Экология және қоршаған орта

Қазіргі таңда экологиялық апаттар біздің ғаламшарымызға өзінің кері әсерін туғызуда. Сол себепті бұл мәселе өзекті болып отыр. Әлем ғалымдары осындай жағдайлардың алдын алуға атсалысып жатыр. Ең алдымен осы экологиялық апаттар адамдардың іс-әрекетінен пайда болып жатқанын ұмытпайық. Экологиялық мәселе табиғаттың ластануынан туындайды. Табиғат – адам баласының қоршаған ортаға деген көзқарасының айнасы деуге болады. Қоршаған ортаны қорғау туралы айтылып та, жазылып та жүр. Ендігі жерде оны жүзеге асыру – әрқайсысымыздың міндетіміз. Ғаламдану процесінде адамзат баласы сансыз жаңалықтар ашып, жаңа технологияларды іске қосып жатыр. Жаңалықтарды жүзеге асыру барысындағы ұқыпсыздық салдарынан қоршаған ортаға залал келтурі жағдайлары көбеюде.
Адамзат осы уақытқа дейін табиғатқа өлшеусіз зардаптарын тигізді. Қаншама зауыт, фабрикалардан шығатын химиялық қалдықтар, автокөліктердің түтіндері, ядролық сынақтар, өзен-көлге өндірістік қалдықтардың төгілуі және де осы секілді әрекеттер табиғатқа орасан зор зиянын тигізуде.

Осы мәселені шешу үшін табиғат жанашырлары көптеген шаралар қолдануда. «Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» деген мақалды біз күннен күнге ұмытып бара жатырмыз. Ал, негізінен бұл сөзде біздің алыс болашағымыз жатыр. Әрине, біз XXI ғасырда өмір сүреміз, бірақ табиғаттың жаратқанын құрметтеу керек деп ойлаймын. Тағы бір айтарым, бұл ғаламшарда тек қана адамдар емес, басқа да жан-жануарлар өмір сүреді. Бізге бастауыш сыныптан бастап «Табиғат – бұл біздің қоршаған ортамыз, оны ластасақ бізге зиян келеді», — деп, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау деген басты құндылықтарды бойымызға сіңіреді.
Қазіргі таңда экологиялық апаттардың алдын алып, бұл кезек күттірмес мәселені қалайда бір жолмен шешу керек. Себебі бұл біздің болашақ ұрпағымызға зор зиянын тигізеді. Адамдарға да бұл қиын болатын шығар, себебі қоршаған ортаның экологиясын қалпына келтіру өте қиын мәселе. Бұл жерде «заманауи ғасыр» мен «экология» дегеннің біреуін таңдау керек. Естілгенге оңай шығар, бірақ, жасау қиын.
Ал, экологияны дұрыстамасақ, не болатынын өз көзіме елестете алмас едім. Бірақ, әр мәселенің өз шешімі болады. Мүмкін емес заттар болмайды және де ешқашанда «ешқашан жоқ» демеңіздер. Ертелі-кеш бұл нәрсені адамдар қолға алады деп сенемін. Әрине, бұл жұмысқа көп күш-қуат пен шыдамдылық керек. Адамдар жалқауланбай, түн ұйқысын төртке бөліп ойланса, ашкөзденбесе, адал еңбек етсе ғана жеңіске қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Осы күнге дейін қаншама жаман хабарлар естіп жатырмыз. Соның ең бір жан күйдірері – Арал теңізінің құрғап қалуы. Нағыз экологиялық апатқа мысал. Бірақ, бұл мәселе жайлап шешіліп жатыр. Осыған қалай риза болмайсың?! Әр мәселенің өз шешімі болады. Мен де барлық табиғатқа қатысты заттарға барынша көңіл бөлуге тырысып жүрмін. Сіздердің де ниеттеріңіз осындай деп сенемін. Менің ойымша, барлық адамдар қоршаған ортаны құтқаруға көмектесіп жатыр.
Ойымды қорытындылай келе, мен экологиялық апаттарды қаламаймын және қоршаған ортаның жақсы күйде болғанын қалаймын. Қоршаған орта дегеніміз – ашық аспан, түтінсіз таза ауа, көк майса жер, қоспасыз таза су. Мұның барлығы – тіршілік көзі. Ендеше, табиғатты қорғайық, қоршаған ортаны ластанудан сақтайық! Бұл іске барлығымыз жауапкершілікпен қарасақ, оң шешімін табады. Мен айтып отырған табиғатты қорғауға қатысты дүниелер сіздердің де қоршаған орта туралы ойларыңызды өзгертеді деп ойлаймын.

Бибіжан Қабақбай,
Үш тілде оқытатын №21 орта мектеп-гимназиясының
5 сынып оқушысы, Ақтөбе қаласы.

ПІКІР ЖАЗУ