«Жақсыдан – үйрен, жаманнан – жирен»

«Мен – әлемге әйгілі тілшімін. Ең маңызды, ең қызықты ақпараттар мен деректер менің диктофоныма жазылған. Менің жазғандарымды әлем қызығып қарап, тамсанып оқиды.» Өз болашағымды мен осылай елестетемін. Дегенмен мұндай асқақ арманға жету үшін көп ізденіп, оқу керек. Ал ол үшін мотивация мен шабытты мен қайдан аламын? Әрине, бірінші орында анам мен әкемнен және де мен үшін өте ыстық, орны бөлек «Мөлдір бұлақ» сүйікті журналымнан көп күш алам. Өйткені олар қашанда менің қасымда, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып отырады, олар қашанда маған үлгі. Ал екінші кезекте менің қоршаған ортам. Негізінен жақсы мен жаман қашанда қостасып жүреді, сондықтан жақсыны әрдайым қоршаған ортадан өз бойымызға дарыта білуіміз керек.
Үшінші кезекте өзінің тапқырлығымен, ізденісімен маған үлгі бола білген украин тілшісі Дмитрий Коморов мен үшін үлгі десем артық емес. Украин тілшісін мен ең бірінші рет теледидардан көрдім. Бағдарлама “Мир наизнанку” деп аталады.
Бағдарламаның авторы, тілшісі әрі жүргізушісі Д.Коморов екен. Онда тілші қасындағы операторымен үлкен журналисттік сапарға аттанады, бірнеше мәрте туристер бармайтын жерлерде қауіпті және қызықты сапарларымен таң қалдырады.
Мәселен, премьерасы жақында шыққан бразилиялық маусымның ең үлкен экспедициясын бастап, өркениетті әлеммен жақында ғана байланысқан Амазон тайпасы, Янами тайпасымен байланысқа шығады. Бұл топ тайпаның жеріне аяқ басу үшін 600 шақырымнан асқан жолды 4 күн бойы Амазонканың қауіпті суларында, шағын қайықтарда жүзуге мәжбүр болады. Солай Дмитрий Комаров Яномамиге барған әлемдегі алғашқы журналист болады.
«Мұнда журналистер ешқашан болған емес, тарихта алғаш рет тайпа камераға түсіріліп жатыр. «Мир наизнанку» бағдарламасының көрермендері бұл қайталанбас кадрларды бірінші болып көргеніне өте қуаныштымын. Бұл біз үшін үлкен мәртебе!» — деп бағдарлама жүргізушісі өз әсерлерімен бөліседі.Иә, шынымен де тарихта болмаған, қайталанбас кадрлар таң қалдырмай қоймайды. Міне, дәл осындай себептермен Д.Коморов менің сүйікті тілшімнің қатарында. Онымен қоса осындай әсерлі кадрлар маған үлкен арманға бір саты жылжуыма шабыт беріп, әлемге жаңаша көзқараспен қарап, жаңа ақпарат көзімен сусындатады. Д.Коморов өз ісінің маманы, әр сюжетінде қандай да жағдай болмасын, жұмысына жауапкершілікпен қарайды, соған орай өз ісінің жемісін көруде.

Азиза МАНАШЕВА, жас тілші, Орал қаласы, №12 мектептің 6-сынып оқушысы.

ПІКІР ЖАЗУ