ӘДЕБИ АУДАРМА – ДОСТЫҚ ДӘНЕКЕРІ

Достық пен бірлікті нығайту Қазақстан халқы Ассамблеясының ғана міндеті емес. Ол тұтас қоғамның, әрбір азаматтың бұлттартпас борышы. Бұл жүкті қаламгерлер қауымы да көтеруге тиіс. Ендеше, халықтар бірлігіне мен не істей алдым? Менің байқауымша көркем әдебиеттегі аударма жұмысы адам мен адамды, ұлт пен этносты жақындататын рухан көпір болуға тиіс.

 

Мен 1994-жылы Қазақстанға біржолата көшіп келдім. Ол кез өте бір қиын уақыт еді. Мемлекет жаңа ғана тәуелсіздікке қол жеткізіп, бір жүйеден мүлде басқа бір жүйеге ауысып жатқан кез болатын. Кеңестік дәуір кезеңіндегі қалыптасқан дүниенің бәрі тас-талқан болып, жаңа реформалар жасалса да, қоғам өз ырғағына түсе алмай барлық сала шатқаяқтап тұр еді. Мен келгеннен бастап 1997-жылға дейін соның бәрін көре жүріп «Халық кеңесі» газетінде қызмет еттім. Сол 1998-2005 жылдар арасында тірлік қамын күйіттеп, кәсіпкерлікке ден қойдым да базар жағалап кеттім. Ол уақытта менің басымда қандай қиыншылық өткен болса, еліміздің басында да ауыр жағдайлар өтіп жатыр еді. Мен Қазақстанға ең бастысы тәуелсіздік аңсап келген адаммын. Екінші, ұрпағымды ата-баба қонысында, егемен елінде есейіп ержетсін дедім. Үшіншіден, әдеби орта, цензурасыз шығармашылық, еркіндік іздеп келдім. Сондықтан да кәсіпкерліктен ат басын бұрып әдеби ортаға қайтып оралдым. 2005-жылдан бері 15 жыл бойы өзім сүйген қаламгерліктің соңындамын. Жеке жасампаздығым, ижаткарлығым арқылы 8 өлең жинағы, 5 прозалық кітап жаздым. Ол оқырмандар қолына тиді. Ұйғыр, қырғыз, түрік, азербайжан қаламгерлерінен өлең және қарасөзден 10 кітап аударып жарық көруіне себеп болдым. Бұл жерде ұйғыр тілінен аударған еңбектерге тоқталуды жөн көрдім.
1955-1962 жылдарда шығыстағы көрші Қытайдан, сол жердің байырғы тұрғындары қазақтар мен ұйғырлар аударыла көшіп келіп Қазақстанға қоныстанды. Сол 8 жылдай уақытта қазақтың көптеген қаламгер талантты зиялылары келіп әдебиетке араласты. Ежелден төсекте басы, төскейде малы қосылған, егіншілігі мен мал шаруашылығы бірін-бірі толықтаған екі ұлт тығыз қарым-қатынаста болды. Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абайы», Сәбит Мұқановтың «Шоқаны», Ғабит Мүсіреповтың «Кездеспей кеткен бір бейнесі» ұйғыр тілінде сөйледі. Сол сәттің өзінде шығыстағы «отаннан» келген көптеген ұйғыр тілін жеттік білетін жазушылардың арасынан аудармаға ден қойғандары да көп болды. Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов жазушы Жамал Босақовтың екі томдық «дүрбелеңін» аударды. Нұрқасым Қазыбеков Ахметжан Аширидің «Нұр анасын» аударды. Онан өзге Төлеубек Жақыпбаев, Дидахмет Әшімханов, Жанат Ахмадиев, Құрманбай Толыбаев, Уақап Қыдырханов, Қажытай Ілиясов секілді қаламгерлер ұйғыр тілінен көптеген авторлардың шығармаларын аударып бастырды. Ол қалың қазақ оқырмандарына жетіп көппен жүздесті. 1965-2005 жылдар арасындағы 40 жылда екі халықтың әдебиетін алдыңғы буын ағаларымыз жалғады. Олар әдебиет арқылы екі халықтың достығына теңдессіз үлес қосып келді. Тіпті, жазушы Кемел Тоқаев ұйғыр өмірінен «Соңғы соққы» деген повест жазды. Бұл алғашқы толқын аға буын қаламгерлердің еткен еңбегі еді.
Мен 2005-жылы Қазақстан Жазушылар одағында шығатын «Әдебиет айдыны» газетінде қызмет еттім. Сол кезде Ұйғыр әдебиеті кеңесінің бастығы жазушы Шайым Шаваев болатын. Ол кісінің өтінішімен «Хезим Искәндіров», «Хизмәт Абдуллин» секілді екі мақаласын аударып «Әдебиет айдынына» бастырдым. Кейін оның «Аманат» деген көлемді әңгімесін аударып, оны «Жұлдыз» журналына шығарттым. Осылайша Шайым аканың шабыттандыруында әдеби аудармаға ресми кірістім деуге болады. Мен осылайша тәуелсіздік кезеңіндегі жаңа жас буын ретінде ұйғыр мен қазақ әдеби байланысына қызмет еттім.
Кейін Шайым Шаваев аға денсаулығына байланысты қызметтен алыстады. Сол кезде ауылда он жыл тұрып «Идиқұт» романын жазып келген Ахметжан Аширимен таныстым. Ол кісіні бастығым Талаптан Ахметжан аға таныстырған болатын. Жазушы-драматург А.Аширидің өмірі және шығармашылығынан хабар ала отырып, терең сұхбаттасып оны «Әдебиет айдынына» жариялаттым. Осылайынша Ахметжан аканың ондаған мақаласын аудардым. Онан ары ілгерілеп, «Идиқұт» пьессасын, «Жалғыз жалбызды», «Шарбақ» секілді пьессаларын қазақшаға тәржімаладым. Артынан «Ділі зия» эссе романын аудардым, ол толық басылып шықты. Қазақстандық бір кәсіпкердің өсу жолын суреттеген керемет романды қазақ тілінде сөйлеттім. Осындай әдеби аударма жұмыстардан кейін бұл жаңалықты ұйғыр қаламгерлері де толық түсіне бастады.
Ұйғыр әдебиетіне дендеп кіріп, Аувыт Масимовтың әңгіме-повестерін аудардым. Ол «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдызда» басылды. Патигул Мәхсәтрваның «Өзіңе сенемін» деген Елбасына арнаған өлеңдер жинағын аудардым. Онан кейін Дүрнәм Мәширова ханымның «Ана мирасы» атты көлемді романын аударып, ұйғыр халқының этнограпиясын, тұрмыс-салтын, шынайы өмірін таныдым.
Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұйғыр этно-мәдени орталығының бастығы, көрнекті қоғам қайраткері, публицист жазушы Шаһимардан Нурумовтың эсселер мен публистикалық кітабын қазақшаға аудардым. Кітап болып басылып шықты. Онда Кеңестер одағы, Қытай, Сауд Арабиясы, Түркия сөз болып ұйғыр ұлтының тіршілігімен байланыстыра жазыпты. Өзгеде әлемдік мәселелер жан-жақты зерттеліп оқырмандарға таңғажайып қызықты деректер беріледі.
Ақын Мәсумжан Зулфықаровтың өлеңдерін, Абдумижит Дөләтовтың шығармашылығы туралы жазылған Патигул Мәхсәтованың көлемді зерттеу мақаласын, А.Дөләтовтың өлеңдерін, Тельман Нурахуновтың мақалаларын, Акрам Ахметовтың «Махмуд Қашқари» және «Мұғалім» деген екі пьессасын, ұйғыр балалар әдебиетінің өлеңдерін қазақ тіліне аудардым.
Осы аудармалар арқылы өз басым бұрынғы тілдік жақтан білетіндеріме қоса, ұйғыр әдебиетімен терең таныса бастадым. Қазақ оқырмандарына бар ыждағатыммен таныстырдым. Осылайша екі халықтың арасында әдеби көпірлік рөлімді атқарып, дәнекерлік қызмет еттім. Міне бұл қысқаша шолу, ұйғыр әдебиетінің қазақ арасына жету ахуалы деуге болады. Осы қызметтер арқылы, аударманың әсерімен екі халық бірін-бірі жақыннан танып, рухани туысқандығы артта түсті деуге болады. Міне, сондықтан да, әдеби аударма – достықтың дәнекері деп айта аламыз.

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын,
аудармашы, ҚЖО-ның мүшесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *