Ұрпағыңды ойласаң нетті?
— Қызым-ау! Мынауың не будақтатып?! Жас—тайыңнан не көрінді, ұрпағыңды ойласаң нетті?!
— Ой, апай, тапқан екенсіз тәртіпке шақыратын адамды. Батя, мамам балаларынан қысылмай, темекісін тартып, арағын ішіп, боқауыз сөздерін айта береді.
— Баламысың деген, жасың нешеде?
— Колледждің студентімін.
— Қызым-ау, жарайды, әке-шешең өз алдына, сен мына темекіні тартқаннан ұжмаққа барасың ба?
— Қазір қыздардың бәрі темекі тартады. Дүкенде небір әдемілері сатылады. Соның бәрін неге шығарады? Біз қызығамыз. Бір рет көрген соң, әрі қарай кете береді.
— Дүкендегі, базардағы, жарнамадағының бәріне қызығып ала берсең не болғаны?.. Саған ақшаны кім береді? Шылымға шығарған қаражатты кітап сатып алуға, театрға жұмсамайсыңдар ма?
— Һа-һа-һа! Үйде үй кинотеатры, теледидар, компьютер, «Soni» ойыны, не керек бәрі бар. Маған кітап, театр бір тиынға да қажет емес.
— Жарайды, қызым. Бірақ, «Ертең ана боласың. Дүниеге әкелген балам мүгедек болып туса немесе балама зақым келіп дені дұрыс болмаса, ұрпағым қалай күн көреді?» — деп ойламайсың ба?
— Мен әлі күйеуге тиген жоқпын. Мүгедек бала тусам детский дом не үшін?
— Астапыралла, астапыралла! «Құдайдан қорықпағаннан без деген!»
— Не болды апай, маған ақыл айтқанша, темекі мен арақты құртып алыңыздар.
Міне, осы бір қыздың әңгімесін естіп жағамды ұстадым. О, жасаған Ием, осындай пеңдеңнің ғайбыл сөзін кешіре гөр. Ұлды ұяттан, қызды инабаттан айыра көрме. Болашағымыз деп үміт артқан ұрпағымыз мынандай болса, күні ертең оның баласы қандай тәрбие көрмек?
Имангүл әжей.