Биік мәртебе

Қасым-Жомарт Кемелұлы кезекті жолдауында: «Биыл қаңтар айынан бастап педагогика қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға өсті.  Алдағы үш жылдың ішінде біз бұл мақсатқа қосымша 1,2 трлн теңге бағыттаймыз. Қабылданған іс-шаралар өз жемісін беріп те жатыр.
Педагогика мамандығына түсушілердің орташа балы күрт өсті. Мұғалімдерді қолдау саясатын жалғастыра беретін боламыз», — деп атап өтті.

Расында, мұғалімнің мәртебесі қай мемлекетте, қашан да жоғары болуы керек. Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мектептің басты міндеті – оқушыны оқуға, ойлануға, болашақ тағдырын жете танып, білуге үйрету екені айқын.
Қазіргі таңда мұғалімнің мәртебесіне рухани жағынан, Заң жүзінде де ерекше көңіл бөлінуде. Әрі мұғалімге жүктелген талап та жоғары. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін маманға өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Мұндай көзқарасқа біз де қол жеткіздік. Сондықтан да Тәуелсіз Қазақстанда мұғалімге деген құрмет жыл сайын артып келеді деп сенімді айта аламын.
Тағы бір қосарым, бүгінгі күннің өзекті мәселесі – тіл мәселесі. Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің аясы қарқынды дамуда. Онымен қоса орыс тілін де халықаралық тіл ретінде құрметтегеніміз жөн. Еліміздегі мәдениет пен өнер, ғылым мен білім орыс тілінің де, мемлекеттік тілдің де қатысуынсыз толық  дамымайды. Ал дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің тұғырында  қашанда мемлекеттік тілі биікте тұруы қажет. Бұл жәйтті әрбір этностың, әрбір қазақстандықтың білікті де саналы ұрпағы әрқашанда жүрегінде ұстауы қажет.

Атхомжон Мулладжанов,
Жамбыл облыстық тәжіктер этномәдени бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі

ПІКІР ЖАЗУ