Ұлылық бастауы – мектеп

Қоғамның даму тарихында жас ұрпақтың білім алуында мектеп пен ұстаз қауымының алар орны ерекше.
Білім саласы – болашақтың тірегі. Жас буынды тәрбиелеуде ежелден ең маңызды міндеттер атқаратыны айқын. Әр ел ертеңі сол халықтың тарих көшіндегі білім, ғылым деңгейімен тығыз байланысты.

 

Егеменді елдің өткен жолын саралап, жетістікті даралап, келешектің кемел жолына тұтқа болар болашақ ұрпақтың тәрбиесін қалыптастыру мектеп борышы. Әрбір мемлекеттің болашағы мектебінде шыңдалады. Ел тізгінін ұстар жас – бүгінгі мектеп оқушылары. Бүгінгі шәкірт – ертеңіміздің тірегі, келешектің келбеті. Алматы қаласы, Наурызбай ауданындағы С.Көпбаев атындағы №186 жалпы білім беретін мектептің аз-кем тарихына тоқтала кеткенді жөн санаймын.
1937 жылы іргесі көтеріліп, тәрбие ісінде көп жылдық тарих жүгін арқалап, мектептің білім шыңына көтерілуі ел жетістігі. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, игі бастамалар, оңды бағдарламалар негізінде ауқымды білім ордасына айналуы айтарлықтай тарихи жол. 1961 жылы білім ошағына №74 орта мектеп статусы берілді. 1977 жылы академик С.Королевтың есімі берілген. Мектепте 1991 жылы тұңғыш қазақ сыныптары ашылды.


1999 жылдың мамыр айында мектепке облыстық білім беру бөлімі басшысы қызметін атқарған, Талғар, Қапшағай, Бағанашылда қазақ мектептерін ашқан, саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім беруге арнаған Сейділдә Көпбаевтың аты берілді.
2002-2003 оқу жылында шағын мектепте С.Көпбаев атындағы мұражай ашылып, мектеп тарихына келелі өзгерістермен толысты. 2008 жылы «100 мемлекет – 100 аурухана» бағдарламасына орай жаңаша үлгідегі мектеппен толықтырылды. Елімізде болып жатқан әлеуметтік және экономикалық өзгерістер оқу жүйесіндегі білім дағдысын жетілдіріп, білім мен біліктілік жолындағы өскелең істерге құрмет молайды.
Бүгінде 53 сыныптан тұратын білім ошағында 43 оқу кабиниетінде 1240 оқушы білім алып отыр. 41 оқу кабинеті педагогикалық технологияны оқытудың мақсаты-мазмұны мен әдістердің айқын шараларын жетілдіруде.


Ұжымда еңбек ететін ұстаз қауымының сандық қана емес, сапалық жағынан да өзгерістері жеткілікті. 105 ұстаздың барлығы жоғары білімді, өз істерінің нағыз маманы. Олардың жоғары санаттысы – 6, педагог-зерттеуші – 16, бірінші санатта – 3, педагог – сарапшы – 14, екінші санатта – 7, педагог – модератор – 20, педагог – 39. «Ы.Алтынсарин» төсбелгі иегері – 2, ҚР Білім беру ісінің үздігі – 2, ҚР Білім беру және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасының иегерлері – 7, ҚР Білім беру және ғылым министрлігінің Алғыс хаты иегері – 9, «Б.Момышұлы» төсбелгі иегері – 1, Отан патриоты төсбелгі иегері – 1, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» төсбелгі иелері – 2, «Ана жүрегі» төсбелгі иегері – 3.
«Ұстаз – ұлағатты ұғым. Жүрекке жақын. Өз уақытын емес, өзгенің уақытын аялау» деген ойдың нақты айғағы сынды. Мектеп табалдырығын аттаған жас өркеннің бойындағы табиғи қабілетті жетілдірудегі үздіксіз еңбек нәтижиесінің нақты көрінісі – ұстаз тағлымы. Шәкіртпен бірге аттаған ізденіс қадамы мен еселі еңбек болмысы. Жылма-жыл дарынды оқушы саны еселеніп, ұрпақ тәрбиесінің биіктеуі мектептің ұстаз қауымының жетістігі, тарих тағылымы.


Осы уақыт аралығында 70-тен аса үздік оқушы, күміс-алтын медаль және «Алтын белгі» иегерлері бітірді. Бұл – ортақ мақсат пен міндеттер біріктірілген ұжым еңбегі.
Жақсы іске әркімнің үлесі болуы керек. Ел еңсесін тіктеп, экономикалық жетістікті нығайтып, тарих шыңына көтерілу өзекті мәселе. Мектеп қабырғасынан ұстаздан тәлім алмаған адам жер бетінде жоқ десең, киелі орда мектеп тарихтың сынына төзіп, шыңына шыңдалғаны заман шындығы. Қандай мамандық иесі болмасын алғашқы білім негізін мектеп баспалдағынан бастайтынын айтсаң, замана көшіндегі Ұлылық бастауы – мектеп. Сондықтан ол тарихтың тарлан тұлғасын шыңдар мәңгілік негізі. Қай кезде де заман ұстазымен мақтанады. Еліміздің егемендігі киелі мектеп шаңырағында ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, білім мен білікті ұштастыру, ақпараттық технологияны тиімді пайдалану, тақырыптық шығармалар, конференциялар ұйымдастыру ісінде жанды қозғалыс өрісі кеңейе түсті.
Білім беру мен білім алу тәсілдері, ХХІ ғасыр жетістігіне орай жаһандану процестері тарих тағылымын жаңартып, білімнің кешенді міндеттері жолға қойылды.
Педагогикалық инновация, пассивті активті оқыту, интерактивті технология «рухани жаңғыру» бағдарламасы мектептің өзін-өзі басқарудағы келелі істерін өзекті орынға қойып отыр. Уақыт талабынан туындап, заман талабына сай үйлесімді оқытудың міндеттері үздіксіз ізденіс пен шығармашылық, педагогикалық теорияның жасампаз нәтижесін қажет етсе, бұл мектептің тарихи өркениетін руханиятты ақпарат ғасырында да алғы шептен көрсетуі тиіс. Мұрат-міндеттердің ең бастысы салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеуде қолға алынып отырған эстетикалық талап талғамын қалыптастырудың басты құралы – кітап. Осы орайда мектептегі оқу кабинеттерімен қоса, арнайы «кітап маған тақтан да қымбат» атты тақырыптық залдың жұмысы, дәстүрлі, ұлттық өрнекті музейдің толықтырылуы тарих қазынасын бағалаудағы келелі жай. Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі. Ал бұл істе жарты ғасырдан артық тарихы бар мектебімізде атқарылған ауқымды істер игі шаралармен жалғасын табары сөзсіз.

 

Раева Гүлжазира Бекенқызы,
Алматы қаласы,
Наурызбай ауданы,
С.Көпбаев атындағы №186 ЖББМ
директоры

ПІКІР ЖАЗУ