Уақытты басқар

Уақыт – адам баласына берілген баға жетпес құндылық деп айтсам да болады. Қазіргі таңда көпшілігіміз уақытты дұрыс пайдалана алмай жүрген жайымыз бар. Тіптен таңның атысын, кештің батысын білмей қаламыз. Сол себепті де әр күнімізді жоспарлап пайдалы заттарға жұмсағанымыз абзал, мәселен, кітап оқуға, түрлі үйірмелерге қатысып білімімізді шыңдасақ жөн болар еді. Менің атам айтушы еді: «Балам, әрқашанда уақытыңның қадірін біл, әр сәтіңді бағала, ал уақытың қайта оралмайды. Пайдасыз заттан гөрі пайдалы жаққа көп көңіл бөл»,-деп. Атаның осындай тәрбиесін алып өстім. Эх… Менде арман жоқ шығар. Ауызы дуалы жандардың сөзінің жаны бар. Әжемнің де айтқан бір сөзін тілге тиек етпесем болмас. «От бол немесе жоқ бол»,-дейтін. Бұрындары осы сөздің төркінін түсінбеуші едім. Енді ғана сөздерін ұғынғандаймын. Осындай кеңестерді, жүрекке селт еткізер әңгімелерді естіген сайын өзіме шабыт ала бастаймын. Атам мен апамның ақылдарынан кейін уақытымды тиімді пайдаланып, өзімді түбегейлі өзгерттім десем болады. Өз уақытымды дұрыс жағынан пайдаланып, күніне 100 беттен кітап оқуды әдетке айналдыруым. Кітап оқудың пайдасы өте зор. Атам кішкентайымнан миыма сіңіріп отырушы еді. «Білімді адам, тұлға болып қалыптасу үшін кітапты оқып бітіру маңызды емес, оны түсініп, әр тақырып не туралы екеніне назар аудару маңызды»,- деуші еді. Сол айтқандарымен қазіргі кезде өмір сүріп келе жатырмын десем артық айтқандық емес.
Уақыт турасында сөз қозғаған кезде тек қана оның қандай өлшеммен өлшенетінін айтумен ғана шектелеміз. Бір сағаттан соң не болады немесе бес минуттан кейін не істеу керек деген секілді, белгілі бір өлшемнің аясын ғана сөз етеміз. Адамзат әрқашанда уақытпен, оның ағысымен, өлшемімен және оның ғылыми сипаттарымен үнемі байланыста болатындығымыз соншалық, уақыт ішінде саяхаттауды армандаймыз, уақыттың салыстырмалы өлшем екендігі және оның бағыты жайлы сөз етеміз.
Уақытқа қатысты көптеген теоремалар мен концепциялар бар, сонымен қатар, дін де, философия да уақытты зерттейді. Уақыт экономикалық құндылыққа да ие, сол себепті «уақыт алтыннан да қымбат» деп бекер айтылмаған. Уақыт әлеуметтік және жеке маңызға ие. Біз өз өміріміздегі істерді жүзеге асыру үшін уақытымызды тиімді пайдаланғанымыз жөн.

Мақпал ЖІГЕР

ПІКІР ЖАЗУ