Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы

«Ұлым саған айтайын өсиетін дананың, Білімдіні таны да, соңынан ер, қарағым» деп Махмуд Қашғари айтқандай, қазіргі таңда білім мен ғылым бірінші орынға шығып отыр. Осыған сәйкес Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының басты міндеттерінің бірі – орта білім беру сапасын арттыру екенін ескерсек, мектеп қабырғасында жүрген ұстаздар мен оқушыларға қойылар талап ауыр. Сапалы білім, саналы тәрбие – мұғалімнен талап етілетін басты құндылық. Алдыңа келген әр оқушының ертеңгі күні білімді адам, білікті маман болуы тікелей ұстазға байланысты десем қателеспеймін. Бұл негізінен қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқартуға да қатысты деп ойлаймын. Сондықтан жаңартылған оқу бағдарламасының басты мақсаты – өз ойын еркін айтатын, білімін өзі жетілдіре алатын, ізденімпаз, ақпараттық сауаттылығы бар, үш тілді еркін меңгерген, заман талабына сай азаматтарды тәрбиелеу болып табылады.
Сонымен қатар, Мағжан Жұмабаев өзінің «Педогогика» атты еңбегінде «Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеуге міндетті» дейді. Оқушының ойына, бойына ұлттық тәрбиені, Отанға деген сүйіспеншілікті, салт-дәстүрге деген құрметті дәріптеу, сіңіру ол да мұғалімнің міндеті. Мұғалім өз шеберлігіне қарай ұлтын сүйетін, жаңаша ойлайтын ұрпақ тәрбиелеуі керек. Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір үміті – білімді, саналы, сауатты, саналы ұрпағы. Бүгінде білімге қояр талап артып, оқу жүйесі де күрделіленген шақта жаңа дәуір мұғаліміне жүктелер міндет те еселене түсуде. Ұстаз қауымы алдында жай білім беру ғана емес, сонымен қатар өркениет көшіне жол бастайтын, әрі ұлттық рухта сусындаған білімді, дарынды азаматтар тәрбиелеп шығару міндеті тұр.
Қазіргі кездегі басты мәселенің бірі – жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуында ұстаздардың атқаратын рөлі ерекше. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи танымдық, ұлттық педагогикалық-психологиялық сауаттылық, ұлттық филдософиямен қатар ақпараттық сауаттылық талап етеді. ҚР «Білім туралы» Заңында да мектеп оқушылардың бойында адамгершілік және тұрмыс негіздерін қалыптастыру, азаматтыққа тәрбиелеу және олардың ақыл-ойын айқындау басты міндет екендігі айтылған. Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол – үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер» дегенін ескерсек, бүгінгі ұстаз жаңаны табу үшін оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіріп, қазіргі жаңа технологияларды меңгеруі керек. «Өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай» еңбек етіп жатқан мұғалімдер озық педагогикалық тәжірибені қолдана отырып, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастырып, білім сапасын арттырумен қатар, өз ұлтының тарихын, мәдениетін, тілін қастерлейтін және оны жалпы азаматтық деңгейдегі рухани құндылықтарға ұштастыра білетін тұлға тәрбиелеуі тиіс.
Сондықтан ұлтымыздың болмыс-бітімі мен рухани құндылықтарын заман талабымен үндестіре алған, педагогикалық әдіс-тәсілдерді шебер меңгерген және бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлей, сараптай алатын ұстаз болу қазіргі заман талабы. Қазақта «Ұстаздан шәкірт озар» деген жақсы бір сөз бар. Ендеше ұстазынан озатын озат шәкірт тәрбиелеу, ұрпақ тәрбиелеу ұлы іс екені талас тудырмайды.

Салтанат Жұмасыл, Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қоянды ауылы №2 ЖОББМ, 1-сынып жетекшісі

ПІКІР ЖАЗУ