ЮНЕСКО қорғауындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі
Дүниежүзінде табиғат тудырған не адам жасаған көрікті жерлер өте көп. Мұндай жәдігерлер ұлтқа бөлінбейді, адамзатқа ортақ. Әрі Бүкіләлемдік ЮНЕСКО-ның тізімінде, мәдени қорғауында болады. Ал Қазақстанның бұл тізімге 17 тарихи нысаны енген. Одан бөлек, ЮНЕСКО-ның мәдени жәдігерлері қатарына күй, айтыс, қазақ күресі, наурыз мейрамы, киіз үй сынды қазақтың мәдени мұралары, даласы мен көлі де енген. Алдымен ЮНЕСКО деген қандай ұйым екенін есімізге сақтап алайық.
ЮНЕСКО ЮНЕСКО деген қандай ұйым?
ЮНЕСКО дегеніміз – Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты, халықаралық байланысты білім мен мәдениет арқылы тұтастыруға, адамзаттың бейбіт және гүлденген дәуірде өмір сүруіне ықпал етуді көздейтін халықаралық ұйым. ЮНЕСКО-ның басты мақсаттарының бірі – жер бетіндегі көрікті, тарихы бай мәдени жәдігерлер мен табиғи мекендерді қорғау. ЮНЕСКО тізіміне енген мұралар адамзат үшін өте құнды әрі ортақ дүние саналады. Мұндай нысандарды тізімге қосу мен қорғауға алуды арнайы мамандар шешеді. Мәдени жәдігер тізімге қосылғаннан кейін халықаралық қорғау құқығына ие болып, ЮНЕСКО-ның бақылауына өтеді. Мұраны тізімге қосуды да, шығаруды да ұйымның өзі шешеді.ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларды қорғау Конвенциясы 1972 жылы жарияланып, 1975 жылы күшіне енді. 2019 жылғы деректерге сүйенсек, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне 1121 нысан енген екен. Оның 869-ы – мәдени нысан болса, 213-і – табиғи мекен, ал 39-ы – аралас нысан саналады. Жалпы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени нысандарды қорғау Конвенциясына 193 мемлекет тіркелген. Олар – адамзатқа ортақ мұраларды қорғауға, сақтау мен дамытуға келіскен елдер.Тізім жыл сайын толығып, жаңарып отыруы мүмкін. 2019 жылғы дерек бойынша, ЮНЕСКО-ға ең көп мәдени және табиғи нысандары енген ел – Италия мен Қытай екен. Италияның 55 нысаны, Қытайдың да 55 нысаны енген. Одан кейін Испания (48), Германия (46), Франция (45), Үндістан (38), Мексика (35), Ұлыбритания (32), Ресей (30), Иран мен АҚШ (24-тен), Жапония (23), Бразилия (22), Аустралия мен Канада (20), Грекия мен Түркия (18-ден) тұр. Ал бұл тізімге біздің еліміздің 17 тарихи нысаны енген.
Кесене – айрықша мұра
Бүгін біз ЮНЕСКО қорғауындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жайлы білетін боламыз. Қазіргі Түркістанның ескі атауы Яссы болғаны тарихтан белгілі. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі сол тарихы тереңде жатқан шаһарда бой көтерген. Бұл негізі Сырдарияның аңғарынан орын тепкен жай қалалардың бірі болған. Оның мәртебесінің өсуі Яссауидің атымен тығыз байланысты. Кесене ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші қатарына жатады. 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Яссауи қабірінің басына тұрғызылған. Көптеген жазба деректерге қарағанда, болашақ құрылыстың жобасын жасауға Әмір Темір тікелей өзі қатысып, негізгі өлшемдерді анықтаған көрінеді. Кесене – үлкен порталды-күмбезді мемориалдық құрылыс. Архитектуралық жергілікті дәстүрді жете меңгерген парсылық шеберлердің жобасы құрылысқа негіз етіп алынған. Кесене оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Ені — 46,5 м, ұзындығы — 65 м. Күйдірілген шаршы кірпіштен өрілген. Кесене жобасының ерекшелігі – онда Орталық Азия сәулет өнерінде бұрын-соңды ұшыраспаған шатыр жабу тәсілдері қолданылған. Ескерткіште күмбезді, аркалы элементтер мол. Сәулетші-шеберлер тек аркалы күмбезді жүйенің өзіне сан түрлі әдістерді қолданған. Кесенеде аса үлкен портал (ені — 50 метрге жуық, порталдық арканың ұзындығы — 18,2 метр), бірнеше күмбез, 35 бөлме бар. Ғимараттың биіктігі 37,5 м. Сыртқы қабырғалардың қалыңдығы — 1,8-2 м, қазандық қабырғаларының қалыңдығы — 3 м. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мешіт, медресе қызметін де атқарған. Кесененің үш қабырғасының үстіңгі жағымен өтетін эпиграфтық фризде Құран Кәрім сүрелері мен аяттары жазылған. Жазулар көгілдір қышпен өрнектелген. Жазулардан «Алла», «Мұхаммед», «О, жарылқаушы», «Билік Аллада», «Алла менің әміршім», «һижраның 800 жылы» деген сөздерді оқуға болады. Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да сәулет өнерінің інжу-маржандарының қатарына жатады. Бұларда оны жасаушы исфаһандық шебер Тадж әд-Дин Изеддиннің есімі жазылған. Қола шырағдандағы жазулар һижраның 799 жылы 20-рамазанында жасалғандығын көрсетеді. Бүкіл құрылыстың мағыналық кіндігі – қабірхана ортасында Қожа Ахмет Яссауиге құлпытас қойылған. Қабірхана есігі жұқа темірмен қапталып, оған алтынмен жазулар түсірілген. Кесене мешітінің 16 терезесі, қос қабат күмбезі бар. Мешіттің батыс жақ қабырғасына Меккедегі Қағба іспетті 3,5-2,5 метрлік мозаикалық михраб орнатылған.Кесененің оңтүстік-батыс жағындағы Аллаға құлшылық етуге арналған жер асты ғибадатханалары Яссауидің тірі кезінде жасалып, кейін қайта жаңғыртылған. 16 ғасырдан кесенеде және оның төңірегінде қазақ халқының атақты адамдары (Жолбарыс хан, Есім хан, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, т.б.) жерлене бастады. 19 ғасырдың алғашқы ширегінде Қоқан билеушілері кесенеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оның төңірегіне қамал-бекіністер салуды қолға алды. 1864 жылы Түркстан қаласын жаулап алған Ресей отаршылары зеңбірекпен атып, кесененің 11 тұсына зақым келтірді. 19 ғасырдың соңына қарай Қожа Ахмет Яссауи кесенесі тарихи-мәдени мұра ретінде ғылыми тұрғыдан зерттеле бастады. 1978 жылы қыркүйекте Қожа Ахмет Яссауи республикалық мұражайы ашылды. 1989 жылы тамыздың 28-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы» ұйымдастырылды. Түркия елімен арадағы келісім бойынша жүргізілген ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары 2000 жылы аяқталды. 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Шамамен он бес жыл жүргізілген құрылыстан кейін Яссауи кесенесі мінәжат орнына айналды. 6-7 ғасыр бойы сақталып келе жатқан кесене тек Қазақстанның ғана емес, ислам өркениетінің керемет тарихи орындарының қатарынан саналады.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ