Ұстаздың кәсіби біліктілігі мен шеберлігінің жемісі — шәкірт жетістігі
Тәуелсіз еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы – ұстаз қолында. Ұлтты ұлт етіп, әлемдік деңгейге көтеретін бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі таңда ұстаздар қауымының алдында тұрған басты мақсат.
Елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында мектеп тұрады. Ал мектептің жүрегі – мұғалім екені даусыз. Шәкірт ұстазға қарап өседі. Оқушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға дариядай терең білім, биік парасаттылық, еңбекқорлық керек. Мектеп жетістігі үшін білімнің биік шыңдарын бағындырып, талмас еңбекқорлықпен шыңдалған Алматы қаласы, Жетісу ауданына қарасты №108 мектеп ұстаздарының ерен еңбектері ерекше. Мектебімізде осындай қабілет пен қасиеттерді бойына сіңіре білген ұстаздар жетерлік. Осы орайда, мектебіміздің ұстаздары шәкірттерін терең білім нәрімен сусындатып келеді.
Биылғы оқу жылы мектеп ұжымы үшін де үлкен жетістіктер мен жеңістерге толы жыл болды. Мағыналы, өнегелі тәрбие мен сапалы білім беруде мектеп ұжымы бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім ізденіске толы шығармашылық жұмыстардың нәтижесінде Алматы қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген кәсіби байқауларға 6 мұғалім қатысып, жүлделі I, II, III орындарға ие болып, мектебіміздің абыройын асқақтатты.
«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, осы оқу жылында мектебіміздің білімді оқушылары көптеген байқаулар мен сайыстарға, олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, жеңіс биігінен көрінді. Республикалық байқаулардың жүлдегерлері: 11-сынып оқушысы Бексұлтан Дарын «Жыр алыбы – Жамбыл» атты жас ақындар айтысының II орын иегері, II Республикалық «Мәшhүр-Жүсіп оқулары» сайысының бас жүлдегері, қалалық «Қадыр оқулары» I орын иегері болып, қалалық «Мұқағали оқулары» байқауының II орын жүл-десін жеңіп алды. 10-сынып оқушысы Тогаева Аружан «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «QAZAQ EPOS» «Тұлпар мініп, ту алған» атты республикалық байқаудың қалалық кезеңінде II орын иеленіп, 350 000 теңгелік сертификатпен, ұстазы 700 000 теңгелік сертификатпен марапатталды, Қ. Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен IV Республикалық олимпиадасының II орын иегері болса, қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық «Абайтану» олимпиадада жүлделі III орын жеңімпазы атанды. Сонымен бірге 10-сынып оқушысы Еркінова Ақмарал республикалық «Мұқағали оқулары» байқауында алғыс хатпен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Республикалық олимпиадасында I орын иегері атанып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А.Қ.Аймағамбетов І дәрежелі дипломмен және 200 000 теңгелік сертификатпен марапаттады.
«Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адам-гершілікпен кіріссеңіз, сөзсіз жеңіске жетесіз», – деген екен ғалым Қаныш Сәтбаев. Ұстаздың өз кәсібіне, өз пәніне деген зор сүйіспеншілік болғаны абзал. Мектеп ұжымында өз ісіне берілген, жаңалықтың жаршысы болып, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін барша ұстаздар қауымына шығармашылық шабыт пен толағай табыстар тілеймін!
Әлдіғазы Руфинат Бекдайырқызы,
Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№108 жалпы білім беретін
мектеп директоры