Астанада «Адал азамат» бағдарламасы аясындағы тәрбие жұмысы күшейтілді

Елордадағы білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында білім алушылардың бойында құндылықтарды дәріптеу, заңды құрметтеу, адал еңбек ету, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға басымдық берілуде.

Тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының біріне «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» нарративтері айналды. Бұл бағыттар балалар мен жастардың құқықтық және экологиялық мәдениетін арттыруға, қоғамдық жауапкершілігін қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Қалалық прокуратура, полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, 250 мыңнан астам оқушы мен студентті қамтыған 3000-ға жуық ауқымды іс-шара өткізілді. Кездесулер мен профилактикалық шаралар барысында құқықтық сауаттылық, қауіпсіздік, буллингтің алдын алу, қаржылық сауаттылық және заң талаптарын сақтау мәселелері кеңінен түсіндірілді.

Сонымен қатар құқықтық мәдениетті қалыптастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар жобалар іске асырылды. Олардың қатарында «Болашақ прокурорлар клубы», «Әділет мектебі», «QarzhySkill», «DosbolLIKE» және «STOP буллинг» жобалары бар. Бұл бастамалар балалардың құқықтары мен міндеттерін білуіне, түрлі тәуекелдердің алдын алуға және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауына бағытталған.

Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 1300-ден астам кеңес отырысы ұйымдастырылып, отбасыларды қолдауға бағытталған 300-ден астам іс-шара өткізілді. Алдын алу жұмыстары білім беру ұйымдары, ата-аналар және тиісті мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік берді.

Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық деңгейі 32%-ға төмендеп, қалалық есепте тұрған оқушылар саны 23%-ға азайды. Бұл көрсеткіштер профилактикалық жұмыстың нәтижелілігін және балалармен ерте кезеңде жұмыс істеудің маңызын көрсетеді.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да жалғасын тапты. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында елордада «Әке – үлгі, әке – тәлімгер», «ҚамқорBOL» және «Көктемгі мейірімділік» іс-шаралары ұйымдастырылды. Аталған бастамаларға 232 мың бала мен 4 мыңнан астам әке қатысты.

Осылайша, елордадағы тәрбие жұмысы білім алушылардың тек білім сапасын арттырумен шектелмей, олардың құқықтық сауаттылығын, қоғамдық жауапкершілігін, еңбекқорлығын, экологиялық мәдениетін және азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталып отыр.

ПІКІР ЖАЗУ