Абай мұрасын ұлықтаған дарынды өрендер!

Жамбыл облысы, Талас ауданы, Есейхан ауылы, «Қаратау» орта мектебінің оқушылары Абай оқулары халықаралық байқауында екі оқушы да бас жүлдені жеңіп алды.  Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттау және өсіп келе жатқан жас ұрпақтың көркемсөз өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Абай оқулары-2026» халықаралық байқауының «Көркемсөз» аталымы бойынша мәнерлеп оқу бағытында Қаратау орта мектебінен екі оқушы бағын сынады:   ​Жолшыбек Жанболат Ержанұлы (11 жас) — Абайдың «Әзім әңгімесі» дастанын шебер орындап, өз жас ерекшелігі арасында  жоғары дайындығын көрсетті.  Ал, ​Сәттұрсын Алдияр (14 жас) — Абайдың «Сегіз аяқ» шығармасын асқан шеберлікпен, әуезді де мәнерлі жеткізіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.   ​Әділқазылар алқасы “Ақсұңқар”  орталығының басшысы  актер Алихан Алайдарұлы  және Астана қалалық музыкалық жас көрермен театрының дубляж әртісі Ғабит Сейдахмет  пен Республикалық «Педагогикалық идея — 2023» байқауының жеңімпазы, оратор-ұстаз  Боранбай Қажығали    қатысушы оқушылардың  дауыс ырғағын, мәнерлеп оқу шеберлігін, шығарманың көркемдік мазмұнын аша білуін және сөз саптау мәдениетін әділ әрі жан-жақты бағалады. Тартысты өткен байқау қорытындысы бойынша «Қаратау» орта мектебінің өнерлі оқушылары жеңіс тұғырынан көрініп, байқаудың ең жоғарғы марапаты — Гран-при (Бас жүлде) иегері атанды.  Дарынды өрендердің бұл үлкен жеңіске жетуіне олардың жетекшісі — Бүрлібаева Ақбаян Шілдебайқызының еңбегі зор. Шәкірттерін Абай әлеміне терең бойлатып, көркемсөз өнеріне баулыған ұстаздың еңбегі акталды. Мектеп  директоры  Таженова Шолпан Сатыбалдықызы мен ұжымы жеңімпаздарды және олардың жетекшісін үлкен жетістіктерімен құттықтайды.  Абайдың асыл сөзін жүрегіне тұмар еткен жас дарындардың алдағы алар асулары мен бағындырар биіктері көп болғай!

Ақбаян Бүрлібаева,

Жамбыл облысы , Талас ауданы,

Есейхан ауылы, “Қаратау” орта мектебінің тәлімгері

 

 

Табылды Досымовқа   (Элегия)

 

Сезіндім көке…

Сендегі сұмдық серпінді,

Жаныңда өте, жанған бір ыстық өртіңді.

Өзімнің бөтен ойымнан шырмау шыға алмай,

Өмірдің төте жолы боп өлім көрінді…

 

Қиырдан қинап, сүйрейсің мені Батысқа,

Ауылды тастап кетемін қалай алысқа?

Алматыдан да бейнеңді көрем мен көке,

Ал ана таулар, көк майса баулар таныс па?

 

Дендерден көрем, кең жерден көрем сұлбаңды,

Сонан соң сосын көңілім сонда ұрланды…

Сен кеттің қара тамұққа еніп, оянбай,

Ал халық сенің, саз-әндеріңнен құр қалды…

 

Тағы да көсші шақшаңнан көке, тағы да,

Қайтеміз енді, тағдырға жүрміз бағына.

Керемет күтіп жатсың ба көке, жер құшып?

Халқың жүр сенің қоңыр даусыңды сағына…

 

Ұғамын көке өлімді өршіл, өрескел,

Үмітін үзді жаңа әннен көке, көмескі ел…

Тым ерте кеттің неге сен көке, пәтшағар,

«Жас ақын саған, батамды бердім» деместен?

 

Жамбыл облысы, Талас ауданы, Есейхан ауылы , “Қаратау” орта мектебі

Сәттұрсын Алдияр

 

«Тәлімгер – бала жүрегіне жол табар тұлға»

 

«Тәлімгер – бала жүрегіне жол табар тұлға» тақырыбында  Балалар мен жасөспірімдер орталығында 28 мектептің тәлімгерлерінің қатысуымен «Тәлімгерлер кеңесі» ұйымдастырылды. Кездесудің негізгі мақсаты – тәлімгерлер арасында өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау, бала психологиясын тереңірек түсіну, оқушылармен тиімді қарым-қатынас орнату және «Жас Ұлан», «Жас Қыран» ұйымдарының жұмысын жандандыруға бағытталған жаңа идеялармен бөлісу. Іс-шара барысында тәлімгерлерге арналған психологиялық және қызықты тренингтер өткізіліп, түрлі интерактивті тапсырмалар ұйымдастырылды. Қатысушылар белсенділік танытып, өзара пікір алмасып, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Тренингтер тәлімгерлердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға, ұжымдық жұмыс дағдыларын жетілдіруге және оқушылармен қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етті. Кездесу барысында оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту, олардың бастамаларын қолдау, мектептегі өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысын жетілдіру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Тәлімгер – тек бағыт көрсетуші ғана емес, ол – балаға сенім сыйлайтын, арманын қолдайтын, болашағына жол ашатын тұлға. Сондықтан тәлімгерлердің өзара тәжірибе алмасуы мен үздіксіз ізденісі жас ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Осындай тағылымды кездесулер тәлімгерлердің кәсіби дамуына серпін беріп, оқушылардың бойында ұлттық құндылықтарды, отансүйгіштікті, жауапкершілікті және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға жол ашады.

Ақбаян Бүрлібаева, Жамбыл облысы , Талас ауданы,

Есейхан ауылы, “Қаратау” орта мектебінің тәлімгері

 

 

 

 

ПІКІР ЖАЗУ