Жүйріктердің бағы жансын!

Астана қаласында биылғы сәуір айының 23-30 күндері аралығында Халықаралық Менделеев олимпиадасы өтті. Олимпиада қорытындысы жарияланар тұста біздің журналымыз баспаханада басылып жатқан еді.
46-рет ұйымдастырылып жатқан пән бәйгесіне 20 мемлекеттің оқушылары құрама командалары қатысты. Атап айтсақ, Әзірбайжан, Белорусь, Бұлғария, Венгрия, Грузия, Индонезия, Қазақстан, Қырғызстан, Литва, Македония, Молдова, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Украина, Франция, Эстония елдерінен 110 қатысушы химия пәнінен бақ сынамақшы. Қазақстан Республикасынан 16 жас талант ел намысын қолдан бермейміз деген сенімде. Біз оларға сындарлы жарыстың алдыңғы сапын бермеңдер деген тілек айттық.
Бұл тілегімізге өткен жылдардағы Менделеев
олимпиадасының жүлдегері, Қазақ-Британ университетінің І-курс студенті Ернұр Төлеп те қосылды. Орайы келгенде Ернұрмен өткен қысқаша сыр-сұқбатымызды жариялап отырмыз.
Ернұр — халықаралық «Туймаада-2010»
олимпиадасының І-орын, Менделеев олимпиада-сының күміс медаль, «Мистер Туймаада», «Ең үздік экспериментші» атақтарының иегері, Тараз қаласындағы қазақ-түрік ұлдар лицейінің түлегі.
— Ернұр, өркенің өсе берсін! Менделеев олимпиадасына қатысып, жүлдегер атанған соң не өзгерді?
— Қойған мақсатым, Менделеев олимпиадасында топ жару еді. Бұл жеңіс маған маңдай тердің арқасында келді. Нәтижеге қол жеткізген соң, ғылыми химиямен айналыса бастадым.
— Химия пәніне шынын айту керек, оқушылар көп қызыға бермейді. Химия қалай жаныңа жақын болып кетті?
— Иә, рас айтасыз. Пәнге құштарлығым 7- сыныпта басталды. Оның сырын ашып, қызықтыра білген ұстазым Ферхат мырзаға алғысым шексіз. Мені шыңдаған республикалық «Дарын» ғылыми-жоба орталығы.
— Адам баласын биікке жетелейтін еңбек пе, арман ба?
— Сенім, қажымас еңбек, талмас талап. Үшеуі үйлесімін тапқанда, мақсатыңа жетесің.
— Ернұр, дәл осындай биікті бағындыру бір пәнмен ғана шектелмеген болар?
— Иә, өте орынды айтасыз. Мен Пауло Коэльоның «Алхимик», Фридрих Ницщенің «Генеология морали», Артур Шопенгауэрдің «Мир как воля и представление», басқа да кітаптарды оқып шықтым. Өкініштісі, аталған кітаптардың көпшілігі қазақ тіліне аударылмаған.
— Туған жерің мен отбасың туралы да айта кетсең…
— Мен Тараз қаласында туып, өстім. Әкем құқық қорғау саласының қызметкері, анам үй шаруасында. Отбасында 4 баламыз. Ұлдың кенжесі мен, және қарындасым бар.
— 46- Менделлев олимпиадасы биыл елімізде өткізілуде. Оның Қазақстанда ұйымдастырылуына сен және сенің әріптестеріңнің үлесі орасан деп білеміз. Жас толқынға деген тілегіңді арнасаң…
— Абай атамыздың бір шумақ өлеңін оларға бойтұмар қылып тақсам деймін:
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішінде қулық сақтап.
Өзіңе сен өзіңді алып шығар,
Ақылың мен еңбегің екі жақтап.
— Әңгімеңе рақмет!
Сұқбаттасқан:
Нұржан Бай-Сақ.
Астана.

ПІКІР ЖАЗУ