Ұлы дала перзенті

9bssset_f2Халық қаһарманы  Бауыржан атамыздың туғанына өткен жылы 100 жыл толды. Батырдың торқалы тойы кеңінен аталып өтті. Мұндай шарадан мектеп оқушылары ешқашан қалыс қалған емес. Биылғы ақпан айында біздің № 140 М.Мақатаев атындағы мектепте де батыр бабамызға арналған шаралар барлық сыныптарда өткізілді.
Менің хатымды оқи бастаған құрбы-достарым өткен шараны бүгін қозғап отыр ма? деп таң қалатынына еш шүбәм жоқ. Бірақ, мен сол өткенге орала отыра, Бауыржан атамыздың туған жеріндегі мұражайын аралаған соң ғана әсерімді бөліскелі отырмын.
Б.Момышұлы Жамбыл облысының Жуалы ауылында дүниеге келген. Менің нағашы апам да сол өңірде тұрады. Биыл көктемдегі демалыста Азамат көкем екеуміз мұражайға арнайы бардық.  Мұражай атшаптырым үлкен алаңға салыныпты. Мұражайды аралаған бала Бауыржан атаның көзі тірісінде кездескендей әсер алады. Онда қаһарман атамыздың соғыс кезінде пайдаланған заттары, жауды жайратқан қару-жарағы, әскери киімдері сол кездегі қолжазбалары майдан даласын елестетеді. Төсек-орны, ұйықтайтын бөлмесі, орындықтары — оның өмірінен  сыр шертіп тұрғандай. Оның биік тұғырға орналасқан ескерткіші де ұландарды отаншылдық сезімге жетелейді.  
Нағашы әжем: «Ата-аналар балаларының көпшілігінің есімін һас батырдай өр кеуделі, туған жерін шексіз сүйетін ер болсын деп Бауыржан атаған» деп өзі білетін біраз естеліктерді айтып берді. Менің Бауыржан есімді ағам, жездем бар. «Бауыржандар» ғана емес, қазақтың бар баласы Бауыржан атамыздай болып өссем деп армандаймыз.
Жалғас  Бақшабай.
Алматы қаласы.

 

ПІКІР ЖАЗУ