Жүсіп пайғамбар
Жүсіп (а.с.) пайғамбар туралы Құран Кәрімде жеке сүре бар. Ол қасиетті кітапта баяндалатын барлық қиссалардың ең көркемі делінген. Хазіреті Жүсіптің әкесі Жақып (а.с.) пайғамбар еді. Ол Ысқақтың (а.с.) ұлы болатын. Ысқақ (а.с.) пайғамбардың әбден қартайған шағында Сара әйелінен туған-ды. Ал Хазіреті Жүсіп (а.с.) Жақыптың (а.с.) екінші әйелі Раһилден туған. Ол Жақып ұлдарының ең жақсысы еді.
Мұхаммед (с.а.у.) бір хадисінде Құрандағы Жүсіп сүресін үй-ішіне, құлына үйретуді тапсырған. Осы сүрені үйретсе, жан тәсілімнің жеңіл болатынын және мұсылмандарды қызғанбайтын кеңпейіл болатынын айтқан. Өйткені, Хазіреті Жүсіп (а.с.) өз туған бауырларының көре алмастығынан құдыққа тасталып, зынданға түсіп, көп қиыншылыққа ұшыраған. Осындай кезде ол тек Алладан жәрдем тілегендіктен, Жәбірейіл періште арқылы көмек алып, соңында биік мәртебеге жетіп, салтанат құрған еді.
Күш-қуатқа ие болған кездерінде ол ең әлсіз, мұқтаж, кедей адамдарға қамқорлық жасаумен болды. Сондықтан Жүсіп сүресін үнемі оқып, терең мағынасына жеткен адам Хазіреті Жүсіп (а.с.) секілді игілікке кенелетіндігі мәлім болған себебі, Жүсіп (а.с.) сүресінде хикметті істер мен ғибратты өмір бар.
Қиссадағы астарлы мағынада Жүсіп – жүректің халін, Жақып – рухты, Раһил – дене мүшені, Жүсіптің қызғаншақтық он бір бауыры нәпсіні бейнелейтіндігін көрегендікке жеткен мұсылман түсіне алады.
Жүсіп (а.с.) жеті жасында түс көріп, түсінде он бір жұлдыз және күн мен айдың өзіне сәжде жасағанын көреді. Оны әкесіне айтқанда, Хазіреті Жақып оның пайғамбар болатындығын білді. Осыдан, әкенің Жүсіпке деген сүйіспеншілігі ағайындарының қызғанышын қоздырды. Олар Жүсіпті өлтірмек қараниет жоспар құрған еді. Сонда, бауырларының бірі оны өлтірмей, құдықтың түбіне тастаңдар, деп ара түсті. Міне, бұл қызғаншақ адамдардың еш мейірімі болмайтындығын көрсеткен оқиға. Жүсіп (а.с.) құдыққа тасталған кезде оған Жәбірейіл періште көмектесіп, ішкізіп-жегізеді, жалаңаш қалған үстіне Ибраһимнің жейдесін кигізеді. Ағалары Жүсіптің жейдесін қойдың қанына бояп, әкесіне әкеп көрсетіп, оны қасқыр жеп кетті деп, өтірік айтады. Сонда, сүйікті ұлын жоғалтқанын білген Жақыптың (а.с.) қайғысы жетпіс ананың қайғысына тең болды, дейді. Бірақ, ол Аллаға ғана шағым жасағандықтан, оның сауабы жүз шәйіттің сауабындай болған екен. Яғни, қайғысын адамға емес, Аллаға айтқандығы үшін ол көркем сабырдың иесі атанды.
Ал Жүсіпті (а.с.) бір керуеншілер құдықтан шығарып алып, Мысырға барғанда, құл ретінде арзан бағаға сатып жібереді.
Ол Мысырда Зылиқа деген әйелдің жаласымен тағы да зынданға түседі. Жүсіп (а.с.) осындағы қиын жағдайда жатып, түрмедегілерді бір Құдайға құлшылық етуге шақырудан танбайды.
Алланың ілімімен берілген түс жору өнерінің арқасында, ол Мысыр патшасының түсін жорып, зынданнан босаған еді. Патша оны өзіне кеңесші етті. Бірақ, Жүсіп жақсылықты одан емес, Алладан күтті. Нәтижесінде патша бүкіл Мысырдың билігін Жүсіпке (а.с.) берді. Осы сенімі үшін Алла Тағала патшаның өзі мен оның адамдарына мұсылмандықты нәсіп етті.
Билікке келген соң Жүсіп (а.с.) ең алдымен азық-түлік молайтты. Ол азық-түлік іздеп келген ағаларын танып, істеген қастықтарын түгел кешті. Қырық жыл жылап, көзден айырылған әкесі Жақыпқа (а.с.) өз жейдесін жіберіп, сонымен көзін сүртсе, шипа болатындығын хабарлайды. Жейде тиер-тиместе оның көзі бұрынғыдай көреді. Бұл жейде Ибраһим (а.с.) отқа тасталғанда, Жәбірейіл жәннаттан әкеліп оған кигізіп, одан Ысқаққа, одан Жүсіпке дейін жалғасқан Алланың сыйлығы болған ғажайып мұра еді.
Абай МАУҚАРАҰЛЫ.