Жақсының аты өлмейді
Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Адамзат ішіндегі ең жүрдек жандар – журналистер. Олардың бармайтын жері, шықпайтын шыңы жоқ. Журналистер – жүрек жыршысы әрі көреген халық. Аспандағы бүркіт жердегі жорғалаған құмырсқаны көрсе, журналистер жұрт жүрегінің лүпілін сезеді де, жарыққа шығарып, жария етеді», – деген екен. Сол қауырсын қаламды серік еткен қауымның талантты өкілінің бірі – Мұса Жанәділов. Мұса атамызды ерекше «Талантты» деп айтуымыздың өзіндік себебі бар. Қаламгерлігі қалыптасқан ақындығы мен қалам ұшына найзаның күшін жиған қарымды журналистік жолы, драматургия жанрына жақындығы да ел ағасын өзгелерден ерекшелендіріп тұрады.
Жер жәннәті Жетісудің қасиетті Нарынқол ауданында 1941 жылдың 25 мамырында дүниеге келген Мұса атамыз сексеннің сеңгірін асып дүниеден озған еді. Еңбек жолын туған ауылында клуб меңгерушісі болып бастаған оның алғашқы жырлары 1962 жылы аудандық «Советтік шекара» газетінде жарық көре бастаған болатын. Жас ақынның өлеңдеріне ақиық ақын Мұқағали Мақатаев: «Кәдімгі қаламы төселіп қалған ақындардай-ақ өзінің ұтымды ой, жып-жылы сөздерімен қуантады бізді. Мұса жырлағалы отырған тақырыбын өзінің сезінуі арқалы өзінше ып-ықшамды ойлармен, теңеулермен жеткізе білуге ұмтылады» деп сәт сапар тілеген екен.
Мұса атамыз 1965 жылы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде журналистік еңбек жолын бастап, онда төрт жылдай еңбек етіп, кейіннен Кеген ауданының «Коммунизм нұры», қазіргі «Қарқара» газетіне ауысқан. Тілшілік қызметпен тірлігін қамдаған Мұса атамыз елдік, ұлттық, қоғамдық проблемалардан бастап, өмірдің түрлі салаларындағы сан алуан түйткілдерге дейін жазды. Адам жанының қыртыс-қатпарларына дейін үңілді. Оқырман сұрауына, қоғам ыңғайына орай қалам тербеді. Өз ісіне шынайы берілген шыншыл жанның кейбір сын мақалалары қамшыдай осып жіберетіні де бар еді. «Сын айта білу – әдеп, айтылған сынды қабылдай білу – мәдениет!» демекші оның қаламынан шыққан сын мақалалары мен әлеуметтік мәселені қозғаған дүниелері көпке ой салып, нәтижелі іске бастайтын-ды. Осындай жан тебіреністерін кейде өлеңмен ақтарып, оқырмандарына жеткізіп отыратын.
Мұса атамыз «Қарақара» газетінде жиырма бес жылдай еңбек етті. Осы жылдар аралығында аудан айнасында еңбек ете жүріп «Көктем тынысы», «Шыңдар», «Кегенім менің өлеңім», «Жүрек лүпілі» сынды жыр жинақтарын өмірге әкеліп, «Шопан ауылының шырайы», «Түлеген өңір» атты проза жанрдағы кітаптары да жарық көрді. «Арманым сізге аманат», «Ереуіл төбе ерлері», «Тойланбаған той» атты драмалық шығармалары аудандық, ауылдық Мәдениет үйлерінде жиі-жиі сахналанып, халықтың ыстық ықыласына бөленген еді. Ұзақ жылғы тынымсыз еңбегінің арқасында осы жылдары «Еңбек ардагері» атағын алған болатын.
Ол 1992 жылы өмір ағынымен Талғар ауданына қоныс аударып, аудандағы «Талғар» газетіне жұмысқа қабылданып, онда жиырма екі жыл тер төкті. Еңбек жолын тілшіліктен бастап, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, тіпті бас редакторды да алмастырып отырды. Қызығы мен қиындығы қатар өріліп жататын журналистік жолында жинаған атақ-абыройымен қоса тәжірибесі мол, қаламы жүрдек, ойы өткір қайсар тұлға ретінде ел ықыласына бөленді. Қасиетті Талғар топырағында Мұса атамыздың «Мен келгенде Талғарда күз болатын» және «Түлеп ұшты жүректен жыр құстарым» кітаптары жарық көрді. Еңбек ардагерінің жастарға берер тәлімі мол болды.
Өнегелі өмір жолында Мұса атамыз талай-талай жыр мүшәйраларының жүлдегері атанып, бүгінде үлкен сахналарда шырқалып жүрген көптеген әнге сөз жазды. Атақты әнші Ғалымжан Жолдасбековтың бағын ашқан «Ақ тілек» әні мен Бақыт Қуандық орындап жүрген «Кегенімді сағындым», райымбектік жастардың әнұранына айналған «Нарынқол жастарының вальсі» сынды әндері өз тыңдармандарын тауып келеді. Ақындығы бір төбе, азаматтығы бір төбе болған талант иесі өз ісі мен кәсібіне деген адалдығынан еш айныған емес. Сабырлы да салмақты мінезімен елге қадірлі, халыққа сыйлы бола білді. Шығармашылық пен ізденіске толы өмір жолында Мұса Жанәділов Талғар, Райымбек, Кеген аудандарының «Құрметті азаматы» атағын алып, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағына мүше болды.
Мұса атамыз көзінің тірісінде журналистика саласына елу жылдан аса сіңірген еңбегінің рахатын көріп, өмірлік серігі Нұрғиса әжеміз екеуі қызын қияға, ұлдарын ұясына қондырып, олардан немере, шөбере сүйіп артына ұрпақтарын қалдырды. Екінші үйіндей болып кеткен газет редакциясынан шыңдалып шыққан мен сияқты жүздеген шәкірттерінің жадында мәңгіге сақталды. Адам дүниеге келген соң артынан арлы із қалдыру адамзаттық парыз дейді. Бұл сан ғасыр бойы өзгермейтін заңды қағида. Ал, өнер иесінің ізгі жолы, ұрпаққа үлгі, халыққа қажет құндылық. «Өнерлі жан мәңгі жасайды», — деген осы шығар.
Гауһар Тұрсынқожа