Жұбаныш

Айжанда бүгін мерекелік көңіл-күй қатты біліне қоймады. Баласының жабырқаулы көңіліне алаңдады ма, анасының жүрегі шым ете қалды… Бір уақытта арғы бөлмеден «Анашым!» деген дауыс естілді, бойы орташалау келген, көзі қоңыр, күлімсіреп қалған кішкентай баланың бейнесі көрінді. Баласының жақындағанын сезген ана, демде көзінің жасын сүртіп алды.
— Құлыным! – деп ұлын құшақтап, маңдайынан иіскей бастады.
— Анашым?
— Айта ғой, балапаным?
— Кешкісін мектептен қайтар жолда ойнап жүрген балалар, менің бұл үйдің туған баласы еместігімді айтып күле бастады, сіздің кұрсағыңыздан туылмасам да, мені бағып- қаққан, өсірген сіз емес пе? Олар неге олай айтады?
…. ия, осыдан 7 жыл бұрын, дәл осы күз айында Айжан дәрігер қабылдауында болып, өзінің бала сүйе алмайтынын естіген болатын. Жанын қоярға жер таппаған жас келіншек көп күтпей-ақ, осы Арманды балалар үйінен асырап алған. Жан жарасының шипасына айналған баласын Айжан ерекше мейіріммен тәрбиелеп өсірді, тіпті бір рет те бетін қағып, ұрысып көрмеген-ді. Бірақ, күтпеген жерден Арманның туған ата-анасынан балаларын қайтадан өз тәрбиелеріне алғысы келетіні жөнінде хабар келеді. Кеудесіндегі соғып тұрған жүрегімен тең, керек десең одан да артық болған баласынан айырылу, ол үшін үлкен соққы болып тиді. Айжанның көз алдына ең алғаш Арманды қолына алғаны, былдырлап тұрған бал тілінен шыққан сөздері, сәби күлкісі, жетектеп мектеп табалдырығынан аттатқаны елестей берді. Бүгінде сол кішкентай балдырғанның тағдыры олар үшін ойыншық болғаны ма?!
— Шынында да, жеті қат жерді жаратқан Жаратушының, Айжанды қуанышынан айырмауға күші жетпегені ме?!
— Анашым…
Терең ойдың жетегінде кеткен Айжанды баласының шақырған дауысы бөліп жіберді. Баласының сұрағына не жауап қайтарарын да білмеді, өзінің туған ата-анасы табылғанын, қайтадан қайтарып алғылары келетінін баласына айтуға аузы бармады. Айтпаса, өзін бір күнә жасағандай сезініп, жүрегі аузына тығылады.
— Балапаным, құлыным-ау, түсінесің бе, кейде өмір адамға түрлі тосын қиындықтар мен сынақтар дайындап тұрады. Бірақ төменге қарай құлдырамай, ол сынақтардан сүрінбей өту қажет. Егер адамның ниеті мен әрекеті оң болып жарасымын тапса, Алла Тағала оның жолын ашады.
— Ия анашым, бұл сөздерді есімде сақтаймын.
Көзінен аққан жасқа ие бола алмай, баласын құшақтай жылап жіберді.
Дүйсенбі. Есікті тоқылдатқан дауыс естілді. Айжан есікті аша бергенде, арғы жағынан ұзын бойлы, қара торы ер адам мен бір келіншек көрінді. Бұл ауылдың адамдары емесі анық, себебі Айжан тұратын ауыл кішігірім ғана еді, мұнда барлығы бірін-бірі танитын.
— Сәлеметсіз бе! Сіз Айжан боласыз ба?
— Ия, ал сіздер кімсіздер?
— Мен сіздің тәрбиелеуіңіздегі Арманның туған әкесі боламын, есімім Жарылғасын, ал мына кісі — Зейнеп, анасы болады, — деді жанындағы келіншекті меңзеп.
Төбесінен жай түскендей есіктің тұтқасын қатты қысып тұрып қалды. Сол уақытта әлгі екі кісі үй ішіне кіріп кетті. Арғы есіктен жүгіріп Арман да шықты….
— Қателеспесем, сен Армансың ғой? – деді Зейнеп.
Арман жауап қайырмай тұрып, жүрегі сезді ме, Айжанға қарай жүгіріп етегінен құшақтай алды.
— Балам… (Айжан жылап жіберді)
Арада біраз уақыт өтіп Арман да мән-жайды түсініп, бәрін естіп білді. Тілі байланып, шарасыз қалған анасы бұл жолы баласын жұбата да алмады.
Нұрсауле МЕЙРАМБАЕВА,
№ 163 мектептің оқушысы,
Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *