Ыбырай ата есімі жүрегімде…
Кішкене кезімде жүзінен нұры төгілген мейірімді атаның суреттерін көрген сайын, елге еңбегі сіңген зор тұлға екенін іштей сезетінмін. Ата-анамнан қыңқылдап сұрап, аты-жөнін есте сақтап қалдым. Сөйтіп, Ыбырай атаның есімі менің құп-құйттай жүрегімнің түбінен ертерек орын алған болатын. Тілім шығып, әріп тани бастағаннан қызық көрген ата-анам, бауырларым маған тақпақтар жаттата бастады. Мен жаттаған алғашқы өлеңдер қатарында болған Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» шығармасы. Өзім қазір Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарина атындағы гимназияда білім алып жүрмін. Білім ордасын аса қатты құрметтеп, мақтан тұтамын. Гимназиям мен Ыбырай атаның есімі тығыз байланысты. Оқушылар жақсы оқып, білім сайыстарынан орын алып жатса, ұлы ұстаз есімін ардақтағандық емес пе?!
Биыл Ыбырай Алтынсариннің қазақ даласында алғаш мектеп ашып, балаларға білім нәрін дарытқан қадамына 151 жыл толып отыр.Дала педагогы 1864 жылы алғаш мектеп ашқанын бәріміз білеміз. Айтулы мереке жер-жерде аталып өтуде. Облыс орталығы Қостанай қаласындағы орыс драма театры қойылым әзірлеп, Торғайда, Арқалық қаласында көрермендерге тарту етті. Көрініс маған қатты әсер қалдырды, жанымды жылытты. Мен Ыбырай атаны көріп тамсандым.
Жазғы демалысымда Ыбырай ата алғаш мектеп ашқан Торғайға барсам деймін.
Ақерке ЖҰМАБЕКОВА,
Қостанай облысы, Арқалық қаласы.