ЮНЕСКО – ғасырдан жеткен ғажайыптар қорғаны

Әлемдік руханиятты дамытып, адамзатқа ортақ киелі-қасиетті құндылықтарды қорғайтын ЮНЕСКО табанды талап пен тиянақты ісі арқылы ұлттар мен ұлыстардың арасындағы терең құрмет пен сыйластықты, жақсының қадірін білуді, өткеннен тағылым алу мен сабақтыстықты насихаттайтын дүниежүзіндегі ең таудаулы ұйым. Құрылған күннен бастап ғаламдағы дүниежүзілік мәдениетаралық және дінаралық татулық пен бейбітшіліктің ұйытқысы болып келеді.
ЮНЕСКО-ның қорғауында төрткүл дүниеге қастерлі тарихм-мәдени ескерткіштер ғана емес ғасырлар қойнауынан жеткен табиғи ғажайып күйінде сақталған тарихи қалашықтар мен қорғандар, қорымдар да, ән-күй мұралары да, салт-дәстүр, әдет-ғұрып сынды теңдессіз жәдігерлер де бар. Солардың қатарында Қазақстанның әр аймағынан енген 17 нысанның өзіндік ерекшеліктері мен ішіне бүккен таңғажайып сырлары бар. Журналымыздың өткен санында (N4, 2021 жыл) ЮНЕСКО қорғауындағы Тамғалы петроглифтері туралы мағмұмат берген болатынбыз. Бұл жолы, сіздер, қадірлі оқырман тарихи он жеті нысанның бірқатарымен танысасыздар.

Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері
Сарыарқа тек еліміздегі ғана емес, Азияның орталық бөлігінен бірінші болып ЮНЕСКО тізіміне қосылған табиғи нысан болып табылады. Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдерін ЮНЕСКО қорғауына алу туралы шешім 2010 жылы 7 шілдеде Канаданың Квебегінде ұйымдастырылған Әлемдік мұра комитетінің 32-сессиясында қабылданды.
Бұл жер еліміздің далалық аймағын алып жатқан 2 қорықтың орналасқан аумағы. Оның жалпы ауданы 450 мыңнан астам гектарға жетіп жатыр. Қорғалжын мен Наурызым қорықтары тұщы әрі ащы сулы қос өзен тобын қамтып отыр. Таңғажайып табиғаты, көне тарихи орындармен ұштасып жатқан қазақ даласының, оның ішінде Арқа жерінің алқалы жері арқылы жыл сайын миллиондаған құстар ұшып өтеді. Қорғалжын қорығында гүлді өсімдіктердің 443 түрі бар. Ал құстардың 354 түрін, сүтқоректілердің 41 түрін кездестіруге болады. Оның ішінде Қызыл кітапқа енгізілгендері де өте көп.

Қарамерген қалашығы
Іле өзенінің бойын ХІІ-ХІІІ ғасырда жайлаған ортағасырлық ірі қалалардың бірі Қарамерген болған. Алматы облысының аумағында жатқан туристік нысан ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне 2014 жылы енгізілді. Ол Бақанас өзені маңайында, Балқаш көліне жақын жерде жатыр. Ақтам қалашығымен салыстырғанда көлемі біршама үлкен. Өкінішке қарай ХІІІ ғасырда екі қала да моңғол шапқыншылығынан кейін қиратылған. Сол сияқты өзен арнасының өзгеріп кетуі қаланы қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бермеген. Шапқыншылық пен эрозияны бастан өткергеніне қарамай, мұндағы үй-жай қалдықтары және ирригационалды жүйенің жақсы сақталғанын байқауға болады.


Қарамерген тұрғындары отырықшылықпен айналысқан. Сол сияқты тоғайлы орманды жерлерде аңшылықпен күн көргендер де болыпты. Яғни, қаланың осылай атануына сол ғасырда өмір сүрген мықты мергендер әсер етсе керек. Бұл жерлерде тұран жолбарыстарының мекендегені туралы аңыздар бар. Кейбір тұрғындар Іле өзені мен Балқаш көлінен балық аулап, тіршілік еткен. Қаланың өлшемі 115х120 метрлі тікбұрышты, ал бұрыштары кардиналды нүктелерге қарай бағыт алған. Бұрыш биіктігі үш метр дөңгелектеліп келген. Бекіністің оңтүстік-шығысынан бір шақырым жерде, қазіргі Ортасу өзенінің арналарынан канал өтіпті. Сол секілді археологтар бұл жерден ІХ-ХІІІ ғасырларға тиесілі керамиканың қалдықтарын тапқан.

Талғар қалашығы
Талғардың тарихи деректерде Талхиз атауымен жүргендігін жақсы білеміз. Сонымен, Талхиз 2014 жылы Ұлы Жібек жолы бойында орын тепкен отыз үш көне қалашықтың бірі ретінде ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне қосылған еді. Қоныс Алматы қаласынан күншығысқа қарай жиырма бес шақырым жерде, қазіргі Талғар қаласының шеткі жағында, тау бөктеріне орналасқан.

Ғалымдардың айтуынша, бұл қалашықта VIII-XIII ғасырларда 8 мыңнан аса тұрғын өмір сүрген. Әлемдік мұра тізіміне қосылған жылы осындағы цитадельдің солтүстікке қарайтын қақпасы мен мұнарасын «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қайта жаңғыртқан болатын. Ескі қалашықтың үстімен жүргізілген көлік жолы, көне қонысқа айтарлықтай зиян келтірген болатын. Кәсіби мамандар іске кірісудің арқасында ескі нысандар қайта қалпына келтіріліп, біршама игі шаруалар жасалды. Сонымен қатар, Талхиздің солтүстігінде салына бастаған коттедж үйлер тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі халықаралық сарапшылардың сынына ұшырады. Қаланың батыс бүйірінен келіп тірелген үлкен жол, көпір құрылысы түгелдей тоқтатылды.

Қойлық қалашығы
Бұл қалашық ХІ ғасырдың және ХІІІ ғасырдың бас кезіндегі бізге жеткен жазбалардан қарлұқ билеушілерінің ордасы саналған Қаялық атымен белгілі. Кейінірек Шағатай ұлысы ірі саяси-мәдени орталыққа айналдырды. Ол қазіргі Қойлық ауылы күншығысында, Жоңғар Алатауының етегінде жатқан қоныс. Көптеген ғасыр бойы туристер мен елшілер, сауда керуендері жүріп өткен Жібек Жолы, бүгінгі Алматы-Өскемен тасжолы Қойлықты екіге жарады. Қойлыққа жақын жерде Арабсай атты шатқал тұр. Қойлықтың жері 750х1200 метр болатын қисық бұрыштары бар қамалмен қоршалған екен. Бүгінгі күнге дейін жеткен шығыстағы қабырғасының биіктігі төрт метрге жетеді. Ал қалған дуалдардың тек іздері бар.

Кей құрылыстарды, оның ішінде Будда ғибадатханасын қалашықтың сыртқы бөлігінен, 100 метр аумақтан кездестіреміз. Ол тұста егіндік жерлер мен тағы да басқа шикі кірпіштен қаланған діни орталықтар бар. Қалашықтан табылған күміс, мыс ақшалар Қойлықтың ХІІІ ғасырдың ары-берісінде ірі саяси, сауда орталық болғандығын айғақтайды. Мұнда сол сияқты хан-билерге, атақты әулие, тақуа, сопыларға арналған ханакалар болған. Археологтар жүргізген зерттеуде бұл пікірлер расталған. Ертемұсылмандық кесенелермен қатар, будда және манихейлік ғибадатханаларға зерттеу жүргізілген. Тарихшылар Қойлықтың пайда болуын VІІІ ғасырдың аяғы мен ІХ ғасырдың бас кезінде деп топшылайды.

Ақтөбе қалашығы
Бұл қалашықта ІХ-ХІІІ ғасырларда тіршілік болған. Орналасқан жері – Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Бесжылдық ауылы. Оны алғаш рет 1978 жылы К.Байбосыновтың басқарған экспедициясы ашқан еді. Ол жерден табылған алаңның ауданы 150х110 метрді құраса, биікті үш жарым метрге дейін жетеді. Ақтөбе қалашығын ені 16 метр, биіктігі екі метрдей болатын жал қоршаған. Әр бұрышы әртүрлі тарапқа қарайтын ескерткіштің кесіндісі солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай бағытталған үш алаң түрінде орналасқан. Қалашық 2014 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілді.

Ақыртас қалашығы
Жамбыл жерінің Тұрар Рысқұлов ауданынан табылған тағы бір Қазақстан тарихи ескерткіштерінен ерекше орын алатын сарай бар, ол – Ақыртас кешені. Оның салынған уақыты VІІІ-ІХ ғасырды көрсетеді. Ақыртас жүз жылдан да көп уақыт бойында тоқтаусыз зерттеліп келе жатқан қалашық. Нақты орналасқан орны – Тараз шаһарының күншығысында қырық шақырымдай жерде, Ақшолақ теміржол станциясынан алты шақырым жер. Ол жерден табылған құрылысқа қолданған материалдың тас болуына, пішімі малдарға шөп салуға арналған ақырға ұқсастығынан Ақыртас атауы шыққан болуы мүмкін. Қалашық алыстан көзге айшықты көріну үшін таудың үстіне төртбұрышты жобамен тұрғызылған. Бүгінге дейін жеткен қабырғалардың сілемдерінің ұзындығы 160, 146, 140 метрдей болады. Ал олардың қалыңдығы 40х70х70 сантиметр. Сол сияқты Ақыртасты ірі-ірі тас блоктармен қоршаған екен. Мұндағы қорғаннан төрт қақпа табылған. Оның біреуі солтүстік бетте болса, қалғандары оңтүстікке қарай бағытталыпты. Үй-жайлар ішкі ауданда топтастырыла салыныпты. Онда қызмет көрсету мен шаруаға керекті бөлмелер бар. Оңтүстікке қарайтын есіктен осы қалашық иесінің жатын және де қонақ бөлмелері табылып отыр. Ал солтүстік есік жақта осы үйде қызмет жасайтын адамдар мен күзетшілердің және де бір бөлігінде ат қораның орны бар.

Суқоймасы орын тепкен орталықтағы аула осы қорғанды қарауылдаған әскерлердің алаңы, жарлықтарды жариялауға арналған арнайы орын, сонымен қатар діни әртүрлі рәсімдерді атқаратын орын болған сыңайлы. Ақыртас жайында ғалымдардың пікірі екіге жарылады. Мәселен, П.Лерх бұл орында толық салына қоймаған буддалық ғибадатхана деген болжам айтса, В.Бартольд несториан ғибадатханасына ұқсайтындығын жеткізген. Археолог-ғалым Т.Басенов бұл кешенді салынып аяқталмай қалған ірі бектің сарайы болуы мүмкін дейді. Ал, 1996 жылы зерттеу жүргізген қазақстандық және француз ғалымдары Ақыртасты тіпті ірі керуен сарайының орны дегенді айтқан болатын. Оған себеп, құрылыс жобасының ортағасырлық Ирак, Сириядағы құрылыстарымен ұқсастығы. Жалпы, Ақыртас кешені VІІІ ғасырдың екінші бөлігінде, яки 751 жылы қарлұқ пен араб жауынгерлерінің Атлахтың маңында Қытай әскерлерін жеңіп, қос мемлекет арасында бейбіт қарым-қатынас орын алған уақытта салынуы ғажап емес. Десе де, құрылыстың неге тоқтап қалғаны бізге белгісіз күйінде қалып отыр. Арабтарда кездесетін мәліметтердегі Ұлы Жібек жолы бойындағы Касрибас кешені осы Ақыртас болуы мүмкін деген болжам бар.

Сығанақ қалашығы
Сығанақ қалышығы туралы ең алғашқы деректер Х ғасырдағы парсылық шығармаларда, нақты айтқанда «Худуд әл-Әлем» атты еңбекте айтылады. Бұл қала турасында «Қыпшақтар даласының айғағы», «Сығанақ – мыңжылдықтың қаласы», «Сығанақ – қазақ хандығының тұңғыш ордасы», «Сығанақ – қазақтың бірінші астанасы» деген секілді теңеулердің жай болмағанын аңғарамыз. Яғни, Сығанақ тарихы тереңде жатқан Қазақ хандығы үшін ерекше орын алған қалашық. Х ғасырларда Сығанақтың ғұн мен қаңлылардың, одан келе ХІ ғасырдың екінші жартысында қазақтардың құрылуына негіз болған қыпшақ мемлекетінің шығыс бөлігінің ордасы болғандығы туралы деректер кездеседі. Сыр бойына көшіп келген қыпшақтар қаланы өздерінің орталықтарына айналдырған. Яғни, ірі сауда орталығы әрі керуен жолындағы маңызды шаһар болған.
Парсы саяхатшысы Рузбихан Исфахани Сығанақты сол аймақтың солтүстігіндегі жер жаннатының шеті ретінде сипаттайды. Бұл қала тек Дешті Қыпшақтағы сауда нүктесі емес, жер көлемі кең, тыныш әрі қауіпсіз қала ретінде көрсетіледі. Сол сияқты бұл қалашықта медицина керемет дамыған екен. Сығанақ өзінің екі мыңжылдық тарихында қаңлы тайпасының, қыпшақ хандығының, Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы және Қазақ хандықтарының астанасы қызметін атқарған. Ол сауда нүктесі ретінде, мемлекетаралық экономикалық қатынас пен саяси жүйеде маңызды рөл атқарған.

Жент қалашығы
Жент қалашығы – республикалық маңызға ие тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің бірі. Ол Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы Аққыр елді мекенінен оңтүстік бағытқа қарай 30 шақырым, Жаңадарияның бас арнасынан 4 шақырым жерде тұр. ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне маңызды тарихи орын ретінде енгізілген. Қалашық ХІІ-ХІІІ ғасырлар аралығында тұрғындар саны көптігімен ерекшеленген. Ортағасырға жататын суландыру жүйесінің ізі, тұрғын үйлер, қорғандар Женттен күншығысқа қарай, Жаңадария өзенінің оң жағасын бойлап, Сырдарияға дейін қырық-елу километр жерді алып жатқан ірі аймақ болыпты. Табиғаты жағынан да керемет аумақты алған Жент қалашығы өзінің өмір сүруге қолайлылығымен ерекшеленеді. Сол дәуірде өмір сүрген көптеген саяхатшылардың жазбаларынан қала атауын ұшырастыруға болады. Оның атағы дардай болуына байланысты Арал теңізін де кейде «Женттік» деп көрсетеді. Ол турасында Қазақ энциклопедиясында орта ғасырдағы Сырдарияның төменгі ағысының бойын жайлаған қала екендігі, ислам дәуірі кезінде қалыптасқан кент екендігі айтылады. Сол сияқты ол ХІ ғасырда моңғолдардың жаугершілігіне дейін Сырдарияның бойын жайлаған қалалардың ішіндегі ең маңыздысы болғандығы жазылған.


Тарихтан білетініміз ХІ ғасырдың бірінші жартысында Шыңғыс ханның қалың қолы Сырдың бойындағы оғыздардың қалаларын жойып, халқын қырғынға ұшыратып, төрт жүз жыл бойы мәдениеті қалыптасып келе жатқан оғыз-қыпшақтарды көшпелі салтқа қайта түсірген. Алайда 1220 жылы Жентке Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы Хан келіп, біраз жылдар бойы өз билігіндегі астанасы еткен. ХІІІ ғасырдың екінші бөлігінде Жемал Карши осы қалаға жолы түсіп, ертеректе байлығымен аты шыққан кенттің жұпыны халін көріп, құлдырауға жақын екендігін айтып кетеді. Соған қарамастан Жент қалашығында дүрілдеген базар болған, көптеген саудагерлер сонда келу үшін асыққан екен.
Археологиялық зерттеуге келсек, ғалымдар П.Лерх, Каллаур, И.Кастанье Жент кентінің атын атап, түсін түстегенмен, орналасқан жерін нақтылауға келгенде шарасыз болыпты. Алғаш болып С.Толстов 1946 жылы Женттің орнын тауып, нақты үлгісін қолындағы мәліметтер бойынша көрсетіп, қала ғұмырын ХІІ-ХVІ ғасырлардың аралығы деп айтып кетеді. Оның пікірінше, Жент ХІІ-ХІІІ ғасырларда Хорезм хандығының әлемдік сахнаға шығу кезінде негізгі тірек болған қаласы. Бұл орынға ХХ ғасырда көптеген ғалымдар, зерттеушілер, археологтар табан тіреп, ұзақ уақыт бойында зерттеу жүргізген. В.Бартольд жасаған зерттеу жұмыстарынан кейін Сыр бойындағы қалаларды хунуерлер тұрғызған деген пікір білдірсе, М.Қашқари Женттің балшықтан қаланған ең ескі қалалардың бірі екендігін жазған.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ