«Qyzyl Book Art: Дала қазынасы» республикалық байқауы мәресіне жетті


Қазақстанның барлық өңірінен 1 180-нен астам оқушы қатысқан «Qyzyl Book Art: Дала қазынасы» республикалық байқауы табиғи мұраны өнер арқылы танытуға бағытталды. Жас суретшілер Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар мен өсімдіктерді бейнелеп, табиғатты қорғау тақырыбын шығармашылық тұрғыда жеткізді. Байқау Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізілді. Қатысушылар «Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар» және «Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктер» бағыттары бойынша, 1–4, 5–8 және 9–12 сыныптар арасында бақ сынады.

Қазылар алқасының шешімімен 18 жеңімпаз анықталып, «Үздік экологиялық үндеу», «Үздік көркемдік шешім», «Үздік цифрлық туынды» және «Ең жас талант» атты төрт арнайы номинация бойынша жеңімпаздар марапатталды. Бұдан бөлек, «Халық таңдауы» номинациясының жеңімпазы 2026 жылғы 19 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өткен ашық онлайн дауыс беру арқылы анықталды. Ең көп дауыс жинаған Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Мәди Оспан жеңімпаз атанды.
Ерлан Каналимов facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/1F6FfVXkeg/
