ЮНЕСКО – әлемдік мәдениет пен руханият ордасы

Қазақстанның ЮНЕСКО-ға мүше болғанына келесі жылы 30 жыл толады. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан өзі туралы әлемдік ақпараттық-мәдени кеңістік аясындағы халықаралық ынтымақтастықтың белсенді қатысушысы ретінде мәлімдей алды. 1992 жылғы 22 мамырда еліміз ЮНЕСКО (БҰҰ білім, мәдениет және коммуникация мәселелері жөніндегі ұйымы) қатарына кіріп, гуманитарлық саладағы қарқынды дамуды және мәдени байланыстар мен алмасуларды кеңейтуді қамтамасыз етті.
Ауқымды және маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін 1993 жылы Қазақстанда ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия құрылып, аталған халықаралық ұйыммен өзара іс-қимылдың негізгі векторларын анықтады.

 

Келесі қадам Қазақстанның 1994 жылы Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияға қосылуы болды. Сондай-ақ 1995 жылы қол қойылған білім, ғылым, техника, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, мәдениет, коммуникация, ақпарат және информатика сияқты бағыттарды қамтыған Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум және Қазақстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда және Өзбекстанда өз қызметін өрістеткен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Класт басты бастауы болды. Бірлескен жұмыс жылдар ішінде жоғары нәтижелерге қол жеткізілді. Маңызды оқиғалар арасында: ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының тұсаукесері, Махамбет Өтемісовтың 200 жылдығы, Абайдың 150 жылдығы, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Әбілхан Қастеев, Әлкей Марғұлан мен Ахмет Жұбановтың 100 жылдықтарына арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Нұрлан Оразалин мен Шөмішбай Сариевтың өлеңдерінің жинағы шығарылды. ЮНЕСКО-ның атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне «Қыз-Жібек» эпосы енгізілді.
Сонымен қатар, бүгінге дейін Қазақстанның мәдени және табиғи мұрасының тарихи 17 нысаны ЮНЕСКО қорғауындағы дүниежүзілік мұрасының тізіміне енді. Журналымыздың өткен санында (N3, 2021 жыл) ЮНЕСКО қорғауындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі туралы мағмұмат берген болатынбыз. Бұл жолы, сіздер, қадірлі оқырман Тамғалы петроглифтерімен танысасыздар.

 

Таңбалы (Тамғалы петроглифтері) тас археологиялық кешені

Археологиялық кешен түрлі тарихи кезеңдерге қатысты 5000-нан аса петроглифтерді және қоныстар, қорымдар, оба-молалары, құрбандық шалу, тас уату орындары сияқты басқа да бірнеше ондаған ескерткіштерді қамтиды. Кешеннің неғұрлым құнды бөлігін орта қола дәуіріне жататын петроглифтер құрайды, олар тайпааралық ғибадат орнымен тікелей байланысы бар деген болжамды айғақтайды. Зерттеушілер петроглифтердің жоғары эстетикалық құндылығын және зерттеушілердің «Таңбалы петроглифтерінің ерекшелігін анықтауға мүмкіндік берген эмоционалдық дәрежесі мен рухани әсерін атап көрсетеді.

Тамғалы – бұл ежелгі шығармашалық көрме, оның суреттерінде адамдар мен жануарлар, ежелгі адамдардың өмір қалпы суреттелген. Суреттер тақырыбы әр түрлі: адамдар, жануарлар, ат шабармандар, аң аулау сәті, адам өміріндегі құрбандық шалу рәсімі, салттық-жоралғылық билер. Ежелгі шеберлер тас заттарын тегістігіне қарай қолданып, Күнге қарай төзімділігін үнемі ескерген. «Тасқа таңба басқандай» деген беріктікті білдіретін теңеу тілімізде содан қалған.

Күн сәулесінің түсуі тәулікке қарай жылжып, суреттер түрлі түсті болып көрінген. Петроглиф орындарының ыңғайлылығы сондай, бірнеше суретті көруге мүмкіндік болады. Петроглиф – ғылыми термин, археологтардың еншісіне тиген зерттеу нысаны. Петро (petra) грекше тас деген сөз, glyphe – ою, ойма, бедер. Адам нәсілі ежелден тасқа ерекше құмар. Тас ғасырда тас оның күн көрісіндегі ең қажет құралы болды. Тастың символикасы мен қасиеті көп.
Петроглифтер бейнелері ішінде ежелгі «құдайларды» бейнелеген дөңгелек, тамға, дұға жазбалары, салттық билер көрінісі, керемет түйелер бейнесі, доңыздар болған. Қазақстан тарихында із қалдырған көптеген халықтар үшін Тамғалы шатқалы әулие жер деп саналып, салттық рәсімдер жүргізілді, құдайға табыну, ата-баба рухына тағзым жасалды. Аспан астында біріккен сарай болды.
Қола дәуірінің қазақ жеріндегі бірден-бір нұсқаушысы іспеттес Таңбалы кешені тарихқа толы тасқа салынған суреттер арқылы кейінгі ұрпақ санасында қалып отыр. Бұрынғы дәуірде тірлік кешкен халықтардың дәстүрі мен мәдениеті, сенімінен мәлімет береді. Сан мыңдаған жылдар бойы сақталып келе жатқан орын тәуелсіз қазақ елі тарихының тереңнен тамырлануына негіз болады. Ашық аспан астындағы күн мен ай кезек тамашалайтын табиғи музей сияқты.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ