Батыр өмірі балалар көзімен

Ұлылардың ғұмыры әрдайым ғасырлар мен дәуірлерге, ұлт пен ұлысқа, ұрпақ пен жаңа буынға үлгі, өнеге яки рухани азық. Олардың тағылымды жолын жалғау бізге парыз. Бұл мақсатта шаһарда Кеңес Одағының батыры, әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай «Аңызға айналған ақиқат» атты қалалық жас қаламгерлер байқауы ұйымдастырылды.
Қашықтықтан өткен балғын қаламгерлердің сөз бәсекесін Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің Техникалық шығармашылық орталығы мен қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің редакциясы бірлесіп өткізді.
Алдын-ала жарияланған эссе, мақала, арнау номинациялары бойынша сайысқа қала мектептерінің оқушыларынан тоқсанға тарта жұмыс келіп түсті. Барлық шығармалар аты аңызға айналған, батырлықтың ерен үлгісі болған Бауыржан Момышұлының тағылымды һәм асқақ рухты дәріптеген кемелді ғұмырын насихаттауға бағытталған.
Оқушылардың ізденіске толы шығармашылық жұмыстарын батырдың ұрпағы, Қазақстаннан құрметті журналисі Бекет Момынқұл, «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, ақын Ғайни Әлімбекқызы, жас ақын Арайлы Жақсылық, техникалық шығармашылық орталығының әдістемелік бөлімінінің меңгерушісі Айнұр Тілемісова бағалап, жеңімпаздарды анықтады.

 

Байқаудың маңыздылығы сол, биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы аталып өтілсе, Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы да ел үшін маңызды даталар қатарына еніп, жоғары деңгейдегі түрлі шаралар батыр есімін ұлықтауға арналып жатыр.
Ал сөз сайысына алдын-ала жарияланған эссе, мақала, арнау номинациялары бойынша қала мектептерінің оқушыларынан тоқсанға тарта жұмыс келіп түсті. Барлық шығармалар аты аңызға айналған, батырлықтың ерен үлгісі болған тұлғаның тағылымды һәм асқақ рухты дәріптеген кемелді ғұмырын насихаттауға бағытталған.
«Жеңіс» саябағында орналасқан «Даңқ» залында барлық карантиндік талаптар сақталып өткен байқаудың марапаттау рәсіміне аталған қазылар құрамы мен бәйгеде оқ бойы озық шыққан оқушылар жиналды.
– Бауыржан атамыздың аты Мәскеу түбінде 1941 жылдың күзінде жарқ етіп шыға бастады. Содан бері есімі ел жадынан өшпей, қайта жыл өткен сайын жарқырай түсуде. Өз басым осындай байқау ұйымдастырылып жатқанын естігенде қатты қуандым. Шындығында сіздер, оқушылар, қазір бір-бір Бауыржантанушыларсыздар ғой. Біраз ізденістер жүргіздіңіздер. Сіздердің саналарыңызда Бауыржанның бейнесі жарқырай түсті. Әсілінде әрбірімізді осы жерге арман-мақсатымыз, мұратымыз жетелеп келді. Бұл – тағдыр. Ал Бауыржан атамыз шын талант еді. Олай болмаса сонау Жуалының жасыл бөктерінде, Мыңбұлақтың етегінде жүрген бозбаланың даңқы әлемді шарлап кетер ме еді? Өзім жергілікті телеарнаны басқарған тұста батыр бабам туралы хабар әзірледім. Сонда атамыздың мекен-жайына әлемнің түкпір-түкпірінен келген хаттармен таныстым. Расымен Бауыржан Момышұлының ерлік істері, ұрыс алаңындағы әскери тактикалары ірі қолбасшылардың таңданысын тудырған екен. Сол үшін де біз атамызға бой түзеп, елімізді сүюге ұмтылуымыз қажет. Дәл қазір сіздер өз елдеріңіздің патриоты болуға осы байқауға қатысу арқылы батыл қадам жасап отырсыздар. Әрқайсыңызға Бауыржан атамыздың даңқындай бақ тілеймін, — деді батыр қолбасшының ұрпағы, Журналистер, Жазушылар одағының мүшесі Бекет Момынқұл.
Сөз бәйгесі болғандықтан сайысқа түскен жұмыстарға сыни пайым, жан-жақты пікір айтылады. Қазылар алқасының мүшелері жас қаламгерлерге оқушы деп емес, «Бауыржантанушы» ретінде баға беріпті. Тағы бір айта кетерлік дүние, Бекет Момынқұл ұсынылған жұмыстар арасынан Бауыржан Момышұлын Халық Қаһарманы деп жазған үміткерлерге ескерту айтты. Расында бұл оқушылар қаперге алуы тиіс дерек. Анығында батыр бабамызда Халық Қаһарманы деген атақ болмаған. Ал Кеңес Одағының батыры деген ресми атақ КСРО ыдырамай тұрғанда, 1990 жылы берілген екен. Қалай болғанда да келген жұмыстар арасынан кіл мықтыны таңдау қиынға соққан. Себебі барлығы шығармашылықтағы даралығын және өздеріне тән стильін көрсетуге тырысқан екен. Нәтижесінде тоқсан жұмыстың 19-ы жүлделі орындарға ие болды. Олардың ішінде Ақбота Есіркеп пен Әлібек Сейдазімнің еңбегін атап өткен жөн.
— Мен үшін бұл жарыста жүлдеге ілігу үлкен мәртебе. Мұндай сайыстар бізге, оқушыларға, өзімізді шығармашылық бағытта сынап көруге үлкен мүмкіндік береді. Бауыржан Момышұлы сынды ұлы тұлғаға арналған шығарма жазу және бұл үшін есімдері Қазақстан тарихына еніп үлгерген білікті жазушылардан, журналистерден жақсы баға алу – тағы бір жеңіс, — дейді Ақбота Есіркеп.
«Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали өз кезегінде ұсынылған номинациялар қатарына шығармалары енген барлық жас өреннің ынтасы мақтауға лайық екенін атап өтті. Жиын соңында барлық жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды. Жеңімпаз атанған жұмыстар алдағы уақытта «Jambyl-Taraz» газетінде жарияланатын болады.

Аружан Болатқызы, Жамбыл облысы

ПІКІР ЖАЗУ