Ғабит Мүсірепов:«Қазақ байлығы жылқысында…»

«Казак-орыстар әбден машықтанып алған қулар екен. Шауып келе жатқан атқа қарғып мініп те кетеді, ағып келе жатқан аттың бауырынан өтіп те кетеді. Аттары қандай дағдыланып алған! Шауып келе жатып кілт тоқтап, бір жағына қарай сұлап түседі. Тырп етпей жатып қалады. Қазақ аттары мұндайда өзінен-өзі есеңгіреп, болмашыдан үркіп, әурелер еді.
Казак-орыстар ойынынан кейін «жамбы ату» басталды. Бұл ойындардың екеуі де Тілеуімбет бидің келуіне көрсетілген құрмет ретінде әдейі әзірленіп еді. Екі биік қарағай бағанға көлденең салынған арқалыққа салбыратып ілген бірнеше жамбы жарқырайды. Екеуі тай тұяғындай ғана алтын жамбы.
Майор бәсекелі атыстың шарттарын түсіндіреді: тай тұяғындай бақыр жамбыны атып түсірген мергенге — түлкі терісі, күміс жамбыны түсіргенге — қасқыр терісі, алтын жамбыны түсіргенге құндыз беріледі екен!»

«Қазақ соғыстарында жаралану көп те, өлім аз болады. Садақ оғы көбінесе алыс-тан атылады да әлсіз тиеді, әлсіз жаралайды. Сойыл-шоқпары бар адам найзаны да оп-оңай қағып қалып, ортасынан үзіп жібере алады. Найзасы сынған адам құр қол адаммен бірдей. Қылыш деген, қарама-қарсы қасарысып қылыштасу деген қазақ соғыстарының салтына кірмеген. Үш жылға созылған Есеней мен Кенесары қолының соғысында үш жүз адам өлген жоқ. Жараланып, қатардан шығып қалған мүгедектер екі үйдің бірінде бар».

«Қасқыр түс ауа кездесті. Шақырымдай жерден одырайып бір қарады да, жөнеп берді. Барыс тұра ұмтылды. Садақ қасқырдың ойысқан жағына қарай жолын кесе, қиыстай тартып барады.
Біраздан кейін Мүсіреп жарты шақырымдай жерден кесе-көлденең өте берген қасқыр мен жақындап қалған Барысты көрді… қасқырдың өкпе тұсынан күнге шағылысқан сарғылт жалын жарқ ете түсті де, қасқыр ұшып түсті. Барыс та жетті. Апар-топар…
—Айналайыным-ай, сары Садағым-ай! — деп Мүсіреп те келіп қалды.
Мүсіреп енді абайласа, Садақ осы араға жеткенше елу қадамдай жер бауырлапты. Таныс мінезі. Қасқырға көрінбейін деп істегені. Мүсіреп мұны бірінші көріп тұрғаны емес. Қасқырдың өте берер тұсына жер бауырлап көрінбей келіп жатады да, тұспа-тұс келгенде оқтай атылады. Екпінімен қасқырды алып ұрады да, алқымына жармасады. Мыти береді, мыти береді. Ол екі арада Барыс та жетіп келіп, қасқырдың ішін жарып жібереді. Долданып жеткен бойы шаптан тұмсықты салып жіберіп, басын екі шайқады болды, іс бітеді.»

«Қазақ байлығы жылқысында. Қысқа қарай жылқы малын ықтасыны бар қара отты шұбарға жақын ұстамасаң — «Байлық — бір жұттық, батыр — бір оқтық», кейде тақыр-таза жаяу қаласың. Жаяу қалған адам несімен адам?.. Несімен қазақ?..»

«Ұлпан бүгін аса көңілді еді. Әкесінің аз ғана жылқысын Сәдірге қосып жібергелі бір жеті бойында атқа мініп далаға шығар, бой сергітер себеп қалған жоқ-ты. Жастық жалыны лапылдап тұрған сергек жанды Ұлпанға үйде отырып қалу деген адам шыдай алмас азап екен. Бүгін, міне, таң атқалы ат үстінде. Күн күлімдеп тұрғандай ашық. Көгілдір аспан күндегісінен гөрі көтеріліп кеткендей биік сезіледі. Түнде жауған ұлпа қар барлық дүниені ақ жібекпен орап алыпты. Жас қайыңдар ақ желен жамылған әдепті келіншекке ұқсап тәжім етердей иіліп тұр…
Далада өскен қазақ қызына жылдың төрт мезгілі ғана емес, әр күннің өзінде әлденеше мезгіл бар. Бәрінің де өз қызықтары бар. Бір жұмадай атқа мініп далаға шықпаған қыз даласын сағынып қалыпты.»

«Ұлпанның маралды айырып алып қалғаны рас болатын. Жігіттер көлге түсіп кеткен маралды қалай ұстаудың айласын таппай, Артықбай шалдың садағын сұратып кісі жіберіпті. Ұлпан әкесіне: «Берме!» — деді де, атына міне сала шауып кетті.
Ол Ұлпанның анда-санда көріп жүретін маралы еді. Қумайтын, ит айтақтамайтын қызға маралдың көзі үйренісіп келе жатқан. Көп жақындатпағанымен секіріп-орғып қашып та кетпейтін. Шілік жапырағын жұлып алып, Ұлпаннан көзін айырмай сақ тұрса да, қарап тұра беретін.
Ұлпан көлге келсе, он бес шамалы салт атты жігіттер көлді айнала қоршап алып, ит айтақтап шапқыласып жүр екен. Судың суынған кезі, көлге ешкім түсе алмапты.
Ұлпан жігіттерді қуып жіберді. Жігіттер ұялып, иттерін ертіп тарасып кетті. Аздан кейін марал да судан шығып, сілкініп алды да, қалың ағаштың арасына кіріп жоқ болды. Күні бойы адам баласынан қуғын көрсе де, Ұлпаннан бұл жолы да қашқан жоқ, сергек аяңдап жүре берді.»

Үзінділер Ғабит Мүсіреповтің
«Ұлпан» романынан алынды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *