Жаңа дәуірге жаңа ұрпақ

Уақыт керуеніндегі 2023 жыл басталды. Кеңестер одағының құрамынан құтылып, тәуелсіздік алып, көк туымызды желбіреткелі отыз жыл өтіп, бір дәуір аяқталды. Мемлекетіміздің күш-құдіреті де, сыр-сипаты да күн өткен сайын өзгеріп кемелденіп келеді. Саяси сахнадан орнымыз айқындалып, дамудың жолына түстік. Әсіресе, жыл басындағы «қаңтар оқиғасы» бәрімізге ащы сабақ болып, ұйқыдан оятып, сергітті, серпілтті, тыңға қадам бастырды. Отыз жылдың бедеріндегі қателіктер мен кемшіліктерге қорытынды жасалып тәжірибе жинақталды. Болашаққа бағдарлама айқындалып, жоба-жоспарлар тұрақтанды. Біз ендігі жерде «Жаңа Қазақстан» құруға бел байладық. Оның түпкі мазмұны «Әділетті Қазақстан» болып ірге тебу, керегемізді жайып, кемелденуге бет бұру. 2021- жылы «Балалар әдебиеті» жылы болды, 2022 жылы жалғасты түрде «Балалар жылы» болды. Үстіміздегі 2023 жыл «Ауылды дамыту жылы» болып белгіленді. Ауыл – ел бесігі, ауыл біздің тамырымыз, ауыл түп қазығымыз. Ауылды дамытпай, ауылды өркендетпей толыққанды қуатты елге айнала алмаймыз. Соңғы кезде қала күнкөріс көзі, тіршілік етудің тәсіліне айналып, ауыл мен алыстағы ел көзден таса қалып келгені жасырын емес. Міне, осы жаңа дәуірдің алғашқы қадамы ауылды қолға алумен басталып жатыр. Ол туралы үкіметіміз арнаулы бағдарламалар жасап, әр сала бойынша жұмысты бастады. Ол туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында ашық айтты. Арнайы тапсырмалар беріп, қатысты мекемелерге міндеттер жүктеді.
Мектеп жасындағы балалардың қалаға шоғыр-ланып көбейіп келе жатқаны рас. Десе де ауыл мектептерінде, шет-шалғай орындардағы балалардың да аз емес екенін естен шығармаймыз. Бала тәрбиесі мен білім алу қашанда алдынғы күнтәртіптен түскен емес. Қай дәуірге қарасақ та, Қазақ халқы ұрпақ үшін өмір сүріп, ұрпақтың болашағы үшін күресіп келген жұрт. Өйткені «Адамдар бір жылдығы үшін егін егеді, он жылдығы үшін ағаш егеді, жүз жылдығы үшін бала тәрбиелейді». Ата-бабамыз аманат еткен кең байтақ дала, асты-үстіндегі бағалы қазынамызды талан-таражға салмай келесі ұрпаққа жеткізу әрбір қазақтың борышы. Бүгінгі күннің мұқтаждығынан ғана шығу малға тән сипат. Адам еңбек етіп, жоқты табады, барды жақынына, мұқтаж жандарға береді. Әсіресе, өсіп келе жатқан буынды тәрбиелейді, оқытады, киіндіреді, тойындырады. Ертеңге ақыл-ойы дамыған, білімі бойында толықсыған, денсаулығы мықты ізбасарларды қалдыру түпкі мақсаты. Өмір осылай жалғасады, тіршілік осылай мәнін арттырады, ғасырлар ауысады.
Отбасында ата-ана алғашқы тәрбиеші, алғашқы жол сілтеуші. Онан кейін мектеп күтіп тұрады, тәлім-тәрбие, білім беру басталады. Ата-ана мен мұғалімдер балаға қажетті бар білімді беріп үлгере алмайды. Оқушы онан ары кітап оқиды, журнал ашады, газет парақтайды. Хакім Абай айтқандай, «Артық білім кітапта». Бабаларымыз «Оқығанның беті жарық, оқымағанның беті көншарық» деп қатты айтқан екен, шынында солай. Біз шығарып отырған балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналы перзенттеріміз үшін білім беру мен тәрбие ісін одан ары тереңдетіп ағартушылық міндет атқарып келеді. Әсіресе, оқушылардың шығармашылығына өріс ашып, олардың жазу, сызу, жасау қабілеттеріне жол ашады. Еңбектерін елге жарқыратып көрсетеді. Жеке жасампаздықтарына қанат бітіріп дербес ойлауға, өзінше ізденуге бағыт-бағдар жасайды. Дем беріп, қолдайды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген даналық сөз баулып отырады.
Өткен жылы Абай облысын, Алматы облысын, Маңғыстау облысын, Жамбыл облысын аралап қайттық. Елордамыз Астананы, Алматыны араладық, мектептерге барып кездесулер өткіздік. Алматы облысы бойынша ««Мөлдір бұлақ» – тәрбие бастауы», Астана қаласы бойынша «Талаптыға нұр жауар», республика бойынша «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» атты шығармашылық байқаулар өткіздік. Алты номинация жанрлар бойынша озып шыққан үздіктерді марапаттадық. Шығармаларын журналға басып, оларға дем бердік. Бір байқағанымыз елдегі балаларда құштарлық, ізденгіштік, ұмтылу ниеті басым, жігері күшті, көздері жанып тұр. Олардың білсем, көрсем, жасасам деген жалынын лаулата түсу керек. Біздің оқырмандарымыздың көбі алыс аймақтардан. Ондағы ұстаздар да, шәкірттер де білімге шынайы сүйіспеншілік, қалтқысыз құштарлық бар. Осы 2023 жылға жылы көңіл, кең пейілмен жеткен оқырмандар, сіздерге ең әуелі алғыс айтамыз. «Мөлдір бұлаққа» жазылып қолыңызға алғаныңыз үшін, парақтап оқып, керегіңізді тапқаныңыз үшін рақмет! Бізге жазылуға ұстаздарыңыз шабыттандырды, насихаттады, ата-анаңыз қаржысын бөліп қолдады. Сондықтан журнал қолыңызға жетіп отыр. Отбасы, мектеп, қоғам болып үш жақтан жабылып жасап жатқан жұмысымыз ұрпақтың қамы, Қазақстанның нұрлы болашағы үшін болып отыр. Жарқын өмір болсын деп, ұлағатты тәрбие көрсін деп, болашақтың бақытты иесі атансын деп харакет етудеміз. Келген Қоян жылы құтты болсын! Білімді, білікті адам болыңыздар! Жаңа дәуірге жаңа ұрпақ керек. Ол сендерсіңдер!

Дәулетбек Байтұрсынұлы,
ақын, «Мөлдір бұлақ» журналының
Бас редакторы

ПІКІР ЖАЗУ