V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада өтті

8 қыркүйек күні Қазақстанның Астанасында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтті. Алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанда өткен бұл ойындар әрбір екі жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, алты күнге созылатын биылғы жарысқа 89 елден 2,5 мың қатысушы тіркелген. Жарысқа 560 спорттық ат, 45-ке жуық құс түсті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртшылықпен бірге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімін тамашалады. «Астана Арена» стадионында өткен шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Көшпенділер ойындары — ежелгі көшпенді халықтардың дәстүрлі спорт түрлерін жандандыру, әлемге насихаттау мақсатында ұйымдастырылатын ірі халықаралық спорттық шара. Бұған дейін де әртүрлі көшпенді халықтардың спорттық және мәдени шаралары өткізілгенімен, дәл осындай ауқымды деңгейде ұйымдастырылған кешенді шаралар тарихта болмаған.

Биыл көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатыспақ ниетте болған. Міне соның басым көбі келуге тіркеліп отыр. Ауқымды іс-шараға Қазақстанның әр түкпірінен 100 мыңнан астам турист келді. Садақ ату, ат спорты, саятшылық өнер, жамбы ату, арқан тарту тәрізді ойынның 20 түрінен жарыс, ұлттық өнердің 10 түрінен арнайы көрсетілім сайысы өтеді. Еліміздің әр аумағында үш киіз үйден тігіліп, олардың әрқайсысы өз тарихын, мәдениетін, кәсібін насихаттайды. Сонымен қатар, көшпенділер ойындарын өткізу себептерінің бірі – елімізге әлем жұртшылығының назарын аударып, болашақта туризмнің дамуына серпін беру.


Дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары Қазақстан Республикасының Туын алып шықты. Бұдан кейін еліміздің Әнұраны шырқалды. Қалыптасқан дәстүр бойынша жарысқа қатысушы мемлекеттер спортшыларының шеруі өтті. Биылғы Көшпенділер ойындарына Азиядан, Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Австралиядан спортшылар келді. Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шараға қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына, мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғысын жеткізді.
Президент көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет екенін айрықша атап өтті.

– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін айтты.
– Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек, – деді Президент.
Төрткүл дүниені жайлаған көшпенділер өркениетінің бай мәдениеті мен тағылымды тарихын, салт-дәстүрін паш етіп, адамзат баласын ортақ үйіміз – Жер ананы сақтауға үндеген ашылу салтанаты бірнеше эпизодқа ұласты.
Сонымен қатар салтанатты жиында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Роман Скляр, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған сөз сөйледі.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын еліміздің «Қазақстан», «Қазспорт», «Хабар», «Ел арна», «Жібек жолы», «Silk Way», «Sport Plus» арналарымен қатар, Түркияның TRT AVAZ арнасы, Қырғызстанның 5 телеарнасы, халықаралық «Мир», «Мир 24» арналары, Ресейдің «Старт LIVE» спорт арнасы, Татарстанның «ТНВ Қазан» телеарнасы, Өзбекстан мен Түркіменстанның мемлекеттік арналары тікелей эфирде көрсетті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Көшпенділер ойындары тарихында бұндай халықаралық деңгейде ауқымды телехабар тарату бірінші рет қолға алынып отыр.
Жарысқа Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Венгрия, Моңғолия және Ресей көп спортшы әкелген. Еуропадан Германия, Чехия, Франция елдерінің; Африкадан Гана, Эфиопия, Нигерия, Зимбабве секілді елдердің өкілдері қатыспақ. АҚШ құрамасы көкпар жарысында өнер көрсетті.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінгені белгілі болды. Қонақтардың жатын орны мен олардың ас-ауқаттары шығынның басым бөлігін құрамақ.
Көшпенділер ойындарының билет құны да белгілі: ересектерге арналған билет бағасы 500 теңгеден 15 000 теңгеге дейінгі аралықты құраса, сайыс билеттерінің орташа құны 3600 теңге болады.


Сондай-ақ, ойындардың ашылу салтанаты қалай және қайда өтетіні анықталды. Іс-шараға ведомстволық бағынысты ұйымдар мен облыстық шығармашылық ұжымдарды қоса алғанда, 3 000-ға жуық өнерпаз қатысады деп жоспарланып отыр. Ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында өтті.
Бағдарлама ұлттық спорттың 21 түрін қамтиды. Атап айтсақ: Асық ату, Ордо, Арқан тартыс, Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Теңге ілу, Қазақ күресі, Ашыртмалы аба гүреши, Кореш (белбеу татар күресі), Көкбору — көкпардың аналогы, Алыш, Мас-рестлинг, Powerful nomad (алыптар сайысы), Тоғызқұмалақ (тоғызқорғұл), Мангала, Овари, Жамбы ату, Дәстүрлі садақ ату, Құсбегілік, Құраш (өзбек күресі).


Дүниежүзілік көшпенділер ойындарда 100-ге жуық медаль жиынтығы таласқа салынады.
Ойындар астанамыздың 6 спорт нысанында өткізіледі «Астана-Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұзайдыны сарайы, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені, «Думан» кешені.
«Қазанат» иппоромында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құстар қатысуымен ұлттық спорт түрлері өткізілсе, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында қала қонақтарын күрес, жекпе-жек пен ұлттық ойындары күтеді.
«Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік тартыстар ұйымдастырылады.
Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аккредитация орталығы орналасады.
Ойындардың ғылыми іс-шаралары Ұлттық музейде өтеді. Ал шараның мәдени бөлігі театр, концерт залдары, кинотеатрлар, музей мен көрме павильондары сияқты елордамыздың түрлі алаңдарында өткізіледі.

Ойындардың бастау алуы

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпенді мәдениетті, оның ішіндегі спорт түрлерін халықаралық аренаға шығару және бұл мәдени мұраны сақтау мақсатын көздейді. Қырғыз үкіметі көшпенділердің өмір салтын әлемге таныту мақсатында 2012 жылы ойындарды ұйымдастыруды бастау туралы шешім қабылдады. Осылайша, алғашқы ойындар 2014 жылы Қырғызстанның Ыстықкөл облысында өтті.

Бірінші ойындар (2014 жыл)

Алғашқы ойындар 2014 жылдың қыркүйек айында Қырғызстанда өтті. Бұл шараға 19 елден 600-ден астам спортшы қатысты. Жарыс 10-нан астам көшпенді спорт түрлері бойынша өткізілді. Мәселен, көкпар, қазақ күресі, ат үстінде садақ ату, жамбы ату және түрлі ұлттық ойындар қамтылды. Осы ойындарда Қырғызстан көшпенділер ойындарының символына айналып, өз дәстүрлерін әлемге паш еткен болатын.

Екінші ойындар (2016 жыл)

2016 жылы өткен ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы елдер саны айтарлықтай өсті. 62 елден 1200-ден астам спортшы қатысты. Жарыс спорттың 23 түрі бойынша өткізілді. Бұл шарада көшпенді мәдениетінің байлығы мен алуантүрлілігі кеңінен көрсетілді. Сонымен қатар, ойындар спорттық жарыс қана емес, көшпенді халықтар мәдениетін, қолөнерін, әдет-ғұрыптарының да көрмесін ұсынды.

Үшінші ойындар (2018 жыл)

2018 жылы өткен ІІІ ойындар қайта Қырғызстанда ұйымдастырылды. Бұл жолы іс-шара ауқымы кеңейіп, 80-нен астам елден 2000-ға жуық спортшы қатысты. Спортшылар 37 түрлі спорт түрі бойынша бәйгеге түсті. Оның ішінде жаңа спорт түрлері де енгізілді. Ойындардың басты ерекшелігі ретінде көшпенді мәдениетін сақтау мен дамыту мақсатында көптеген елдің қатысуы және қолдау көрсетуі болды.

Төртінші ойындар (2022 жыл)

2020 жылы пандемияға басталған кезде өтпей қалған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы Түркияда ұйымдастырылды. Бұл жолы ойындар Түркияның Изник қаласында өтті. Оған әлемнің әр түкпірінен келген 3000-нан астам спортшы қатысты. Шара көшпенді халықтардың спорттық ғана емес, мәдени және рухани өмірінің бір бөлігі болып табылатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ойындардың маңызы мен болашағы

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпенді халықтардың бай мәдени мұрасын сақтау мен жаңғыртуға зор үлес қосып отыр. Ойындар — спорттық жарыс қана емес, көшпенділердің рухани және мәдени өмірінің маңызды бір бөлігі. Әрбір ойын барысында түрлі көшпенді халықтардың ұлттық киімдері, дәстүрлері мен өнері көрсетіледі. Осылайша, ойындар көшпенді мәдениетінің заманауи әлемде өз орнын тапқанын көрсетеді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — бұл көшпенді мәдениеттің жандануының жарқын көрінісі. Ол болашақ ұрпақтарға ата-бабаларының бай мұрасын жеткізудің және сақтаудың маңызды құралы болып табылады. Ойындардың ауқымы жыл сайын қанатын кеңінен жайып, қатысушы елдердің саны артып келеді. Бұл шара — халықаралық аренада көшпенді мәдениеттің беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы нәтижесі бойынша, Қазақстан құрамасы 43 алтын, 34 күміс, 37 қола медальмен көш бастады. 19 алтын, 21 күміс, 25 қоламен Қырғызстан екінші орында, Ресей спортшылары үштікті түйіндеді. Ал, Өзбекстан мен Түркия құрамалары үздік бестік қатарынан көрінді. Жабылу салтанатын қазақстандық жетекші телеарналары тікелей эфирде көрсетті. Одан өзге шетелдік ондаған телеарна арнайы хабарлар берді.

2014 жылы Қырғыз Республикасынан старт алған көшпенділер ойыны осыған дейін Қырғыз елінде, Түркияда өткен болатын. Міне, бесінші кезекті жарысты өткізу Қазақстанға келіп отыр. Өткенде ғана дүние жүзі жазғы олимпияда Паржде өтті. Іле-шала Қазақстанда тағы бір әлемдік бәсеке осылайша алауын жағып күллі дүниені дүбірлетті. Паржде пәсейген еңсеміз, түсіңкіреген рухымыз көшпенділер ойынында көтеріліп қыз-жігіттеріміз алтынмен апталып, күміспен күптелді. Өйткені көшпенділер ойындарының отаны түркінің қара шаңырақ иесі Қазақстан. Апта бойы дүрілдеген жарыста қазақстандық спортшылар ағалап алға шығып, мақсат еткен биіктен көрінді. Әлемдегі қырықтан аса түркі халықтарына ортақ ойындарға дүниенің төрт бұрышынан 89 елден келген спортшылар байрақты бәсекеде бой көрсетіп, барын салды. Дүниенің әр шалғайынан келген ақпарат көздері тынымсыз хабар атаратып жатты. Астанаға жиырма мыңнан аса турист келіп, қазақ елінің қонақжайлығын, дәстүрлі ұлттық ойындарын тамашалап қайтты. Ресми және бейресми ақпарат кеңістігі апта бойы тоқтаусыз информациялар беріп жатты. Әлем жұрты көшпенділердің бағын көріп, бабын таныды. Соның ішінде қазақтың мерейі өсіп, атағы шартарапқа таралды. Тәуелсіздігіміз баянды, болашағымыз нұрлы болсын!

Г.Тұрсынқожа

ПІКІР ЖАЗУ