«Жүректің көзі ғана өткір»
— Сафуан мырза, жақында Алматы көрермендеріне мүлдем таныс емес, жаңа бір антрепризалық театрдың шымылдығын аштыңыз.
— Антреприза, ол — жеке адамның қолға алған ісі. Ол көбінесе театрға байланысты айтылады. Бұл актердің негізгі жұмысына кедергі жасамайтын, өзінше бір ізденіс театры десе болады. Мұның қызық жері, актер өзінің ойында жүрген спектакльдерін, моноспектакльдерін көрерменге ұсына алады. Актер әлемнің кез-келген жерінен актерлер шақыртып, солармен бірге өз қаражатына театр, спектакль қоя алады. Еуропада, өзіміздің жанымыздағы Ресейдің өзінде мықты актерлердің бір-бір антрепризалық театрлары бар.
— Еліміздегі театрлар мен әлемдік театрлардың деңгейі қандай?
— «Кішкентай ханзаданы» қоюшы-режиссер Болат Әбдірахманов деген азамат. Әлем елдері театрларынан хабары бар. Жақында ол “Мауглиді” көру үшін Англияға барып, оны Король театрынан көріп қайтты. Оған алты ай бұрын билет сатып алды. Сонда оған театрдың балконынан орын тиген. Ең төменгі билеттің бағасы — 50 еуро. Ал бізде театрдың кез-келген жанның қалтасы көтере алатын билеттерін өткізу қиын болып тұр.
— Антрепризалық театрдың алғашқы шымылдығын неліктен француз жазушысының шығармасымен аштыңыз?
— Режиссер екеуміздің айтпақ ойымыз әлемнің бүкіл театрында қойылған, мюзикл, мультфильм, бейнеклип те түсірілген, поэтикалық тілмен симфония арқылы көрерменге жол тартқан, бірақ моноспектакль қойылмаған туынды. Адамзатқа ортақ тақырыбы, ортақ құндылығы бар француз жазушысы Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзадасы» арқылы біраз дүниелерді айтқымыз келді. Қазір кез-келген адам руханиятпен жақын емес. Бір ғана мысал, желідегі өзгенің суреттерін көріп отырып, «Менде неге анау жоқ, менде неге мынау жоқ» деп, алдымен өзінің, сосын басқалардың миын жейді, есін шығарады. Бұл — өмірдегі құндылықтардың жоғалуының бір көрінісі.
«Кішкентай ханзадада» Экзюпери: «Үлкендер есепті, есеппен өмір сүргенді жақсы көреді», — дейді. Кішкентай бала әкесіне бір баламен танысқанын айтса, әкесі оған «Қандай кітапты оқыған екен?», «Қандай ойын ойнайды екен?» — деген балаға байланысты сұрақ сұрамайды. Олар керісінше: «Әкесі бар ма? Неше ағайынды? Әкесі ақшаны көп таба ма екен? Көлігі қандай екен?» — деген сияқты дүние нәрселерге әкеп тірейді. Баланың жүрегі, тілегі назардан тыс қалған. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген қағида бүгінде ұмытылған. Экзюпери шығармасында адамның есейе келе ешкімге сенбей өмір сүруін керемет айтып кеткен. Соңында Экзюперидің «Ең маңызды көркемдікті, әдемілікті көзбен көре алмайсың, жүрек көзі ғана өткір» деген сөзімен аяқтадық.
— «Кішкентай ханзаданы» “өмірге әкелу үшін” демеуші іздемедіңіз бе?
— «Кішкентай ханзада» алғаш Көкшетау қаласындағы жергілікті облыстық театрда қойылды. Көпшілікке ұнағаннан кейін біз Алматыда көрсетуге бел будық. Бұл жерде бізге «Тамшы» қоғамдық қоры көмектесті. Күні кеше құрылған қоғамдық қордың мақсаты да ғылым мен мәдениетті қолдау екен. Идеямыз бір жерде қабысты, бір жерде табысты.
Сұхбаттасқан —
Саят Қамшыгер