Өзіңді танимын десең Абайды оқы

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, философ, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырды.

Ол – ұлы ақын, жазушы, қоғам қайраткері, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін қалаушы. Абай халықтың ағарту ісін өркендету үшін шығыс және батыс мәдениетін жан-жақты зерттеп, сол мәдениет негіздерін өз халқына үлгі-өнеге етіп көрсете білді.
Абай ұлттық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы болып саналады. Білім ордамызда ұлы бабамызға арнап жыл сайын конференциялар, түрлі байқаулар өткізіліп тұрады. Пандемияға байланысты қашықтықтан оқыту кезінде де бабамызға арналған іс-шаралар тоқтатылмады.
Осындай іс шаралардың негізінде 9-сынып арасында ақынның 175 жылдығына орай өлеңдері мен қарасөздерін оқудан байқау болды. Байқауға қатыса отырып, біздің көп нәрсеге көзіміз жетті. Абай шығармаларына қызығушылығымыз арта түсті.
Қазақты тану үшін Абайды оқу қажет, ал Абайды түсіну үшін ерінбей, түсініп оқу шарт. Абайды тану – тек қана қазақты тану емес, өзінді-өзің тану деп білемін. Абайдың әрбір өлеңдерін, қарасөздерін оқи отырып адам өзін қай деңгейде, қай бағытқа бара жатқанын байқайды.
Біріңді қазақ бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос.
Малыңды жауға,
Басыңды дауға,
Қор қылма, қорға, татулас, — деп бақытты өмірдің сыры бірлік пен берекеде, ынтымақта екенін аңғартады. Қазақ бірлікте өмір сүргенде ғана сан қиындықтарды жеңе алады.
Әлем әдебиетінде Абай секілді алыптарды танытудың сан түрлі жолы бар. Орыс әдебиеті Пушкинді әлі күнге зерттеп, зерделеп біте алмай жатыр. Бір қуанарлығы, біз данышпан Абайдың да көп қырларын тани бастадық. Ақын өзінің бар шығармашылығын адам және адамға лайық қасиеттерге арнады. Ол ең жоғары адамгершілік ұғымын білім-ғылым алу, адал, өнімді еңбек етумен байланыстырады.
Абай түсінігінде адамның ең жақсы қасиеті: елін сүю, халқын сүю, адамды сүю, достыққа, махаббатқа тұрақтылық, әділеттік және шыншылдық, сыпайыгершілік, еңбексүйгіштік, білімге құмарлық сияқты қасиеттер.
Абай өлеңдерінде мәңгілік адамгершілік тақырыптары жиі көтеріледі. «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», — деген екен.
Иә, ақын Абай Құнанбайұлының туындылары арқылы ұзақ жасайтыны белгілі. Абай өлеңдері еңбекке, ғылым, өнер үйренуге, адамгершілікке тәрбиелейді. Ақынның қарасөздері – сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, даналық дүниетанымын көрсететін прозалық шығармалар. Менің байқағаным, әсіресе, қарасөздер адамды салмақтылыққа, ақылдылыққа, кімге қалай сөйлеу керектігін, өзіңді тәрбиелеуге үйретеді. Сонымен қатар өмірге не үшін келдің, қалай өмір сүру керектігін, артына қандай із қалдыру керек екендігін үйретеді. Сыныпта қарасөздерін талдай отырып біз білмейтін, мән бермейтін көп нәрсеге көзіміз жетті.
Абайдың әр туындысы – тұнып тұрған даналық. Үйренерің де, санаңа тоқитын да дүние көп. Халықтың Абай тәрізді үлгі алар тұлғасы бар. Ұрпақ үшін өнеге болар Хакім Абай жылдар өткен сайын елді оқуға, білім мен өнерге, жаңалықтарға шақыра береді. Абай өз мұрасы арқылы санамызда, жүректердің түкпірінде, көңілімізде, мынау ғажап өмірімізде жасауда. Абай дананың биылғы 175 жылдығына орай өткен көптеген іс-шаралар да осыны дәлелдемей ме?!

Мария ЧАУШОВА, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы,
Ақбұлым ауылы, Баймырза Бесбаев атындағы мектеп-гимназияның
9 — сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ