Жәкеңнің анындағы андар еді
Осыдан 20 жыл бұрын, Жыр алыбының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Жәкеңнің көзін көріп, айтқандарын естіген адамдарды, әсіресе Жамбыл ауданының аумағынан іздеп тауып, алынған сұқбаттар еді. Содан оқырмандарымызға ғибрат болсын деген ниетпен үзінділер жариялап отырмыз. Жылдар жылжыған сайын сол кезде жасы жетпістен асқан қариялар бүгінде арамызда қалмады. Олардың жаны жәннатта, топырағы торқа болғай деп дұға бағыштадық.
Сәулетім, сәнім — айбарым
. Жәкең халықтың
адамы, сондықтан
оның шығармашы-лығы туралы көпшілік жақсы біледі. Мен немересі болғандықтан, ел ішінде жүргенде қасынан бір елі тастамайтын. Ес білгеннен атам көз жұмғанға дейінгі өмірі менің көз алдымда. Сондықтан, Жәкеңнің ерекше қасиеттері жайлы қысқаша айтып өтейін.
Бірде Жәкең, Өмірзақ, Күртібай үшеуі жолаушылап келе жатады. Бір-біріне тіс жармайды. Сөзді Жәкең бастайды. Қалжыңдай атпен аяңдап келеді. Өмірзақ атамнан кейін кезекті Жамбыл алады. Өмірзақ пен Күртібай:
— Жәке, «Күн жайлатарыңды» жайлатып жіберші,-деп қолқа салады. Шілденің апшыны қуырған аптабы болса керек. Шотай сайына жетіп қалғанда, төбеге бір шөкім бұлт үйіріліп, нөсерлете жаңбыр құйып кетеді. Сөйтіп, әп-сәтте ат та, өздері де малмандай су болады.
— Жалындарың басылса, тоқтатайын, — дегені сол екен жаңбыр сап тиылып, аспан шайдай ашылады. Мұны мен Сатыштан естігенмін. Кейініректе ғылым кандидаты Мағрипа Жылқыбаеваға айтып берген едім.
Сатыштың үйі күздеуге көшіп келіп, ескі қораның үстіне қоныстанды. Пешке тезек жақсақ, жанбай үй көк түтінге толды. Түтінге тұншыққан қара құрт жан-жақтан жыбырлап шығып, қаптап кетті. Далаға атып-атып шықтық. Денемізді үрей биледі. Үйге кіріп, зат алып шығу мұң болды. Сөйтіп, кешке қайда барып түнейміз деп тұрғанымызда, Жәкеңнің келіп қалмасы бар ма!?.
— Неге далаға шығып кеттіңдер? — деді бізді түсінбей. Қолмен нұсқап қара құрттарды көрсеттік.
— Оның көзін құртайын, — деп уықтың қара жібін алып, осып-осып, түйіп қалады. Үйдің ішін айналдыра жіпті осып шықты. Қанша уақыт өткенін білмеймін, үйден шыққан Жәкең:
—Ал, енді қара құрт болмайды. Алаңдамай, үйге кіріп жайғаса беріңдер, — деді.
Айтса айтқандай, сол үйде қара құрт мүлде болмады.
Жәкеңнің елге қамқорлығы мен қайырымдылығын, жомарттығын қазақ-қырғыз халқы түгел білді. Жәкеңді құрметтеп шақырған халық құр алақан қайтармайтын. Жәкең болса, малды малдай алдына салып, ауылға айдап келмейтін. Жырларына риза болған халықтың сый-сияпатын өзі келе жатқан жолда тұратын кедейлерге таратып, алғыс арқалап қайтатын. Мал-мүлікке, дүниеге қызықпаған адам.
— Халық маған риза болса, мен халқыма ризамын, — дейтін. Жәкеңнің өмір бойы жиған тергені — өлең, жырлары болды. Бар байлығы- домбыра, серігі-күрең аты еді. Жандүниесі шежіреге толы халық ұлын әлем таныды. Сондықтан, өткен, бүгінгі және келер ұрпақ оның рухына тағзым етеді…
Өмірі эпосқа айналды
1936 жылдың мамыражай көктемі еді. Мен науқастанып айықпай қойдым. Жасалған ем-дом қонбай, төсек тартып жатып қалдым. Содан Жамбыл атам арнайы мал шалдырып, ауылға Құдайы тамақ береміз деп дайындалып жатқан шақ еді.
Сол күні кешкілік есік алдына келіп тоқтаған кенеп машинадан қимылы ширақ жігіт түсті. Амандықтан соң, Жамбыл атамды тез киіндіріп алып кетті. Үйде Тезекбай, Ізтілеу, Алғадай болатын. Ертеңіне ұйқыдан сергек ояндым. Көлікпен келген адамдар жиһаз, басқа да заттарды түсіріп жатты. Біз ешнәрсе түсінбестен үнсіз қалдық. Екі-үш жігіт бағаналарға түсіп-шығып жүр. Ауыл адамдары лезде жиналып қалды.
— Ал, енді құлақтарыңызды тосыңыздар,-деді. Кішкентай қара қорап радио екен. Арғы жағынан Жәкем жырларын төгуде. Сол күні атамды асығыс алып кеткен ақын Әбділда Тәжібаев екен. Алматыда өткен ақындар айтысында жүйрік шығып, Мәскеуде өтетін Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің он күндігіне қатысыпты. Оның ақындығы жоғары бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталыпты.
Іштен тынған үрейіміз енді басылды. Ертеңіне келген үш «Победа» көлігі Жәкемді Алматыдан қарсы алуға бізді апаратынын айтты. Тезекбай, Алғадай ағаларым әйелдері Күләш, Жамаш, үлкен әпкем Зейнехан, ағаларым Аққұлы, Сатыш, жеңгелерім Разия, Сатиқа, ағаларым Әлімқұл, Атагелді, Тұрап, Өмірәлі, бәріміз қалаға, поезды күтуге келдік. Поезд тоқтағанда, өнер адамдарымен бірге атам да түсті. Адамның көптігі сонша, мен топтың арасында қалып қойдым.
— Осында менің бір қара қызым болуы керек. Оны маған жіберіңдерші,-деп милиция қызметкерлерінен сұрапты. Көпшілік екіге бөлінгенде атам мені іздеп жан-жағына қарап келеді.
— Ата! — дедім.
Дауысымды естіген Жәкем мені маңдайымнан иіскеп, еркелеткен соң, қасына ертіп алды…
Даналықтың бойтұмары
Бала кезімде Жәкеңді жақыннан көру бақытына ие болған жанның бірімін. Олай болатыны, әкемнің қарындасы Төре әпкеміз Жамбылдың ұлы Алғадайға тұрмысқа шыққан екен. Соғысқа аттанға дейін бірге өмір сүрген. Құда-жекжат болғандықтан, Жәкең әкемнің отбасын дастарханынан қалдырмапты. Әжем екеуіміз жыр алыбының үйіне жиі барып, көппен бірге әңгімесін, жырларын тыңдайтынбыз. Домбырасын қолынан тастамай жырлайтыны есімде. Жиналған адамдар қошемет көрсетіп отыратын. Жәкең балаларды өте қатты жақсы көретін. Ауыл балалары шулап, ойнап балалыққа салынып кетсе, қумайтын. Ақын жыр бастағанда бәріміз үлкендермен қатарласып, малдас құрып отыратынбыз. Жырын аяқтаған соң, қаумалай сәлем беретінбіз. Балаларды қасына шақырып, басымыздан сипап, есімімізді сұрап, әкелік қамқорлығын танытатын. Ата болып, мейірімге бөлейтін. Сол балалардың ішінде сары домалақ мен де бар болатынмын. Жәкеңмен қатарласып отырған кездерім де болды. Әкем (марқұм) Жәкеңмен үзеңгілес жүрген адам, 97 жасында дүниеден өтті…
Сұқбаттасқан: Ж.Кучукова
1996 жыл. Ұзынағаш