, байқау, жарыстарға белсене қатысады. Қатысудың жалпы саны-845, соның ішінде жеңімпаздар саны-596 оқушы. Мектеп оқушылары түрлі олимпиада, конкурстар мен ғылыми жоба қорғауға қатысып, жүлделі орындарға ие болып отырды. «Зерде — 2023» ғылыми жобалар конкурсының қалалық кезеңінде 13 оқушы жүлделі орынға ие болып, 2 оқушы облыстық кезеңіне қатысып, 1 оқушы жүлделі 2 орынға ие болды. 8-11 сыныптар арасындағы ғылыми-практикалық конференция конкурсында 12 оқушы жүлдегер атанды.
Жалпы алғанда, бұл көрсеткіштен өткен жылмен салыстырғанда өсу динамикасы байқалады. Оқушылардың дарындылығын дамыту жұмыстарының бірі, үйірме, секция жұмыстары. Мектеп бойынша қосымша үйірме жұмыстарының нәтижелі жүруі оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану және олардың шығармашылық қабілеті мен эстетикалық көзқарасын дамытуға бағытталады. Мектебімізде оқушылардың танымын дамытуға да бағытталған түрлі жобалар, үйірмелер, секциялар жүргізілуде. Әрбір мемлекеттің өсіп өркендеуі мен даму көрсеткіштерінің бірі — дене мәдениетінің жүйесі, спорт. Мемлекетті немесе бір ұлтты күллі әлемге танытатын да спортшылар мен олардың жетістіктері, көрсеткіштері. Сол спортшыларды тәрбиелеу, спорттың бір түрімен шұғылдануға қалыптастыру мектептен басталады. Бала өз қызығушылығымен бос уақытын тиімді пайдалануда, көптеген үйірмелерге қатысып соның ішінде спорттық үйірмелерді таңдауы, баланың салауатты өмір салтын қалыптастыруына негіз болады. Атап өтер болсам, спорттық тоғызқұмалақ, таэквандо, үстел теннисі, қазақша күрес, дзюдо, шахмат-дойбы, гір көтеру, волейбол, футбол және баскетбол үйірмелері бар. Мектеп оқушылары қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде спорттық жарыстарға қатысып келеді. Домбыра, би, хор, вокал сынды өнер үйірмелеріне де оқушылар белсене қатысады. Түрлі дебат клубтары мен театр үйірмелері ашылды. Мектеп оқушыларының қызығушылығын арттырып, спорттық 11 үйірмеде — 365 оқушы, өнер бағытындағы 10 үйірмеге — 205 оқушы, пәндік 44 үйірмеге – 611 оқушы, жалпы мектеп бойынша үйірме мен спорттық секцияларға – 1110 оқушы тартылды.
«Оқуға деген қызығушылық, кітап арқылы қоршаған әлемді тану мектеп қабырғасынан қалыптасуы керек» деп атап өтті мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектебімізде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды «Буккроссинг» орталығы жұмыс жасайды. Бұл кітап алмасу орталығы. Мақсаты : «Өзің оқып болсаң, басқаларда оқысын, кітапқа екінші өмір сыйла». Шарты: орталықтан кітап алу үшін, орнына кітап әкелу керек. Буккроссинг орталығын жандандыру мақсатында «Кітапқа екінші өмір сыйла» атты акция ұйымдастырылды. Еркін отырып кітап оқу бұрышы «Коворкинг» ұйымдастырылды. Оқушыларға қолайлы жайғасып кітап оқуға жағдай жасалды. «Мектебіңе кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру аясында мектеп кітапханасында 8-сынып оқушылар арасында «Үздік оқырман бенефисі» өткізілді. «Кітапханаға саяхат», «Менің сүйікті кітабым», «Ертегілер еліне саяхат», «Айына бір кітап оқимыз», «Үздік оқырман», «Үзілісте кітап оқимыз» акциясы, «Құпия кітап» кітапханалық ойын, «Менің сүйікті кейіпкерім» сурет салу сайысы, «1 минутта қанша сөз оқисың?», «Дауыстап оқудан чемпионат», «Мерзімді басылым оқимыз!», «Оқушылар әдеби шығармашылығы» атты көрме, «Үздік оқырман — 2023», «Дөңгелек үстел» өткізіліп, «Кітаппен өткен қызықты демалыс күнім», «Оқы және өзгеге ұсын», «Бір сынып — бір кітап» сияқты іс-шаралар және «Менің сүйікті кітабым» атты бейнероликтер байқау өткізілді. Оқырмандардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, тіл байлығын, білім көкжиегін кеңейтті. Оқырмандар өздері оқып танысқан көркем шығарманы өзге оқырмандарға жарнамалап, шеберлікпен насихаттап, оқуға кеңес беріп ұсынды. Оқушылар шығармаларды қызығушылықпен белсенділік таныта отырып оқиды, әртүрлі сайыстарға қызығушылықпен қатысады. Ай соңында әр сыныпқа жеке-жеке композициялық талдау, викториналық ойындар ұйымдастырылып қорытындысы шығарылады. Үздік деп танылған оқушылардың суреттері мектеп дәлізінде «Үздік оқырман» бұрышына қойылып, мақтау қағаздарымен марапатталды. Ұйымдастырылған іс шараның барлығы әлеуметтік желілердегі парақшаларға, мектеп сайтына жарияланып отырылады.
2022-2023 оқу жылы бойынша ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 64,7. Негізгі орта мектепті 106 оқушы аяқтады, оның 6 оқушысы «Үздік» аттестатпен бітірді. Жалпы орта мектепті 32 түлек аяқтады, оның ішінде 5 түлек мектепті «Алтын белгі» белгісімен аяқтаса, 2 түлек «Үздік» аттестатпен бітірді. Түлектердің жартысынан артығы мемлекеттік гранттарға ие болды. Әр оқушының рухани-адамгершілік бейнесі, адамгершілік санасы, құндылық сезімдері мен қасиеттері: гуманизм, ар-ождан, ар-намыс, парыз, сенім, жауапкершілік, серіктестік, мейірімділік, ұят, қағидаттық, мейірімділік, ынтымақтастық, ұлттық келісімнің құндылығы, басқа халықтардың мәдениетін, дәстүрлері мен тілін құрметтеу, өмірге этикалық жауапты көзқарас сияқты құндылықтарды қалыптастырады. Мектеп жұмысының негізгі бағыттарының бірі – отбасылық тәрбие. Мектептегі отбасылық тәрбиенің мақсаты келесі құндылықтарды қалыптастыру болып табылады: неке құндылығы және отбасы мүшелерін құрметтеу, толыққанды отбасын құру үшін денсаулық құндылығы, рухани байлық, туыстары мен жақындарына деген адалдық сезімі, отбасылық дәстүрлер, мұралар мен салт-дәстүрлерді ұқыпты қарау, ана құдыреті, сүйіспеншілік, адалдық, достық – құндылық сезімдері. Отбасылық тәрбиеге байланысты сынып жетекшілер «Ата-анам және мен», «Тәрбие тамыры – халық даналығында», «Балалардың желідегі қауіпсіздігі. «Буллинг және кибербуллинг», «Тәрбиелі бала – ата-ана мерейі», «Отбасында балаларды адамгершілікке тәрбиелеу» тақырыптарында ата-аналардың қатысуымен насихат сабақтарын, тренинг, сауалнамалар, тәжірибе алмасу сияқты түрлі форматта ұйымдастырады.
Мектепте әлеуметтік осал топтағы отбасынан шыққан оқушыларды қолдау жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді. «Қамқор», «Мектепке жол», «Жүректен жүрекке» акциялары жүйелі жүргізіліп отырады. Акция барысында аз қамтылған, көп балалы отбасы балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға, Қазақстан Республикасының Заңнамасында анықталған балалардың өзге де санаттарына әлеуметтік көмек пен қолдау көрсету болғандықтан оқу құралдары, азық-түлік, тұрмыстық заттармен көмек көрсетіледі. Бұл акцияларды ұйымдастыруға мектеп ұжымы, ата-аналар, шағын аудандағы дүкен әкімшілері белсене қатысып келеді. Мектеп оқушыларына мемлекеттік қызмет көрсетіліп, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі балалар, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған отбасы, жалғыз басты аналардың балалары мен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балалары тегін тамақпен, мектеп формасымен қамтамасыз етіледі.
Мектепте әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстарға баса назар аударылды. Бұл орайда мектепте 10 «Жас сарбаз» сыныбында 250 бала білім алуда. Жас сарбаздармен жұмыс үш бағытта жүргізіледі. Олар: «Жас сарбаз», «Жас бүркіт», «Жас құтқарушы». Мектебіміздің жас сарбаздары қалалық, облыстық әскери-патриоттық іс-шаралардың белсенді қатысушылары.
Табысты мектептің жемісін тізбектесем, мектеп облыс көлемінде «Үздік білім беру ұйымы-2023» конкурсының жеңімпазы атанып, облыс әкімінің 25 млн. грантына ие болды. Осы 3 жыл көлемінде білім сапасының 73%-дан 77,3%-ға көтерілуі, мектеп түлектерінің жоғары орындарының білім гранттарын жеңуінің 52%-дан 64%-ға артуы, «Алтын белгі» иегерлерінің мектеп түлектерінен үлесі 10%-дан 16%-ға жетуі, пән олимпиадасы, ғылыми жобалар сайысындағы жүлдегер оқушылардың үлесінің жылма-жыл артуы, мектептегі «Жас сарбаз» сыныптарындағы оқушылардың 150-ден 250-ге дейін көбеюі, мектепте ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған сегіз «Асыл мұра» сыныптарының ашылуы, бірінші, жоғары санатты мұғалімдер санының артуы, мектептің сабақты зерттеу бойынша іс-тәжірибесінің халықаралық конференцияда таратылуы, мектепті басқарудағы іс-тәжірибесінің қалалық, облыстық семинарда таратылуы ізденіс пен жаңашыл мақсаттарымыздың айқын көрінісі.
Қазіргі уақытта ұстаздардың білімі мен білігі таразыға тартылып, бәсекеге қабілетті іскер мамандардың көшбастайтын уақыты. Табысты мектептің жасампаз жолын құру – әр мектеп басшысының басты мақсаты болса, осындай мектепте қызмет етіп, жаңашыл ұстаз болу бір бақыт. Еңбек жолында кездескен қандай да бір қиындықтар болса да, біздің ұстаздар ұжымының жігерін жасыта алмайды, керісінше жоғары талап пен жауапкершілік жүгі ілгері дамудың келесі баспалдағына жетелейді, әрі нәтижелі еңбекке соны серпін сыйлайтыны айқын.
Кадирова Айгүл Чуленбайқызы
Шығыс Қазақстан облысы
білім басқармасы
Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «№49 жалпы білім беретін мектебі» КММ
1-ші деңгейлі директоры