Ұлы дала хандары

 

Қайып хан

– Тақсыр, суыт хабарды айтуға рұқсат етіңіз! – деді алыстан ат терлетіп жеткен шабарман.
– Айт! – дей қалды хан да.
– Анығын айтсам, осыдан үш жыл бұрын қалмаққа елші боп кеткен Қазыбек биден хабар жетті. Ол Цеуан қонтайшының қонысында жай жүрмей, жоңғардың ішкі-сыртқы жайын біліпті. Оның бізге тіс қайрап жүргенін білесіз. Енді сол қонтайшы отыз мың әскерін қамдап, қазаққа қарсы лап қоймақ көрінеді, хан ием.
Жаныңды күйзелтер суық хабарды естігенде Қайып ханның ұнжырғасы түсіп кеткені жүзінен анық байқалған-ды. Хан бұлай бостан-бос қамықпас. Себебін енді өзі айтсын.
– Қасиетіңнен айналдым, Қазыбек! Дұшпанның сырын білем деп басыңды қатерге тіккен екенсің-ау. Хат жазып ханыңды хабардар еттің-ау. Бұл жоңғардың әсілінде екі аждаһа жауы бар. Бірі суық орманды паналаған аюдай орыс, екіншісі тауда тұрған қорғанды қоныс еткен айдаһар қытай. Бекіністерін салғанмен, орыстың жоңғарға соғыс ашар ойы жоқ әзір. Ал Қытайдың патшасы бақилық болған. Демек дәл қазір жоңғарға сырттан қауіп жоқ. Осы себепті қонтайшының назары бізге бұрылған екен ғой…
Расында жан-жақты бағамдап сөйлеген ханның бұл сөзі ақиқат еді. Ысқыра ұшқан сай кез оқтан қорғанар қалқаның болмаса, соғысқаннан не ұтарсың? Ханды күрсіндірген осы еді. Ысқырып ұшар сай кез оғың – Алатауды алам деп анталаған жоңғар, ал сонда қорғанар қалқаның кім? Ол әрине қаймана қазақ. Десе де сол қазақтың бұл күнде басы бірікпей тұр. Әйтпесе бір тудың асытына жиналып, «Алла жар!» деп аттанса, алаш баласына кім төтеп бермек? Ханның ендігі ниеті тарыдай шашырап, әр тұста түйіршіктей домалап бара жатқан қазақтың басын қосу болды. Сонда ғана жасанып тұрған жауға төтеп бермек.
Қақаған қыс. Қансонар. Ұшы-қиыры жоқтай көрінген дала. Хан сұлтандар мен мерген батырларды ертіп аңға шыққан. Бұлар үстіне ішік тон, басына түлкі тымақ киген. Жүйткіген қарабайыр тұлпар, жүгірген құмай тазы. Қалықтап бара жатқан қаршыға құс. Оның томағасын алып, ұшырған Қайып ханның өзі еді. Бағасы тым қымбат құстың көзі от шашардай өткір, өңі тым сұсты. Әуеде қалықтап жүрген оның нысанасына жүгірген аң ілінді-ау ақыры. Жемтігін көрген ол дереу төмен құлдилап барып, қашып бара жатқан қызыл түлкінің жон-арқасына кеп жабыса қалды. Сояудай тырнағын батырып, олжасын тырп еткізбеген қаршыға құс тұмсығын батырмай иесін күтіп отыр. «Алла жар! Хан ием олжалы болды!» деп жар салды батырлар. Хан мерейі үстем болды.
Дегенмен бұл дүниеде ақ пен қара, жақсы мен жаман қатар жүреді. Сол аңшылықта даңқы артып, қанжығасы майланған ханның Түркістанға денесі жетті. Иә, саят құрған сол күні хан бақиға аттанды. Оны астыртын жүріп жазым еткен алыстағы жау емес, жанында жүрген сұлтандардың бірі еді. Осынау жер бетінде Абыл мен Қабылдай бауыр боп, ақырында бір адам енді бір адамды мерт қылған жайт көп. Расында көзді шел басып, көре алмаушылық пен қызғаныштан жүрек дерті емделмей рухани кесел үдеген шақта адам бір-біріне қылыш қайрайды екен. Қайып хан да Тәңір берген ғұмырында ел үшін қол жиып, әскер бастаған, ел ісіне келгенде тысқары қалмаған тұлға болды. Ол сондықтан да тарих бетінде қалды.

 

Болат хан

Өзен сарқырап ағып, мал өрісте жайылып жатқан жайма-шуақ уақ. Қаладағы жұрт қауырт тіршілік жасап, көшпенді жұрт төрт-түліктің қызығын көретін кез бұл. Хан Тәуке жайлауға тігілген үйінде еді. Өзіне қажет керек-жарағын бірге ала келген хан дастархан үстінде кітабына көз жүгіртіп отырған. Жанында баласы Болат бар еді. Мүшел жасқа таяп қалған ол үй шетінде тұрған әкесінің ер-тұрманы мен сауыт-сайманын қызықтап отыр. Дамаск ұсталары соққан қылыш көздің жауын алады. Болат сұлтан болаттан соғылған семсерді әкесіне естіртпейін деп қынабынан суырып жатқан. Мұны хан байқап қойды. Қылышты суырып үлгермеген сұлтанды:
– Ұлым, бері келші, – деп, шақырып алды Тәуке.
– Ау, хан әке, – деді Болат дастарханға қарай жақындап.
– Байқаймын, анау тұрған қылышқа аңсарың ауған сынды ә? – деп жымиды хан баласына.
– Қызықтырып барады, хан әке…
– Сырын білмей қызыққан сүрінер, балам. Әрбір қарудың өз күші, өз сыры болады. Ал оны білмей күшіңді бостан-бос құртып, сабалай бергеннен ұтпайсың, ұлым. Мына бір жілікті сындырып көрші қане, – деді сұлтанға жіңішкелеу жілікті ұсынып.
Тастай көрінген сүйекті алған сұлтан екі қолымен қысып, оны әрі бері жұлқылап, сындыруға тырысып бақты.
– Әке, мынау тым қатты ғой. Сынбайды ғой тегі!
Сұлтанға сүйекті сындыру оңайға соғар емес. Бұған анық көз жеткізген хан:
– Сол секілді жаудың да өз осал тұсы болады. Тек соны дер кезінде аңғарып, әлсіз тұсты таба алсаң, тасты уата аласың, – деді де, сүйекті алып, дастарханға қойды.
Сөйтті де «Бисмиллә» деп жілікті орта тұсынан жұдырық астымен бір ұрды. Жас сұлтан үшін сынбастай көрінген сүйек морт кетті.
– Бұл қалай, әке? – деп сұлтан таңырқай қарады.
Хан Тәуке уақ сүйегі шашылып қалған жілікті алақанына жинап жатып:
– Көрдің бе, ұлым, тастай көрінгеннің де күл-талқаны шықты. Сол секілді мықтымын деп кеуде ұрғанның да кей тұсы әлсіз боп келеді, – деп түйін сөзін айтты.
Жасында әкенің өсиетін тыңдап, өнегесін көрген сұлтан ат жалын тартып мінер кезге жеткен соң хан атанды. Жауапкершілігі мол міндетті атқаруда жақсы мен жаман қатар жүрді. Заманында ол тауқыметі мол жылдардың ауыртпалығы мен қара ниет дұшпанның талайына куә болған. Алайда, кемеңгер әкенің үлгісін көрген Болат хан тарихта қалды.

 

ПІКІР ЖАЗУ