«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асуда

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет»,-деді. Елімізде «Жайлы мектеп» пилоттық Ұлттық жобасы іске қосылды. Бағдарлама үш ауысымда оқыту және оқушы орын тапшылығы бар мектептер мәселесін шешуге бағытталған. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», деген болатын.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Елордада 2024 жыл соңына дейін тағы 9 мектеп ашылатынын, жаңа мектептердің салынып жатқанын мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 2024-2025 жылдар аралығында жаңа форматтағы 24 мектеп салынады. Жыл соңына дейін ашылатын мектептерді ескерер болсақ, тапсырылатын жайлы мектептердің жалпы саны 17 болмақ», – деді қала басшысы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы әзірленіп, жоба аясында балаларға жан-жақты қолайлы жағдай жасау көзделген.
Астанада қыркүйек айында 15 мектеп ашылса, олардың тоғызы – «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған. Жыл соңына дейін тағы 9 мектеп ашылады, оның сегізі – ұлттық жоба аясында.
«Осылайша, тоғыз жаңа мектеп екі ауысымда тағы 30 мыңнан астам оқушы орнын құрады. Бұл оқу орындары тағы 4 мектепте үш ауысымды оқыту, 3 мектепте тығыздылығы жоғары режимі мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Біз сол сияқты алдағы жылдарға да дайындалып отырмыз. 2025 жылы тағы 20-дан астам мектеп салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Оқу орындарының құрылысына жеке инвестициялар да тартамыз», – деді Жеңіс Қасымбек.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім алушылар мен педагогтерге қауіпсіз және жайлы жағдай жасауды көздейді. Жоба аясында педагогтерге қажетті жұмыс аймақтары, бастауыш сыныптар, негізгі және орта мектептерге жеке блоктармен, әмбебап шеберханалармен және студиялармен жабдықталған жаратылыстану-ғылыми пәндердің жабдықталған кабинеттері салынады. Олардың қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталуына да ерекше мән беріледі.
Президент Жолдауында білім мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Мектеп құрылысы облыс әкімдерінің жауапкершілігіне жүктелгенін айтқан болатын. Аймақ басшылары жыл соңына дейін салынып жатқан білім ордаларының жері мен инфрақұрылымына қатысты мәселелерді шешіп, мемлекеттен бөлінген қаржыға жауапты болуы тиіс.

Гауһар Тұрсынқожа

ПІКІР ЖАЗУ