Жеңімпаздар Австрияға барады

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен өткен суретші балаларға арналған «Жануарлар — менің достарым!» республикалық конкурсы қорытындыланды. Республикалық конкурстың жеңімпаздары марапатталды. Қатысушылардың еңбегі Бас жүлде және төрт топ (6-8 жас, 9-11 жас, 12-14 жас, 15-17 жас) бойынша бағаланып, әр топтан үш орыннан жеңгендер анықталды. Салтанатты құттықтау шарасы конкурстың Бас демеушісі «EduStream» компаниясының EduStream KZ атты Youtube арнасында онлайн өтті.
Байқауға қатысқан жас суретшілер онлайн марапат басталғанша чатта бір-біріне жеңіс тілеп, құттықтап жатты. Салтанатты шараны Қазақстан Республикасының Бала құқығы жөніндегі уәкілетті өкілі Аружан Сайын ашып, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің құттықтауын оқып берді.
2020 жылдың 1 сәуірі мен 15 шілдесі аралығында өткен конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен төрт мыңнан астам бала қатысқан. Қазылар алқасының шешім қабылдауы оңай болған жоқ. Нәтижесінде жеңімпаздар тізімі анықталды. Бас жүлде Алматы қаласының тұрғыны 15 жасар Мария Иваниченкоға бұйырды. Ол конкурстың бас демеушісі «EduStream» компаниясынан Австрияға жолдама және Apple iPad иеленді. Австрияға сапар сертификатын сондай-ақ әр жас тобы бойынша 1 орын иегерлері де қанжығасына байлады. Барлық жеңімпаз «Технодом», «Настоящий Буратино» компанияларынан смартфон, самокат және басқа құнды сыйлықтарға ие болды. Ішкі Істер Министрлігі конкурсқа қатысқан Жасмин Назар, Ахмед Аделя, Рызаева Фатимаға арнайы сыйлық – планшет табыс етті. Сонымен қатар қысқа бейне түсіретін «LIKEE» ғаламдық платформасы, «Добровольное общество «Милосердие» қоғамдық қоры, «AnimalSecurity» қоғамдық қоры, «Белый бим» жануарлар панасынан ынталандыратын сыйлықтар өз иесін тапты.
Жеңімпаз атанған балалардың қуанышында шек жоқ. Ұйымдастырушылар қатысушыларға онлайн қосылу арқылы, олардың әрқайсысына сөз беріп жатты. Солардың бірі, 9-11 жас тобында 1 орын иеленген Елдос Жангелді: «Мен бірінші орын алатыныма сенімді болдым», — дейді. Граттаж техникасын қолданғанды ұнататын жас суретші талай конкурстарда жүлделі орын алып келеді. Ал «Жануарлар – менің достарым!» байқауына салған суретке әлеуметтік желіде балалардың итті өртегені жайлы оқыған ақпараты ықпал етіпті. «Суретімде циркте өнер көрсеткен әдемі пілді салдым. Және сол пілдің ойында қалай қиналғаны, адамдар оны циркте өнер көрсету үшін қалай қинап жаттықтырғаны жайлы да кескіндеме келтірдім. Осылайша мен адамдардың жануарларға қалай күш көрсететінін жеткізгім келді»,- дейді Елдос Жангелді.
15-17 жас аралығындағы 2 орын иегері Жасурбек Карчиев болса, жеңісті мүлдем күтпепті. «Мен үшін бұл жеңіс күтпеген жерден болды. Өте қуаныштымын. Онлайн құттықтау тамаша өтті, демеушілерге, ұйымдастырушыларға рақмет айтамын», — дейді 17 жастағы түркістандық суретші Жасурбек Карчиев. Өткен жылы басқа республикалық сурет байқауына қатысқан Жасурбек Бас жүлдені иеленген екен. Көшеде қараусыз қалған итті салу ойы түрлі фильмдерден үй жануарына деген қарым-қатынасты көргеннен кейін туындаған.
«EduStream» компаниясынан Австрияға сертификат алған жеңімпаздар өз еңбектерін Венада өтетін көрмеде паш етеді (карантин аяқталғанда). Ал конкурсқа қатысқан бір топ баланың суреті еліміздің қалаларындағы көшелерде билбордқа ілінеді. Конкурсты ұйымдастырушылардың мақсаты – адамзаттың санасына ой салып, жануарларға деген қатігездік пен қоршаған ортаға немқұрайлы қарамауды бала кезден санасына сіңіру.
«EduStream» компаниясы еліміздің жаңартылған білім беру бағдарламасын қолдайды және бізге осы бағдарламадағы білім арқылы адамдық құндылықтарды насихаттау идеясы ұнайды. Неге десеңіз, бұл құндылықтар біздің компаниямыздың құндылығымен сәйкес келеді. Сол себепті біз «Жануарлар – менің достарым!» сурет байқауына қуана демеушілік таныттық. Табиғатқа, айналаңа, жануарларға деген сүйіспеншілікті, біз, өскелең ұрпаққа бүгінгі конкурс сияқты шаралар арқылы, біліммен қатар өз іс-әрекетімізбен көрсету арқылы жеткізуіміз керек. Мұның тәрбиелік мәні зор. Менің өзім де көшеден келген мысықты және иесі қарауға уақыты болмаған бір итті асырап алдым. Одан бөлек қызым күтім жасайтын қояндар және ұлым қарайтын тағы ит бар»,- дейді «EduStream» білім беру орталығының бас директоры Наталья Мухамеджанова.
Конкурс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қамқорлығымен, БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «БалаларӘлемдіБейнелейді» Қоғамдық Қоры, бас серіктес «EduStream» компаниясының және «Технодом» мен «Настоящий Буратино» серіктестерінің қатысуымен өтті.

Тілекгүл Есдәулет

ПІКІР ЖАЗУ