«Жасыл экономика» – жарқын болашақ
Қазір әлем қоқыстың құрсауында қалып отыр. Шірімейтін тұрмыстық қалдықтар айналамызды ластап, табиғатқа зиянын тігізіп жатыр. Тіпті, төрт ғасыр өтсе де, мұрты бұзылмайтын пластикалық бөтелке, полиэтилен қалталардың залалы климатты өзгертуге дейін ықпал етіп отыр. Статистакаға сенсек, 4 адамнан тұратын отбасы жылына 400 кг қоқыс шығарады екен. Ал соңғы кездері тұрмыста жиі тұтынып жүрген пластик заттардың кесірінен жануарлардың 800 түріне жоғалып кету қаупі төніп келеді.
Күнделікті тұтынатын полиэти¬лен қалталар алғаш АҚШ-та өндіріле бастаған. 1957 жылдан бері күн санап сұранысы еселеп артқан полиэтилен дорбалар жер бетін «басып» қалды. Мұхиттар да полиэтилен дорбалардан зардап шеге бастады. Орта есеппен 1 жылда 6 миллион 300 мың тонна полиэтилен дорба теңіздер мен мұхиттарға тасталады екен. Салдарынан теңіздегі тіршілік жойылу алдында десек, артық айтқандық емес.
Мамандардың айтуынша, бүгінде балықтардың жаппай қырылу жағдайлары жиілеген. Бір жылда жүз мыңға жуық теңіз жануарлары осы пластикалық қоқыс кесірінен қынадай қырылады екен. Оның ішінде сирек кездесетін, саны аз, ерекше қорғауға алынғандары да бар. Табиғатқа төнген осынау орасан қауіппен күрес үшін көптеген мемлекеттер оны қолдануға шектеу қойды. Еуропаның бірқатар елі соңғы жылдары полиэтилен дорбаларды қо묬данудан заңды түрде бас тартты.
Дания 1994 жыл¬дан бері полиэтилен дорбаларды тегін тара¬татын дүкендерге салық салады. Австралия мұндай дүкендерге айыппұл төлетеді. Ирландия матадан тігілген қалта¬ны пайдаланады. Финляндия полиэ¬тилен дорбаларды қабылдайтын автоматтар орнатқан. Франция 2016 жылдан бері полиэтилен дорба мен пластик ыдыстарды қолдануға, қайта өңдеуге тыйым салған. Өзбекстан да 2019 жылдан бастап тегін полиэтилен қалталарды тара¬ту¬ға тыйым салған. Ресейде ¬¬де сауда орындары полиэ¬ти¬лен қалта таратуды тоқтатты.
ХХІ ғасыр адамзаттың алдына экологиялық проблемаларға бірлесе қарсы тұру міндетін қойды. 2012¬ жылдың мау¬сым айында Рио-де-Жаней¬ро қаласында өткен халықаралық кон¬фе¬ренцияда «Біз көргіміз келетін болашақ» атты декларация қабылданып, онда жаһандық дамудың жаңа бағыты ретінде адамзат қауымына «жасыл экономикаға» көшу қағидасы ұсынылды. Біздің еліміз 2013 жылы
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Жасыл экономика» тұжырымдамасын қабылдады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда полимер қалдықтарын полигонға көмуге тыйым салынды. 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен полиэтилен пакеттерді сауда нүктелерінен ығыстыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар сауда нүктелерінде мұндай пакеттерді тегін тарату да тыйылып келеді. Бірақ биопакеттердің үлесі әлі де тым аз. Дерек көздерінің мәліметінше, бүгінде елімізде күніне 15 миллион полиэтилен пакет қолданылады екен. Мұндай келеңсіздіктен арылу үшін «Жасыл экономикаға» көшу арқылы Қазақстанда қалдық өңдеу көрсеткішін 2030 жылға қарай 40 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Жалпы атап айтар болсақ, «Жасыл экономика» тұжырымдамасы негізінде 2013-2020 жылдар аралығында –мемлекеттің негізгі басымдығы ресурстарды пайдалануды оңтайландыру және табиғат қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылымды құру болса, 2020-2030 жылдар аралығы – қалыптасқан «жасыл» инфрақұрылым базасында суды ұқыпты пайдалануға, жаңартылатын энергетика технологияларын дамытуды көтермелеп, ынталандыруға және оны кеңінен пайдалануға, сондай-ақ құрылыстарды энергия тиімділігінің жоғары стандарттарының базасында салуға бағдарланған ұлттық экономиканы жаңарту көзделген. Үш кезең негізінде өміріміздің өзі болып қалыптасуға тиіс «Жасыл экономика» 2030-2050 жылдары – ұлттық экономиканың табиғи ресурстардың жаңартылуы мен орнықтылығы қағидаттарында пайдалануды талап ететін «үшінші өнеркәсіптік төңкеріс» дәуірін жақындата түспек.
Тілекгүл Есдәулет