Teaching for heroes жобасының негізін салған жас талант

Әлемді әлекке салған пандемия кесірінен оқу, жұмыс және басқа шаралардың барлығы онлайн форматқа көшті. Қазір ата-аналар үйден жұмыс істеп, оқушылар, студенттер үйде оқып жатыр. Үйдегі жұмыс, оқу кейбіреулер үшін іш пыстырарлық дүние болғанымен, кейбіреулер үшін таптырмас идеялар мен теңдессіз жобалар ойлап табуға берілген зор мүмкіндік болып отыр.
Қай кезде де «Білімдінің күні жарық» емес пе. Иә, білімімен айналасына шуағын шашып, жарығын түсіріп жүретін ақылдылар арамызда көп. Солардың бірі – карантинді сәтті пайдаланып, өз идеясын жүзеге асырған алматылық оқушы Илья Кан. Ол игі шараны қолға алып, аз қамтылған отбасыдан шыққан, дәрігерлер мен полицейлердің балаларына тегін ағылшын тілін үйретуде. Сол үшін де арнайы онлайн мектеп ашқан.
Илья Кан биыл АҚШ-дағы Milton Academy мектебінің екінші оқу жылын аяқтап, көктемде Қазақстанға оралып, Teaching for heroes жобасын құрды. Алматыға ұшып келгеннен кейін, ол екі апта карантинде болды. Сол кезде оған қамқорлық көрсеткен Ақмарал есімді кәсіби, әрі мейірімді медбике Teaching for heroes жобасын құруға шабыт берген. «Ақмарал ұлының бар екенін және оның ағылшын тілін үйренуді қалайтынын айтқаннан кейін медицина қызметкерлеріне қажырлы еңбектері үшін алғыс білдіргім келді. Жоба іске қосылған кезде, маған команда қажет болады деп ойлаған жоқ едім. Біз тез өсе бастадық және мен әлеуметтік желілерде жұмыс істей білетін, әрі көмектесуге дайын таныстарымды, достарымды іздестіре бастадым. Осылайша ағылшын тілінде еркін сөйлейтін студенттерді жинадық, олар ерікті тәлімгерлер болып табылады. Бір аптаның ішінде платформада 1000 бала тіркелді»,- дейді ол.
Teaching for heroes жобасының авторы Илья Кан 16 жаста. Ол бос уақытында оқығанды, жазғанды ұнатады. Футбол ойнағанды ұнатады. «Мен қазір АҚШ-та оқимын, биыл 11 сыныпқа өттім. Болашақ мамандыққа қатысты әлі нақты таңдау жасаған жоқпын. Дегенмен жоғары білімді де осы АҚШ-та жалғастырмақ ойым бар. Бастапқы кезде өзім де тіл үйретіп, сабақ бердім. Қазір көбінесе ұйымдастырушылық жұмыстармен айналысамын. Бүгінде біздің онлайн мектепте 2 мыңнан астам бала және жеткіншек ағылшын тілі курсынан өтіп, білім алуда. Оның ішінде жобамен 100-200 қатысушы аз қамтылған отбасының балалары. Ағылшын тілін меңгеремін деген ниетті балалармен 900-ге жуық оқытушы өз тәжірибесімен бөлісуде», — дейді И. Кан.
Сондай-ақ, Илья Кан онлайн мектепті ашудың алғашқы сәтінде қиындықтардың кездескенін айтады. «Бұл жоба командалық жұмыс. Бізде өзіміздің Whatsapp желісінде тобымыз бар, сол жерде жұмыс барысы мен оған қатысты идеяларды бірге талқылаймыз. Ол жерде маған көмектесуші достарым, тіл үйретуші мамандар бар. Онлайн мектебіміз алғаш жұмыс істей бастағанда бірнеше қиындықтар болды. Атап айтқанда, көбісі онлайн платформаға қалай қосылу керектігін білмеді, одан соң курсқа қалай және кімдерге жазылуға болады деген сұрақтар жиі туындады. Уақыт өтіп жұмыс істей келе, аталған мәселелер өз шешімін тапты. Жобаның ашылғанына көп уақыт болмаса да, бізге рахметін айтып, ризашылығын білдірушілердің саны өте көп. Оның ішінде балалармен қатар олардың ата-аналары да бар. Тіл үйретуші мамандар да мұның керек жоба екенін айтуда. Әсіресе қатысушы балалардың әр сабақты асыға күтетіні қуантады. Оның үстінде біздің тіл үйрету форматымыз әдеттегідей лекция түрінде емес. Біз әр баланың ерекшелігі мен қабілетіне қарай жеке түрде оқу форматын әзірлеп, үйретеміз»,- дейді ол. Оның айтуынша, ең бастысы – балалардың риза болуы мен тіл үйренуге деген қабілеті. «Тағы бір айтып өтетін ерекше сәт, бұл балалар мен жеткіншектерге тек қана ағылшын тілін үйрететін онлайн мектеп емес. Бұл әлеуметтік жоба, біздің мақсат – ортақ қызығушылығы бар балалардың басын біріктіру. Өз идеяларын жүзеге асырғысы келетін балаларға бағыт-бағдар көрсетіп, мүмкіндігінше ақыл-кеңес беру. Ағылшын тілі үйрену курсына қалай жазылуға болады деген сауалдар да түсіп жатыр. Оларға айтарым, басты талап қатысушының аз қамтылған отбасылардың, дәрігерлердің, полицейлердің отбасынан болғаны абзал. Дегенмен осы күнге дейін ешқандай қатысушының бетін қайтарған емеспіз»,- дейді жас талант. Илья Канның айтуынша, тіл үйренгісі келетіндердің арасында қазақстандық балалардан бөлек, алыс-жақын шетелден де ниеттілер бар. «Сабақ беретін мамандардың құрамы өте мықты, біздің жобамыз туралы естіген әлемге әйгілі университеттердің ұстаздары да қол ұшын созуда. Оқытушылардың кейбірін мен өзім шақырдым, ал қалғандары осы жоба туралы интернеттен біліп, өздері ынта білдірді. Оқушылардың қатарында Қазақстаннан бөлек, Ресей, Әзербайжан және Армениядан бар. Өз елімізден көп өтінім білдіруші Алматы және Нұр-Сұлтан қаласынан болып отыр»,- дейді ол. Одан бөлек, онлайн мектепті ұйымдастырушы жерлесіміз балаларды іріктеу процесінің қалай өтетіні туралы айтып берді. «Тіл үйренемін деген әрбір ниеттенуші алдымен сауалнаманы толтырады. Ол жерде қандай отбасыдан шыққаны, жасы мен басқа да деректер сұралады. Егер біздің талаптарға сай келсе ол қабылданады. Дегенмен бала тіл үйренуге құштар болып, бірақ біздің талаптарға сәйкес келмесе, мысалы ол дәрігердің емес мұғалімнің баласы болуы мүмкін, ондай жағдайда біз бас тартпай оқуға қабылдаймыз. Яғни үйренемін деген ынтасы бар балаға есік ашық. Сабақ әр баламен жеке түрде өтеді. Алғашқы уақытта 6 сабақ өтеді, содан соң баланың ынтасы мен тіл меңгеру деңгейіне қарай жалғаса береді. Курс 1 айдан, 1 жылға дейін созылуы мүмкін, оны оқушы мен оқытушы өзара шешеді»,- деді И. Кан.
И. Канның айтуынша, жоба негізінен 8-ден 16 жасқа дейінгі балаларға арналған. Оқытушылар студенттер болып табылады, олардың мақсаты – балаларды ағылшын тілін үйренуге қызықтыру. Барлық сабақтар интерактивті болып келеді. Әр оқытушы бірегей және өзіндік бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Мысалы, балаға футбол ұнаса, онда осы тақырыптың аясында жасалған материалдар, мақалалар немесе деректі фильмдер ұсынылады. Оқыту дәрістер форматында емес, диалог пен байланыс орнату арқылы жүргізіледі. «Біз сөйлеу дағдысымен қатар жазу дағдысын жақсартатын сабақтар үшін онлайн-платформаны әзірлеу үстіндеміз. Жобаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ Қазақстан жастарының конгресі, «Болашақ» қауымдастығы, Leadership.kz білім беру платформасы, World Class Almaty және тағы басқалар қолдады», — деп, қуанышын да жеткізді жас жеткіншек. Оның ойынша, адам кез келген нәрсеге әртүрлі көзқараспен қарау керек. Адамды тыңдап, оның аргументтерін қабылдай білу керек. «Болашақ IT саласымен тікелей байланысты. Жасанды интеллектті пайдалану саласында мамандықтардың үлкен таңдауы да жақын болашақтың еншісінде. Сондықтан менің замандастарым көп ізденіп, білімді болуы керек»,- дейді Илья Кан.

Арман Асқар

ПІКІР ЖАЗУ