Жүрекке жақын ақын

Ғашықпын!
Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам, болмайын. Сол аман ба?!
О, Тәңірім! Неткен жан қайрылмайтын!
Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?!

Ғашықпын!
Қайтіп оны жасыра алам,
Бір алтын оның әр тал шашы маған.
Сағынайын, таусыла сағынайын,
Сағынышқа жаралған ғашық адам.

Шарықтап, қолым жетпес көкте Күнге,
Ақ қанат құсым менің, кеткенің бе?
Шарқ ұрып бар ғаламды шыр айналып,
Мәңгілік сені іздеумен өткенім бе?

Сарғайған сағынышты басып толық,
Бар үміт, бар сенімді шашып болып.
Өтермін сірә да мен бұл өмірден,
Мәңгілік қалармын мен ғашық болып!

Cірә, бұл өлең шумақтары кімдікі деп сұрар болса әр қазақ ойланбастан Мұқағали деген болар еді. Қазақтың маңдайына біткен ақиық ақын. Мұзбалақ ақын. Жалған дүниеден жас кетсе де, артынан өшпестей із қалдырды.
Қазақтың лирик ақыны Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев Алматы облысы, қазіргі Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүние есігін ашты. Азан шақырып қойған есімі Мұхаммедқали. Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Ақынның анасы Нағиман апа былай деген екен: «Мұқағалиім 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі, балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз…». Ал ақынның екінші туған күніне байланысты МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар мынадай сөз айтқан: «Құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған».
Соғыстың ащы дәмін бала Мұқағали ерте татқан. Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен қатар өткен. Мұқағалидің әкесі 1941 жылы Калининград майданына аттанып, сонда қаза тапқан. Мен оқыған деректер бойынша, ұлы ақын шахмат ойнауды, аңға шығуды, балық аулауды, үйіндегі аз ғана жиһаздың орнын ауыстырып тұруды өте жақсы көрген. Тіпті, тағам жасауда қолынан келген деседі. Демек, бұл ақынның сегіз қырлы, бір сырлы болғандығын білдіреді.
Ақынның шығармашылығына келер болсақ, Мұқағали Мақатаев өлеңді көбіне күз және қыс мезгілінде өндіріп жазуды ұнатқан деседі. Ақиық ақынның алғашқы өлеңдері «Қырман басында», «Қойшы бала – Әкітай» деп аталды. Ал аудармашылығына бет бұрар болсақ, Азия ақындары бойынша Дантэні алғаш аударған Мақатаев болды. Ақын жастайынан өжет әрі ер мінезді әжесі Тиынның тәрбиесін көріп, әжесінің айтқан ақыл сөздеріне, аңыз-ертегілеріне сусындап өскен. Мұқағалидің озат ойлы, ашық пікірлі болуына әжесінің тәрбиесі ықпал етті деседі. Ақын өзінің қысқа ғұмырында мыңнан аса туынды қалдырған. Бірақ, көзі тірісінде 8 жыр жинағы және 3 аударма кітабы жарық көрген. Мұқағали Мақатаев орыс тілін жетік білген. Үлкен еңбек жолын ауыл мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған және одан әрі үлкен қызметтерге де (хатшы, диктор, бөлім меңгерушісі сынды) тағайындалып, жұмыс жасайды. Уақыт өте Жазушылар Одағына да мүше болған. Кей деректерге қарағанда ақын өле-өлгенше Жазушылар Одағын аузынан тастамаған деседі. Тіпті ақтық демі шығарда өзі сүйген сол бір Одақты сұраған екен.
Қазіргі сәтте Мұқағали поэзиясының біраз бөлігімен таныспын. Соның ішінде жаныма ерекше жақын өлеңі «Пай, Пай, Өмір!» деп аталады. Бұл өлең көпке таныс болар. Өмірдің қамшының сабындай қысқа ғана екендігін және саған сыйға берілген құс қанат ғұмырды бағалау керектігі жайлы ерекше әсем әрі көркем тілмен жеткізген. Мейлі, бізде өзіміз қалаған дүниелердің көбі жоқ болар. Қанша дегенмен, бір кем дүние екендігін естен шығармаған жөн. Қолда бардың қадірін біліп, одан әрі биікке талпынғанымыз дұрыс болар. Барымызды бағалауымыз қажет. Міне, менің түйгенім осы.

Жанерке ҚҰРАЛ, жас тілші, Алматы облысы,
Іле ауданы, №7 мектептің оқушысы

 

ПІКІР ЖАЗУ