Мирас пен Құралай

Жұртшылыққа  танымал  Мирас пен Құралай дуэті қазіргі қазақ эстрадасының жұлдызына айналды. Мирас — Ақтөбенің шаңына аунап өскен бала болса, Құралай — Шығыстың ерке аруы. Екеуін табыстырған Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерватория еді. Сәті түсіп, өнерлі шаңырақтың отағасы Мирас Бекжановпен кездесіп, олардың шығармашылығы жайлы тілдескен едік.

— Аға, жуырда жеке мектеп ашқандарыңызды білдік. Құтты болсын! Онда дарынды ұландардың қанатын өнерге қағуға баулисыздар ма? Әлде табыс көзінің бірі ме?
— Мектеп ашсақ деген ойымыз бұрыннан бар еді. Алайда әрі-бері шапқылауымыз көп, гастрольдік іс-сапар, концерттік бағдарламалардан қолымыз тие бермеді. Оның үстіне, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында дәріс оқимыз. Соған қарамастан, «Балаларымызға кәсіби түрде ән айтуды үйретіңізші» деген ұсыныстар көп. Тіпті, Нұрлан есімді азамат өтініш білдіріп, баласы Бекнұрды жетектеп келгенде, не істерімізді білмей, абдырап қалдық. Ақыры, сол кісінің көңілін қимай, бұл істі қолға алуға тура келді. Бір баламен бастап едік, тіпті күн сайын хабарласушылар саны да артып кетті. Концертмейстеріміз бар. Біз гастрольдік сапарға шығып кеткенде, орнымызды жоқтатпай, балалармен жұмысты жалғастырады.

— Бастамаға етжақын ата-анаңыздан, бауырларыңыздан басқа қолдау көрсеткен жандар болды ма?
— Шынын айту керек, Құралай екеуміздің Алматыға көшіп келу деген ойымызда да болған жоқ. Ақтөбе қаласындағы Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік филармонияда, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде ұстаздық етіп жүрдік. Классикалық әнші ретінде оркестрде және хорда ән салдық. Аракідік эстрадалық бағытта ән шырқап, тойларға да шығып тұрдық. Осыдан кейін Алматыдан келетін танымал әншілермен байланыс орната бастадық. «Нұр-Мұқасан» тобындағы Мұқасан, «Неге өнердің ордасы – Алматыға көшіп келмейсіңдер?» деп қолқалап қоймайтын. Ақыры, Алматыда тұруға бел байладық. Бірақ, біржолата алматылық боламыз деп шешім қабылдаған жоқпыз. Мұқасан бізді Бағлан Омаровтай білікті продюсермен таныстырды. Ол кісі әнімізді кәсіби тұрғыдан өңдеуге қол ұшын берді. Ата-анам, бауырларым Ақтөбеде қалғандықтан, артыма алаңдаумен күй кештім. Ол кісілер бізге жанашырлық танытып, осында қоныс аударды.
— Адам баласының басынан небір қызық жайттар өтеді…
— Әрине. Ақтөбе қаласындағы Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік филармония оркестрінің дирижері Қайырғали Қожанбаев еліміздің бірқатар өңірін аралап, шығармашылық концерт өткізді. Ағамыздың туған елі Атырау қаласына қарасты кішкентай ғана ауыл екен. Біз концерт қоятын Мәдениет үйі өте шағын болғандықтан, оркестр құрамы түгелімен сахнаға сыймай, әншілер іріктеліп алынды. Кіп-кішкентай сахнада зор дауыспен ән шырқау қиынға соқты. Себебі, залға көз тастасам, көрермендер құдды бір мұрнымның астында тұрғандай көрінді. «Қазақстан – елдің аты» деп бар дауысыммен шырқай жөнелдім. Көзімді төмен салсам, алғашқы қатарда отырған Құралай мен Марат деген досым, «мынау сонша Республика сарайында ән салып тұрғандай беріліп кетіпті ғой» деп бір-біріне сыбырлап жатыр екен. Бірақ күлкіге ерік бермей, өз-өзімді ұстауға тырыстым. Әнді «Қааа-ззаа-қсссттаанн» созып айтқаным сол еді, көзімнен жас парлай жөнелді. Ақырында шыдай алмаған соң, көрерменнен кешірім сұрап, сахнаны тастап, шығып кеттім. Сол сәтте көрерменнен де, Қайырғали ағадан да қатты ыңғайсыздандым. Сөйтсем, жиылған жұрттың бәрі мені «әнге қатты беріліп кеткендіктен жылап жіберді» деп ойлапты.
— Балаларыңыздың неге икемі бар? Олар микрофон ұстап, сахнаға шығуға ыңғай танытпайды ма?
— Үшеуінің де шығармашылыққа жақындығы бар. Бірақ Шын мәнінде, әнші болу соншалықты оңай емес. Ылғи жолда жүресің, үнемі қарбалас, түрлі адамдармен кездесу. Сол себепті, қазірдің өзінде балаларымыз біздің орнымызды басқанына қарсылық танытып, Құралай екеуміз «әнші болмаңдар, басқа саланы таңдаңдар» деп құлақтарына құйып жатырмыз.
— Сұхбатыңызға көп рахмет!
Сұқбатты жүргізген:
Адина ЕРКАРАЕВА

ПІКІР ЖАЗУ