Жетім бала
Ертеде бір жетім бала бір байға қой бағуға жалданыпты. Алатын еңбегі – жылына бір тоқты екен. Оған ен салып, белгілеп жүреді. Күндердің күнінде қойға қасқыр шауып, әлгі баланың жалғыз тоқтысын тамақтап кетіпті. Бала жылап, Құдайға налып: «Әке-шешемді алды, жетім етіп, енді жалғыз тоқтыны да маған көпсінгенің бе, не жаздым?!», деп тоқтының терісін сойып алады. Тоқтының жыртық терісін сатайын десе, ешкім алмайды. Сөйтіп, мұңайып, иен далада қойын бағып жүргенде, үлкен шаһарларға жүріп бара жатқан керуенді кезіктіреді. Керуен басшысына келіп:
— Ағатай, мен жетім едім. Байға бір тоқтыға жалданып, қойын бағып едім. Қасқыр байдың мың қойының ішінен жалғыз тоқтыма шауыпты. Мынау соның терісі, осыны сізге аманат етіп тапсырамын. Өзінен басқа бір нәрсеге айырбастап әкеп берсеңіз болды, — деп өтінеді. Керуенбасы:
— Жетім екенсің, жарайды, аманатыңды алайын, — деп тоқтышақтың терісін алып кетіпті. Керуен қалаға барып, заттарын сатып, базарға келеді. Теріні халыққа көрсеткенімен, ешкім сұрамайды. Дегенмен, аманат деп ұстап жүргенде, бір адамның мысық ұстап тұрғанын көреді:
— Мына мысығыңды сатамысың? – дейді.
— Сатамын. Ана қолыңдағы теріңе алмастырайын, — дейді әлгі мысықтың иесі. «Өзінен басқаға айырбастап әкелсең болады» деді ғой, алайын теріні беріп, — деген оймен мысықты алып, арбаның үстіне байлап қояды. Қайтып келе жатып бір шаһарға түнейді. Азанда қараса, мысық жоқ. «Аманат нәрсе, табу керек», деп көшеден, дүкеннен іздеп жүрсе, бір дүкенші мысықты байлап қояды. Керуенші танып, алмақ болып еді, дүкенші бергісі келмей: «Бізге мысық керек еді, сатыңыз», — дейді. «Жоқ сата алмаймын, бұл аманат нәрсе», — дей бергенде, үш-төрт бай қоярда-қоймай, сатып алмақ болып, мың ділдә береді. Сөйтсе, бұл шаһарда бір мысық жоқ, егеуқұйрық көп екен. Дүкен заттарына көп зиян келтіреді екен. Түнде керуеншінің әкеле жатқан мысығы босанып кеткен соң, талай егеуқұйрықты қырып тастапты.
Керуенбасы, келген соң: «Мә, аманатың мың ділдә болды», — деп жетім балаға мың
ділдәні ұсынады. Бала «Сіз мені мазақтай-сыз, жыртық тоқтының терісі мың ділдә болды ма?» — деп сенбейді.
Керуенбасы:
— Мазағы жоқ, Құдай берген мал, ал қарағым, — деп қалай болғанын айтып береді. Бала аң-таң болып, қуанышы қойнына сыймай, ділдәні алады.
Жинаған: Дина НҰРҒОЖА.
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,
Асы-саға ауылы.