Спандияр Көбеев шығармалары

Түскі тамақ пен кешкі тамақ

Бала түске дейін үйде бос отырды. Түскі асты ішетін уақытта шешесі ет пен сорпа әкелді, бала сорпаны татып көрді де: «Бүгін сорпа дәмсіз екен», — деді. Шешесі айтты: «Бұл дәмсіз болса, кешке дәмді сорпа пісіріп берермін», — деп. Түскі тамақтан соң әкесі шөп тасыды. Баласы аттың басына мініп, шөптің төбесіне шығып, бек шаршап кешке үйіне келді. Кешкі тамаққа түстен қалған сорпаны, нанды дастарқанның үстіне қойды. Баласы сорпаны татып байқады да, айтты: «Түстегі сорпадан мына сорпа дәмдірек», — деп.
Сонда шешесі айтты: «Бұл түстегі сорпаның қалғаны еді, саған бұл сорпаның дәмді болғаны — сен түстен кейін жұмыс қылып, бек шаршадың. Таңертең ешбір жұмыссыз үйде тек отырған соң, ас саған дәмсіз көрінді», — деп.

 

Өсиет

Әкесі өлерінің алдында баласына өсиет айтты: «Жақсы жүр, ешкімге жалынба, бөтен біреу саған жалынатын болсын. Және де ішкен тамағың тәтті көрінетін болсын, сонда бай боларсың», — деді. Әкесі дүниеден қайтты. Баласы әкесі айтқан қалыпша ешкімге жалынбай, жақсы тамақ ішіп, жақсы киім киіп жүрді. Бірақ кедей бола берді. Бір күні ол әкесімен бірге туған ағасына барып, әкесінің айтып кеткен өсиетін айтты. Сонда ағасы оған айтты: «Сен әкеңнің айтқан өсиетін түсінбеген екенсің, — деп. — Сен жұмысқа ерте шық, сонда сен біреуге жалынбайсың, саған біреу жалынады, жұмыстан кеш қайт, сонда саған ішкен тамағың тәтті көрінеді, әм бай боласың».
Сонда баласы әкесінің айтқан өсиетіне түсініп, орнына келтіріп, жақсы тұра бастады.

 

Қаз

Бір қаз өзенде жүзіп жүріп, өзіне-өзі айтты: «Қалай мен ғажап құспын, жерде жүремін, суда жүземін, ауада ұшамын: мендей құс бар ма екен», — деп. Бұл кеңесті әтеш естіп, оған айтты: «Бекер сен мақтанасың — сен аттай жүгіре алмайсың, балықтай жүзе алмайсың, бүркіттей ұша алмайсың, әр істің басын шатып жаман білгенше, бір істі тәуір білген жақсы емес пе?»

 

Аю мен бөрене

Қалың орманды аралап келе жатқан бір аю бал омартасына кез болды. Ағаш басындағы бал омартасына тамсанып, аузынан сілекейі шұбырып, оны жегісі келіпті. Аю ағаш басына өрмелеп, ұяға жақындағанда ілініп тұрған ауыр бөрене оған кедергі жасапты. Балға ұмтылған аю бөренені итеріп жіберді. Ары серпілген ауыр бөрене өз салмағымен қайта оралғанда, аюдың басына сарт ете қалады. Қара күшке сенген ожар аю ашуланып, бөренені одан бетер қатты итереді. Өз салмағымен қайта оралған бөрене аюдың басына тағы сарт етеді. Аюдың құлағы шыңылдап, басы айналады. Бұған ызаланған аю күшімен бөренені үшінші рет итеріп жібергенде, қайта оралған бөрене аюдың басын қақ айырып, ағаштан ұшырып түсіріпті.

ПІКІР ЖАЗУ