Жаздық жеңіл салаттар
«Керемет»
Құрамы: 3 дана салат жапырағы; 2 дана қызанақ; 1 дана пияз; 1 дана сәбіз; 1 ас қасық жүгері; 10 дана қара зәйтүн дәнегі; 1 ас қасық консервіленген тунец; 10 дана жасыл зәйтүн дәнегі; 1 дана жұмыртқа; тұз; дәмдеуіш; 5 ас қасық зәйтүн майы; 2 ас қасық алма сірке суы; жарты шәй қасық қыша (горчица)
Дайындау тәсілі: Салат жапырағын ірі бөліктерге бөліп тураймыз да тәрелкеге саламыз. Қызанақты бұрыштап турап, пияздың тек жарты бөлігі мен сәбізді ұзынша етіп тураймыз да салаттың үстіне саламыз. Тунецті және жұмыртқаны сегіз бөлікке бөліп саламыз. Жүгері мен зәйтүн дәнегін саламыз. Соус үшін зәйтүн майы мен алма сірке суын қышамен араластырып салаттың бетіне аз-аздап құямыз. Мөлшерден асырмай тұзбен, дәмдеуіштермен араластырамыз. Салатымыз дайын.
«Оливье»
Құрамы: 200 г пісірілген тауық еті; 200 ас шаяны (креветки) ; 3 дана қияр; 5 дана картоп; 3 дана қайнатылған жұмыртқа; 2 дана тұздалған қияр; 50 г зәйтүн дәнегі (сүйексіз); Майонезге қосу үшін: 1/2 дана лимон; 1 дана жұмыртқа сарысы; 150 мл зәйтүн майы; 0,5 шәй қасық тәтті қыша;
Дайындау тәсілі: Блендерге майонезді саламыз. Сарымсақты тазалап, бөліктерге бөлеміз. Жұмыртқаның сарысы мен қышаны, тұзді араластырамыз. Зәйтүн майын қосамыз. Барлығын блендермен жақсылап араластырып аламыз. Дайын болған соусқа 1-2 қасық қайнаған су қосып жіберуге болады. Лимон шырынын қосып, аздаған уақытқа тоңазытқышқа қоямыз. Картопты жуып, қабығын аршып, төртбұрыштап тураймыз. Зәйтүн дәнін дөңгелектеп турап, картоппен, тұздалған қиярмен араластырамыз. 2 ас қасық соус қосып, 30-40 минутқа қойып қоямыз. Тауық еті мен қиярды да турап аламыз. Барлық қоспаларды қосамыз. Бетіне майонезді соусты саламыз. Безендіру үшін ас шаянымен (креветки) безендіреміз.
«Қызанақты салат»
Құрамы: 400 г ысталған тауық; 200 г қатты ірімшік; 300 г маринадталған саңырауқұлақ; 4 дана асылған жұмыртқа; 1 дана пияз; 5 дана қызынақ; 3 бас сарымсақ; 1/2 лимон шырыны; майонез; тұз; Безендіру үшін: 3 дана кішігірім қызанақ; 6 дана зәйтүн дәнегі; 1 дана қияр;
Дайындау тәсілі: Пиязды ұсақтап турап, саңырауқұлақпен бірге табаға қуырамыз. Тауық етін төртбұрыштап тураймыз. Жұмыртқа мен ірімшікті үккіштен өткіземіз. Дайын болған қоспаларды кезекпен тәрелкеге салып, арасына міндетті түрде майонез жағып отырамыз. Яғни алдымен тауық етін, пияз қосылған саңырауқұлақты, жұмыртқаны, ірімшікті, қызанақты кезекпен орналастырамыз. Салатты соңынан суреттегідей етіп безендіреміз.
Ас дәмді болсын!