Жанкент шаһары
Жанкент қорғаны – республикалық сипаттағы археологиялық ескерткіш. Қазалы ауданы территориясындағы «Өркендеу» ауылдық округінің орталығына іргелес жатқан биік төбе сияқты топырақ басқан қорғанның орнында ҮІІ-ХІҮ ғасырларда Жанкент, Янгикент қаласы өмір сүрген. Түрікмен тарихшысы Абұлғазы баһадүрдің айтуынша, оғыз еліне жүздеген жыл астана болып келген, Сыр өзенінің сол жақ бетінде, Қазалы қаласынан 15 шақырым жерде жатыр.
Жанкент шаһарының пайда болу тарихы негізінен алғанда «Бегім Ана» аңызының тарихымен пара-пар.
Аңыз бойынша Жанкентті билеп тұрған қатыгез Санжар хан Қарабура Әзім әулиенің қаһарына ұшырап, 1153 жылы қарауындағы халқымен бірге опат болады. Сақталған жазба деректерге сүйенсек, 1219 жылы күзде Жанкент қаласына монғолдар шабуыл жасайды. Халықты қырып, қаланы өртеп жібереді. Отқа оранған қаланың үстімен қаһарлы Жошы хан шауып өтеді.
Міне, осыдан соң, ондаған жылдардан кейін ғана қала халқы өздерінің сауда мен қолөнер кәсіпшіліктеріне қайта кіріседі. Қала ХІҮ ғасырда бұрынғы қалпына келеді. Енді жаңа Жанкент араб – мұсылман мәдениетінің орталығы саналады. Осылайша «мың өліп, мың тірілген» Жанкент тағы бір ғасыр өткен соң мәңгілікке жойылады. Яғни, ХҮ ғасырдан бері қаланың көне тарихтың куәсіндей томпиып орны ғана жатыр.
Қаланың жойылуына не себепші?
Бұл жайлы тарихи деректер былайша түсіндіреді. Жанкент Азия мен Еуропаны байланыстырған Ұлы Жібек жолының бойындағы қала болатын. Кейін құрлық арқылы өтетін дүние жүзілік керуен жолдары қысқарып, Жанкент арқылы Сырдарияны кесіп өтетін үлкен жолдың да ғұмыры аяқталады. Сырдария мен Жаңадария, Қуаңдария бойындағы Жент, Жанкент, Күйіккескен, Күйік қаланы мекендеген халық осындай себептен және монғол, жоңғар, қалмақ шапқыншылығының кесірінен күйзеліске түскендіктен, атамекенді амалсыз тастап, бірте-бірте осы күнгі өзбек жеріне – Ташкент, Бұхара, Самархан, Хорезм маңына қоныс аударады.
Зерттеушілердің пайымдауынша, Жанкент Ұлы Жібек жолында жатқан сауда-саттықтың үлкен қаласы болған. Мұнда хан сарайлары салынған. Жанкент әдемі кілем шығарудың, түскиіз жасаудың, ат сайманын, садақ, жебе жасаудың, көзе-сауыт шығарудың орталығы болған.
Жанкент қаласының орнын бірінші рет қазып, зерттеген орыс ғалымы П.И. Лерх. Ол көрген кезде қаланың ескі қабырғалары, кейбір архитектурасы, көшелерінің ізі әлі жоғала қоймаған. Сыртынан қарағанда, Жанкент қаласының түрі үлкен төбе сияқты үйінді болып жатқан. Оның аумағы төрт бұрышты, жан-жағы тұтасымен биік қыш қамалмен қоршалған. Қамал қабырғасының қалыңдығы 6 метрдей. Ең жақсы сақталғаны: оңтүстік қабырғасы. Онда қатар-қатар тізбектеліп, бірнеше биік мұнаралар, оқ ататын тесік көздер сақталған. Ең биік мұнара оңтүстік батысында болған. Қаланың ортасында жан-жағын қоршаған ескі сарайдың орны. Онда ел басқарушылары тұрған.
Үйлердің орнын, қабырғасын аршып көргенде, одан көптеген архитектура үлгісі, қабырғаға түсірілген суреттер, күйдірілген кірпіштер, көк, қызғылт шынымен жапқан көзе тақталар, терракоталар, ғаншпен жасалған өрнектер, көзе сынықтары, араб жазуымен әшекейленген сауыттар, тағы сол сияқты өнер өрнектері табылған.
Жанкент қаласын қазғанда, сол ескі дәуірлерде әдемі дүние жасайтын шеберхананың орны, кірпіш күйдіретін, көзе сауыт күйдіретін, әдемі глазурь шыныларының шеберхана орындары табылған. Олардың бірталайы ХІІІ-ХІҮ ғасырдағы Алтын Орда (Дешті Қыпшақ) заманы мәдениетінен хабар береді. Жанкентте мыстан, күмістен жасалған ХІІІ-ХІҮ ғасырлардың теңгеліктері табылған.
Кеңес үкіметі кезінде Жанкентті зерттеп, одан осы сияқты көп заттар тапқан ғалым – С.П. Толстов. Соңғы жылдан бері Қазалы аууданына келіп, Жанкентті зерттеуді қолға алған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Марғұлан атындағы археология институтының және Мәскеудегі Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институтының ғалымдарының жұмысы әлі жалғасуда.
Әйгерім ТӨЛЕГЕН.
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы,
Әйтеке би кенті.