«ЖЫРЛАСАМ БА ЕКЕН» атты Мұқағали Мақатаевқа арналған республикалық байқаудың үздік өнерпаздары
Жыр өлкеде қағылғында мың дабыл
Жыр өлкеде қағылғында мың дабыл,
Төгілгендей көкіректен нұрға нұр,
Поэзия саңлағына айналды
Аспантаудың бауырында туған ұл.
Ауысарда көктем келіп қыспенен,
Мықты екен ғой, өлең берген күш деген.
Қанатына ән қондырып аққудың,
Қарасаздың жайлауынан ұшты өлең.
Қара өлеңнің сездіргендей айбарын,
Күнге күлкі берді өлеңі, Айға мұң.
Ақ алмасы, жыр доданың жампозы,
Желбіретті жыр көкпардың байрағын.
Өлең болып өрілді өмір өрнегі,
Ұлы өнердің мүмкін емес өлмегі,
Ақиығы өлең деген заңғардың,
Сенен тарап жатыр өлең мендегі.
Атың, ата, аңызға шын айналды,
Жан тербейтін өлеңдерің айбарлы.
Жатқан жоқсың архивтерде шаң басып,
Әр өлеңің жүрек қылын тербетіп,
Бүкіл елдің «музасына» айналды.
Сауытбай Ерғанат,
Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бура ауылы, «Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 5-сынып оқушысы. Ұстазы — Чеканова Маржан Чокановна
Жыр мұзбалағы – Мұқағали
Біздің балалық шағымыз Мұқағали атамыздың балалық шағындай соғыс кезі, тар заманда емес, бай да қуатты, тәуелсіз, бейбіт елде өтіп жатыр. Халқын қадірлеген азаматтың абыройы қашанда биік болады . Кешегі кеңес заманы билік құрып тұрған тұста жұртына арқа сүйегендер бүгін ұлтының ұлысына айналып жатыр. Бауыржан Момышұлы өмірден озғанда қазақтың қайталанбас қаламгері Тахауи Ақтанов хас батырды ноқталы жылы заманда ноқтаға басы сыймай кеткен арысымыз деп еді. Дәл сондай ноқтаға басы сыймай кеткендердің бірі осы Мұқағали атамыз.
Халқының ұлы болған ақынды жұртының көңіл көзі ашық, өзімшілдіктен ада, ақыл-парасаты мол, бойынан ойы биіктер, жоғарыда айтқанымыздай, ерте таныды, бағалады. «Жасқануды білмеуші ем жалтақтауды…», «Қасиетін сезем деп Ана тілдің, Қауырсыны қалмады қанатымның… Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім »,-деген өршіл мінезін халық түсінді. Ұлт зиялылары да оны ерте танып, рухының мықты екенін, ой байламының терең екенін бағалады.
Нұрғали Мақсат, 12 жас,
Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Ортадересін ауылы. Ұстазы — Өнер Нүрила Махмутқызы