Ұстазым
Жазғы демалыстан мектеп-Ана құшағына оралдық. Бастауышта төрт жыл білім берген ұстазымыз Айнара Шорманова:
— Жаңа оқу жылы басталғанда, бойларың өсіп, менімен бірдей болып келесіңдер. Бойларыңнан бұрын ақыл-ой, парасаттарың өсуі керек. Үш айда уақыттарыңды босқа өткізбей, көрген-білгендеріңді, үлкен адамдардан естіген ұлағатты әңгімелерді күнделік бастап жазып жүріңдер. Кейін өздеріңе керек болады,- деп тапсырды. Бесінші сыныпқа келіп, сынып жетекшімізбен таныстық. Алғашқы сабақтан кейін-ақ, жүгіріп Айнара Тұрсынқызына бардық. Бірінші сыныптың балалары бізге аға ретінде қарайды. Өздері әлі мектеппен толық танысып үлгермеді, сондықтан оларды жетектеп әжелері қасында жүр.
— Бақытты бол, қарағым! Еңбегің жансын,- деп батасын беріп жатыр әжелер. Айнара апайымызды нағыз ұстаз, мектептің жүрегі деп айтсақ, қателес-пейміз. Қарғалы №1 орта мектебінде ұстаздық ететін А.Шормановамен біздің бір минөт уақытымыз босқа өткен емес. Барлығымыздың жатқа айту дағдымызды шыңдады. Оқу жылдамдығымызды арттыру үшін әдеби шығармаларды көп оқытты. Тәрбие сағаттарында сахналық көріністер көрсеттік. Осылайша, әрқайсымыздың шығармашылық қабілетіміз артқан секілді.
Мысалы, мен өлең жазуға талпынып келемін. Соның бірі — ұстазым Айнара апайға арналды:
— Білім берген, ұстазым,
Қолға қалам ұстаттың.
Өшпейтіндей зердеме,
Білім кенін «қыстаттың».
Ибрахим Болатұлы. Алматы облысы.