“Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл”

Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл азаматтық қоғам институты Қазақстанның саяси жүйесінің маңызды бөлшегі болып табылады. Ол барлық этностардың мүдделерін топтастырып, азаматтарды ұлтына бөлмей, құқықтары мен бостандықтарының мінсіз сақталуын қамтамасыз етеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылдың 1 наурызында құрылды. 2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты. Ассамблея құрылымдық жағынан Ассамблея сессияларынан, Ассамблея кеңесі мен Хатшылығынан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ассамблеяларынан тұрады. Ассамблея сессиясы (Ассамблея мүшелерінің жиналысы) – оның жоғары басшылық органы. Сессияны Қазақстан Республикасының Президенті қажеттілікке қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады. Сессиялар аралығындағы кезеңде Ассамблеяны басқаруды Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады. Кеңеске республикалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер, облыс әкімдері енеді. Ассамблея Төрағасының этномәдени бiрлестiктерден тағайындалатын орынбасарлары алмастыру тәртiбiмен Кеңестiң ұсынымының негiзiнде ҚР Президентiнiң өкiмiмен тағайындалады.

Ассамблеяның жұмыс органы Ассамблея Хатшылығы Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымында дербес құрылымдық бөлiм болып табылады. Хатшылықты бiр мезгiлде Ассамблея Төрағасының орынбасары болып табылатын Хатшылық меңгерушiсi басқарады. Осы тетіктер Ассамблеяның мемлекеттік басқару мен қоғамдық қатынастардағы нақты әрекет етуі мен тиімділігінің негізі.

Ассамблеяның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ассамблеяларының құрамы Қазақстан Республикасы азаматтарын — этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерін, мемлекеттік органдар өкілдерін және қоғамда өзіндік орны, абырой-беделі бар тұлғаларды қамтиды.

Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі оның еліміздің жоғары заң шығару органында — Парламентте этностық топтар мүдделерінің кепілді өкілдік етуін қамтамасыз етуі болып табылады.

Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді. Бұдан басқа қазақстандық этностық қоғамдастық өкілдері Парламенттегі өкілдігі өкілді органдарға саяси партиялар арқылы сайлауға тікелей қатысу негізінде жүзеге асырылады.

Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді

Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысы өтті. «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбымен ұйымдастырылған бұл ауқымды шара елдегі этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтудағы маңызды кезең болып саналады.

Сессия жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚР Парламентінің депутаттары, еліміздің барлық өңірлерінен келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардың, діни бірлестіктердің басшылары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сессияда тәуелсіз Қазақстанның үш онжылдықтағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты, этносаралық татулықты сақтау және дамыту жолындағы жетістіктері мен тәжірибесі кеңінен талқыланып жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін нығайтудағы рөліне ерекше көңіл бөлінді. Ассамблеяның бастамаларымен жүзеге асырылған әлеуметтік, мәдени, білім беру және қоғамдық жобалар сессия аясында атап өтіледі. Сессия жұмысына шамамен 1600-ден астам адам қатысты.  Аталмыш сессияда институттың атқарған істері мен алдағы жоспары талқыға салынды.

Президент бұл күннің еліміз үшін маңызды екеніне тоқталды. 

«Бүгінгі басқосудың тарихи мән-маңызы айрықша. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Баршаңызға құтты болсын!

Бұл – бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты.

Ассамблея тарихы еліміздің егемендік жылнамасымен тығыз астасып жатыр. Ұйым 1995 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын білесіздер. Бұл бастама қазақ мемлекеттілігі қалыптасып жатқан қиын кезеңде терең саяси мәнге ие болды. Консультативтік-кеңестік орган ретінде жасақталған Ассамблеяға 2007 жылы конституциялық мәртебе берілді. Ұйым жалпыұлттық бірліктің негізгі моделіне айналды.

Елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілді. Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайды. Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттырды. Оған қоса, Қазақстан парламентаризмі тарихында алғаш рет «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылды. Бұл топ қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысады. Қазір мемлекеттік органдар түгел Ассамблея жұмысына атсалысады. Министрліктерден, облыс әкімдіктері мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан бастап ауыл әкімдіктеріне дейін одан шет қалмайды».

Ассамблея қоғамдық ұйымдармен және институттармен тығыз байланыста жұмыс істеп, еліміздің ішкі саясатын жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді.

«Осылайша, мемлекет пен қоғам арасында сындарлы әрі жемісті диалог орнатуға ықпал етуде. Қазақстан халқы Ассамблеясының 12 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында табысты еңбек етіп, елдік бастамаларға өз үлесін қосып жатыр.

Ассамблея сессиясы жыл сайын өтеді. Онда қабылданған шешімдерді мемлекеттік органдар міндетті түрде ескеруге тиіс. Сессиялар аралығындағы жұмысты Ассамблея кеңесі атқарады. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер мен әкімдер кіреді.

ҚХА Хатшылығы Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімі саналады. Барлық өңірде Достық үйі бар. Онда мыңнан астам этномәдени бірлестіктер орналасқан. Сондай-ақ облыс әкімдіктерінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрылды. Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың мақсаты – бір, бұл – азаматтарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру. Мысалы, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі отбасы институтын нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысып, ауқымды жұмыс жүргізуде».

ҚХА этносаралық түсініспеушіліктердің алдын алуда маңызды рөл атқаратын этномедиция институтына айналған.

«Бүгін әріптесіміз Ахмед Мурадов және басқа да Ассамблея мүшелері ҚХА ардагерлерінің «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді түрде қатысатынын айтты. Мұндай жұмыстар ұлтымыздың жаңа болмысын қалыптастыруда Ассамблеяның әлеуетін кеңінен қолдануға мүмкіндік беретініне сенімдімін.

«Ассамблея жастары» ұйымы мен оның құрамындағы Студенттік Ассамблея, Жас ғалымдар клубы, «Жаңа толқын» жобасы сияқты құрылымдар мыңдаған жастарымыз үшін нағыз бірлік пен ынтымақ, отаншылдық пен азаматтық жауапкершілік мектебіне айналды. Осы қозғалыстардың әрқайсысы елімізде жаңа қоғамдық этиканы орнықтырып, «Адал азамат» қағидатын насихаттауға елеулі үлес қосып жатыр.

Соңғы уақытта Ассамблея қызметіндегі сарапшылық құрамның сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Ғылыми-сарапшылар кеңесі мен 42 Ассамблея кафедрасы ұлт құрылымы мен этносаралық қарым-қатынастар үдерісін зерттейтін 360-тан астам сарапшыны біріктіріп отыр».

ҚХА мүшелері күн сайын көзге көрінбейтін, бірден нәтиже бермейтін, алайда ұзақ мерзімді, стратегиялық тұрғыдан тиімді, ауқымды жұмыс жүргізеді. Өткен жылдың өзінде Ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Оған 1 миллионға жуық адам қатысты.

«Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде азаматтарымыз зардап шеккен жандарға көмек қолын созып, ырысты ынтымақ пен бірліктің тамаша үлгісін көрсетті. Ассамблеяның «Жүректен жүрекке» жобасы аясында 12 мыңнан астам ерікті ортақ іске жұмыла кірісті. Олар гуманитарлық көмек пен жылу жинады. Қираған үйлерді қалпына келтіруге атсалысты. Жалпы, ел бірлігін нығайту ісінің стратегиялық маңызы ерекше. Соның айқын дәлелі ретінде Ассамблеяның «Ел бірлігі» ордені атты жаңа мемлекеттік награда тағайындалды. «Бірлік» ұғымы қазіргі дүние жүзіндегі тұрақсыз жағдайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе, біздің айналамыздағы кейбір елдерде не болып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан шын мәнінде, «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат».

Ассамблея қоғамда кәсібилік және еңбекқорлық құндылықтарын дәріптеуге белсене атсалысып келеді.

«Александр Папп Ассамблеяның Жұмысшы мамандықтары жылын өткізуге белсене кіріскенін атап өтті. Өткен жылы Еңбек күнінде Сенат пен Мәслихат депутаттары Ассамблея мүшелерімен бірге еліміздің ірі кәсіпорындарына барып, өндіріс ардагерлеріне құрмет көрсетті. Бұл бастаманы Еңбек күнін атап өтудің жаңа дәстүрі ретінде биыл да жалғастыруға болады. Осылайша, ҚХА бүгінде қоғамдық келісімнің бірегей инфрақұрылымын қалыптастырған қуатты тармақтары бар институтқа айналды. Жер жүзінде мұндай бірегей ұйым құра білген мемлекет кемде-кем. Ассамблеяның арқасында еліміздегі барлық этностар Қазақстандағы оң өзгерістердің бел ортасында жүр.

Қазақстанның Еңбек Ерлері Георгий Прокоп, Владимир Розметов, Юрий Пя, Иван Сауэр, Борис Князев, Алина Соловьёва, Вадим Басин, Александр Хмелёв, Геннадий Зенченко және басқа да тұлғаларды азаматтық жауапкершілік пен Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі деп айтуға болады. Олар – бүгінгі заманның адал азаматтары, Қазақстанның дамуына мол үлес қосқан тұлғалар. Ассамблеяны жанашыр әрі белсенді азаматтардың жолын ашатын шынайы саясат мектебі және тиімді әлеуметтік баспалдақ деуге болады.

Этномәдени бірлестіктерде, Ассамблеяның түрлі құрылымдарында өте білікті мамандар еңбек етуде. Мен жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту жолында адал қызмет етіп жүрген Ассамблеяның барлық белсенді азаматтарына шынайы алғысымды айтамын.

Туған жерге пайдамды тигізсем деген алғаусыз ниетті өмірінің мәніне айналдырған олар нағыз отаншылдық пен адал азаматтың үлгісін көрсетті.

Ассамблея Төрағасының қоғамдық орынбасарлары ретінде жыл бойы лайықты еңбек еткен Лугмар Харкиевич Буларов пен Юрий Германович Шинге ризашылығымды білдіремін. Ассамблея Төрағасының орынбасарлары болып жаңадан тағайындалған Дмитрий Валерьевич Останькович пен Расул Сурмалиевич Ахметов – қоғам құрметтейтін абыройлы азаматтар. Олардың білімі мен білігі Ассамблеяға үлкен пайдасын тигізеді деп сенемін».

Отырысқа ҚР Президентінің Ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев, ҚР Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары мен мүшелері, ҚХА қоғамдық құрылымдарының өкілдері қатысты. Ассамблея институтының елдегі бірлік пен келісімді нығайтудағы рөлі, сондай-ақ еліміздегі ауқымды өзгерістер барысындағы ерекше маңызы атап өтілді.

Ассамблеяның 30 жылдығы аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен оған қоғамның кеңінен атсалысуы айтылды. Кеңес қатысушылары Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл ішіндегі этносаралық бірлік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесін, «Әралуандықтағы бірлік», «Біз әртүрліміз — бірақ теңбіз» қағидаттарын қоғамда сақтау мен ілгерілетудің маңызын ерекше атап өтті.

17 сәуірде Мемлекет басшысының өкімдерімен Расул Сурмалиевич Ахметов және Дмитрий Валерьевич Останькович Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлары болып тағайындалған еді.

Президент жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту жолында адал қызмет етіп жүрген Ассамблеяның барлық белсенді азаматтарына алғыс айтты.

— Мен жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту жолында адал қызмет етіп жүрген Ассамблеяның барлық белсенді азаматтарына шынайы алғысымды айтамын. Туған жерге пайдамды тигізсем деген алғаусыз ниетті өмірінің мәніне айналдырған олар нағыз отаншылдық пен адал азаматтың үлгісін көрсетті. Ассамблея Төрағасының қоғамдық орынбасарлары ретінде жыл бойы лайықты еңбек еткен Лугмар Харкиевич Буларов пен Юрий Германович Шинге ризашылығымды білдіремін. Ассамблея Төрағасының орынбасарлары болып жаңадан тағайындалған Дмитрий Валерьевич Останькович пен Расул Сурмалиевич Ахметов — қоғам құрметтейтін абыройлы азаматтар. Олардың білімі мен білігі Ассамблеяға үлкен пайдасын тигізеді деп сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ассамблея 30 жылдың ішінде үлкен өзгеріске ұшырап, мықты күшке айналды. Әр жылдары елімізде түрлі диалог алаңдары мен қоғамдық органдар құрылды. Олардың барлығының мақсаты бір – ұлттық мүддені қорғап, қоғам бірлігін арттыру. Жиынға қатысқан ассамблея мүшелері түрлі ұлт өкілінің Қазақстанда тең дәрежеде өмір сүруге жасаған жағдайын жоғары бағалады.

Ахмед Мурадов, «Вайнах» Қазақстандағы шешендер мен ингуштер қауымдастығының тең төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

Қазақстанда 130 этностың өкілі өмір сүреді және бұл адамдардың барлығы қазақ халқына және өздерінен әлде қайта қоныс аударған халықтардың өкілдеріне риза. Алғыс айту күні қоғамымыздағы Қазақстанға түрлі себептермен – арнайы қоныс аудырылған, депортацияланған, эвакуацияланған адамдардың тарапынан айтылған пікірлерге жауап ретінде бекітілген.

 

Наталья Дементьева, Мәжіліс депутаты:

Мәжілісте 20 депутат, Сенаттағы 10 депутат – біз бірігіп парламентаралық топ құрастырдық. «Бір ел – бір мүдде» деп аталады. Біздің мақсатымыз, Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің мүдделерін қорғап, көкейкесті мәселелерді шешіп алып отырмыз. Соңғы уақытта ассамблея тек консультативтік ұйым емес, оның конституциялық абыройы бар. Ол ассамблеяның жаңа бір деңгейге, дәрежеге көтірілуі дегенді білдіреді.

Атсалим Идигов, ҚХА кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері:

Мен ассамблея құрылған күннен бастап, мүшелігіне ендім. Үлкен жұмыстар атқардық. Ол кезде өзге елдерде мұндай тәжірибе болмады. Ұйымның болашағына күмәнмен қарағандар да көп болды. Дегенмен біз көп ұлтты мемлекетте мызғымас бірлікті сақтай білдік. Бүгін сол үлкен еңбектің нәтижесін көріп отырмыз.

 

Г.Тұрсынқожа

ПІКІР ЖАЗУ