Ұлы ақынға арналды

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында қазақ халқының ұлы ақыны, сазгер, ойшыл, кемеңгер әдеби тілдің негізін салушы, аудармашы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай ақынның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында «Ұлылардың ұлысы – Абай» атты 3 бөлімнен тұратын кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандарға насихатталды.

Сонымен бірге №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында, Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының оқушылары мен Қазақ Соқырлар Қоғамының мүшелерінің қатысуымен оқырмандарға ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, шығармаларына шолу жасау, әндері мен қарасөздерін жатқа оқу арқылы оқырмандарды адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулу мақсатында «Абайды оқы, таңырқа…» атты әдеби-музыкалық кеш өткізілді.
Шара барысында Абай Құнанбайұлының өмір жолынан қысқаша үзінді «Абай – Әйгерім» атты сахналық қойылым қойылып, Абайдың әндерін кітапхананың тұрақты оқырмандары I-топ көз мүгедектері Пірманов Махмұд «Желсіз түнде жарық ай», Шадырқұлова Сағымкүл «Көзімнің қарасы», Утеулов Ануарбек «Айттым саған, Қаламқас» әндерін орындаса, Абайдың 100 өлең жаттаған Жамбыл атындағы № 5 мектеп-гимназиясының 10 «ә» сынып оқушысы Абдықаппарқызы Еркеайым «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңін, 6 «е» сынып оқушысы Нұсқабай Али «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін төрт тілде жатқа оқыды.

Арнайы кітапхана қызметкерлері «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін!» атты тағылым сағатын Абай ескерткішінің алдында өткізді.
Іс-шараға Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің білімгерлері мен Қазақ соқырлар қоғамының мүшелері және кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысып, Байсейіт Аяулым «Есіңде бар ма жас күнің», Сабыржанқызы Ақбота «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», Бескемпірова Наргиза «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман», Сейдуллаева Ұлбосын «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңдерін оқып, Қуанышбай Мейірман «Сегіз аяқ», «Онегиннің Татьянаға хаты», Ақпаев Нұрсұлтан мен Оңғарбаева Қолқанат «Көзімнің қарасы» әндерін орындап, Оңғарбаева Қолқанат өз шығармашылығынан Абайға арнау – «Қазақтың данасы» атты өлеңін оқыды.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай облыстық «зағип және нашар көретін азаматтарға арналған» бөлімдерінің, мүмкіндігі шектеулі оқырмандарының арасында ақынның әндері мен қара сөздерін жатқа оқуы әлеуметтік желілерге назарға ұсынылды. I топ көз мүгедектері: Жаңатас ауданынан Абаханова Семкүл, Сарысу ауданынан Мұханбетов Еркін, Байзақ ауданынан Құттыбаев Шорахан, Меркі ауданынан Нисонова Мария, Шу ауданынан Малшыбаев Рахымбек ақынның өлеңдері мен қара сөздерін оқуға қатысқандары үлін алғыс хаттармен марапатталды.

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ақынның сахналық бейнесін сомдаушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Асқарбек Сейілханмен «Абай болып ой кештім» атты онлайн кездесу өткізді.
Кездесу барысында Асқарбек Сейілхан Абай өлеңдерінің құрылысына, маңыздылығына, қоғамды тәрбиелеудегі аса құндылығына тоқталып, бірнеше өлеңдерін жатқа оқыды.
Арнайы кітапхана ұлы ақынның мерейтойы аясында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын нүктелі-бедерлі Брайль қарпімен басып шығарып, зағип оқырмандарға ақын жайлы мол мағлұмат алуға мүмкіндік жасады.

Арнайы кітапханада дүниежүзілік ғылым мен мәдениетте көрнекті із қалдырған ұлы тұлға, ортағасырлық ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Әл Фараби – Шығыстың ғұлама ғалымы» кітап көрмесі, «Әл Фараби – өркениет философы» атты Әл-Фарабидің өмір жолы мен еңбектері, нақыл сөздерінен бейнекөрме әлеуметтік желілерде оқырмандар назарына ұсынылды.

ПІКІР ЖАЗУ