Жоғалмаған балалық* (Соңы. Басы өткен санда)
3. Білім өріне
Мен отыздың қазанында туыппын,
Он бесімде ширатылып шынықтым.
Он алтымда ор текедей орғыдым,
Кәдімгідей көпті көрген жігітпін.
Ақыл-ойым алға сүйреп есейдім,
Жоқтатпастан орнын әке-шешемнің.
Алып кетті қырық үштің қысында
Дүйсен ағам – жалғыз ұлы Есейдің.
Сұрапылда Алматыға мен келдім,
О басында орын таппай, сенделдім.
Оқуымды жалғастырып осында,
Қарт ҚазПи-ге түсуімді жөн көрдім.
ҚазПи – көптен атағы зор шаңырақ,
Қозылардай қиқуладық жамырап.
Әуезов кеп оқығанда дәрісін,
Аузымыз қалған еді аңырап.
Сонда маған сөйлеп тұрды тіл қатып,
Әдебиетші кәдімгі Айқын Нұрқатов.
— Бақыттымыз! Деді сонда Баламер.
Домбырасын безеп, әнін шырқатып.
— Ғажап, Ғажап!
Әуезовтың өзінен
Дәріс тыңдар тәнті болу сөзіне!
Ризамын өзге жерден оқымай
Тек Мұқаңа шәкірт болған кезіме.
4. Шолпан батқан қара су
Демалыста барам ауыл – жайлауға,
Құлын біткен желілерде байлауда.
Сәл қолымыз босай қалса шуылдап
Шығатынбыз су малшылап ойнауға.
Қоға басқан бар қара су іргеде,
Сол бір судан тазаратын кір дене.
Тереңдігі төрт-ақ метр болатын
Өзен де емес көлшікке ұқсас бірдеңе.
Бәлкім жаңбыр, қар суынан жиналған,
Табиғат қой солай етіп ұйғарған.
Бала біткен базарлаймыз сонда кеп,
Құлағымда сарыны мол күй қалған.
Бұлдырайды балалық шақ елесі,
Шілде айының тұрған саумал желі есіп.
Күмп береміз қара суға қарқылдай
Шаттанушы ек шаң-шұңдаса кеңесіп.
Шолпан деген болды әйбат қыз бала,
Қаршадайдан жүруші едім қызғана.
Боз қыраудай өңі аппақ болатын,
Күлімсіреп қоюшы еді наздана.
Мектепте де жаңылмайтын жұбымыз,
Бірге өтетін айлар, жылдар күніміз.
Егер Шолпан өлмей тірі тұрғанда
Бірімізді жоғалпаушы ек біріміз.
Сол Шолпаным жалт-жұлт еткен қайраңдай.
Бізбен бірге жүретұғын сайраңдай.
Қарауытқан қара суға ырғыды
Малту білмес халін мүлде ойланбай.
— Шолпан! дедім шошынып мен жағадан,
Секірерде ол маған жалт-жұлт қараған.
Шолпан!
Шолпан!
Қалжыңыңды қой! — деймін.
Батты суға!
Кетті суға!
Жоқ адам!..
Шолпан суға кетті! – десіп шуладық,
Таппай судан шошынып біз туладық.
Қара судың өңешіне жұтылды,
Шолпаным-ай!
Кімнен жәрдем сұралық?..
Шолпанымның іші сумен кеулеген,
Шуласқан жұрт:
-О, жаратқан! – деуменен.
Дәрігерсіз дәрмені жоқ ауылдың
Қолдарынан ешбір ем-дом келмеген.
Жатты Шолпан күн ұяға батқанша,
Белгі бермей тірліктен таң атқанша.
Жатты Шолпан көз жұмулы, тіс жармай
Түнгі аспаннан жарық жұлдыз аққанша.
* * *
Шолпанымның тіп-титімдей денесін,
Өлген жерге қою жөн ғой дегесін.
Қара судың жағасына қалқиттық,
Жазып атын қағып зират шегесін.
Сол Қара су – «Шолпан суы» аталды,
Көрген көздер сол көлшікке маталды.
Алда-жалда бет түзесем ауылға
Шолпан жаққа жалғастырам сапарды.
Бір жас үлкен болғандықтан «Ағалап»,
Сыйлайтұғын мені ерек бағалап.
Егер біреу оған әбес сөз айтса,
Маған мұңын шағушы еді сағалап.
Бар болғаны бітірді екі сыныпты,
Өте зерек оқушы еді білікті.
Бестік баға еншісіне тиетін
Дәптерлерде қаздай жүзіп тұнып тұр.
Той болғанда әсем әнге салатын,
Тыңдаушылар тәнті болып қалатын.
— Осы қыздың болашағы зор-ау деп
Ұстаздары оған аң-таң болатын.
Тақпақтарды тақылдатып айтатын,
Жүгіргенде желдей есіп қайтатын.
Анасы Әлпен:
— Айналайын, ақ ботам! –
Сүйсінгеннен баяу басын шайқайтын.
…Мен ауылымнан хабарымды үзбеймін,
Қиялдаймын, Шолпанымды іздеймін.
Қара су да бара жатыр құрдым боп
Баяғыдай шомылмаймын, жүзбеймін.
5. Қозыға қасқыр шапқанда
Қияларда қозы бағып жүрген ем,
Түс ауғанда болды оқиға білмеген.
Маңырасып үрке қашты қозылар
Түтқиылда бөрі тиіп іргеден.
Тым-тырақай қашты қозы бұлтыңдап,
Үрке шошып, бей-беркет бытырап.
Қайт кейін! — деп қарап тұрмын дәрменсіз,
Атар ма еді оқтаулы бір мылтық ап!
Бар болғаны сүйретулі құрығым,
Қаруға оны санар дейсің мұны кім?
Қайт! Қайт! – деумен қалды тамақ қарлығып,
Болмайды ғой бекер қарап тұруым.
— Қайқай, деймін, құзғын, қорқау қасқырлар!
Құдай ұрсын, қаңғыбас, қара басқырлар.
Айқайымды жел қақпайлап әкетті,
Тыңдағандай жаңғырықты тас-қырлар.
Екі қасқыр шыға келіп жылғадан
Қас қаққанша қозыларды ұрлаған.
Жондарында қозы кетіп барады,
Маңырауын жапан дала тыңдаған.
Екі қозы жан тапсырды табанда,
Бұл сұмдықты айту қиын маған да.
Ферма бастық апай басын шайқады:
«Япырай, мұндай қапа болар ма!»
Колхоздың әр есепте ғой қозысы,
Жекеменшік болса онда өз ісі.
Күн батуға құрық бойы қалғанда
Жылай-жылай жүйкем тозды, көз ісіп.
Ауылыма бас салбырап оралдым,
— Өкінбе, деп мылтық алар болар күн!
Әлпен апай жұбатады мені аяп
Ал, шығынның орнын қайдан табармын?
— Қос қозыны еңбегіме берешек
Қосам дедім сол шығынға келешек.
Тәртіп қатаң екенін іш сезеді
Соғыс жылы айналаның бәрі есеп.
Бәлкім мені аяды ма, кім білсін,
Дегені ме мен үйреніп үлгерсін.
Біледі олар менің ауыр халімді
Сезеді олар жетімдікті бүлдіршін.
Меншігінде қозысы көп Жақия
Деді маған: басыңды көп қатырма.
Шығыныңды шып-шырғасын қалдырмай
Қалқам, Мыңбай, қосам сенің атыңа!
…Зулай ағып өте берді мөлтек күн
Ел қорғауға кеткен бәрі еркектің.
Он үшімде мен бозбала атандым,
Ауылым үшін тартынбадым, тер төктім.
* * *
Көз алдыма кетті тағы елестеп,
Сағымданған аптап күндер, жел ескек.
Өр сеніммен алға өрлеп келемін,
Белді буып белестерден белеске.
— Қалай бала, бағасың ба қозыны?
Қарт-құртаңның кеткен жүдеп тозығы.
Еңбегіңе екі қозы аласың,
Өз ауылың – кең сарайдай өз үйің!
Деген солай апай ферма басқарған,
Сені лайық көрдік көнбіс жастардан.
Төкең-дағы сені құптар түрі бар
Колхоздағы маған бастық басқармам.
— Құп болады! – деп мен сонда келістім,
Өлкедегі бәрі таныс өрістің.
Енесінен ажыратып қозыны,
Маңыратып бағуға мен кірістім.
…Енді міне, бойдақ қойды бағамын,
Оңашада әуезді әнге саламын.
«Шәй-шәй, қойым» деуден ешбір жалықпай,
Ойдан өрлеп, қырға кетіп барамын.
Қолда мылтық, қасқа құнан астымда,
Кездестірші енді бәлем қасқырға.
Көздеп тұрып танытайын көкесін,
Ей, көкжалдар, қайтып маған қас қылма!
Керемет күш тұла бойды кернейді,
Сенім – сергек. Көңіл – көкке өрлейді.
«Шәй-шәй, қойым» қырға қарай тартыңдар!
Қолбасшыдай санам алға сермейді.
Мыңбай РӘШ.
* Шығарма қысқартылып алынды.