Ұлттық өнер — ұрпаққа мұра

Мемлекет басшысы, президент Қасым-Жомарт Тоқаев заман талабына сай өскелең ұрпақты білім-ғылымға үйретумен қатар, кішкентай күндерінен еңбекке баулудың маңызы зор екенін үнемі айтып келеді. Президенттің жас ұрпақ жөнінде «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуі тиіс» деген сөзі бар. Осы орайда этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада ханым жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеп, бүлдіршіндердің қолөнермен айналысуы үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып, тегін шеберлік сабақ ұйымдастыру арқылы еңбекке баулып жүргенін атап айтуымыз керек. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Білімді ұлт: сапалы білім беру» ұлттық жобасында ұрпаққа қолжетімді және сапалы техникалық, кәсіптік білім беру міндетін жүктеп отыр. Осы ұлттық жоба негізінде 2025 жылға қарай жастардың 100%-ын қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету мақсаты көзделген. Бұл еліміздегі NEET санатындағы жастар үлесінің төмендеуіне септігін тигізбек.

Қазақта «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген жақсы сөз бар. Бала тәрбиесіне ежелден ерекше қараған қазақ «Шыбықты қалай исең, солай өседі» деп те өсиет еткен. Жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында «Бақытты отбасы» орталығының қолдауымен «Көрпе FEST-2022» мегафестивалінің ашылу салтанаты болды. Салтанатты жиынға Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының иегері, «Құрмет белгісі» орденінің кавалері, «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада және 100 ге жуық қолөнер шеберлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылған көрмеге этно-дизайнер Ырза Тұрсынзаданың шеберлік сыныбынан оқып-үйренген жас қолөнер шеберлерінің ұлттық нақышта жасаған бұйымдары қойылды. «Ата кәсібі – бала нәсібі» деген тақырыппен Ырза Тұрсынзада ханым бабадан балаға жалғасқан өнер мұрасын 6 жастағы бүлдіршіндерден 75 жасқа дейінгі қолөнерге құштар жандарға үйретіп, «Он саусағынан өнер тамған» жас шеберлер жасаған бұйымдарды республикалық көрмелерге алып шығып қолдау көрсетіп келеді.


18 наурызда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, қала әкімінің орынбасары және «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы сынды құрметті қонақтардың қатысуымен астанада «Бақытты отбасы» орталығы ашылды. Вице-премьер Ералы Тоғжановтың қолдауымен ашылған орталық қаладағы көпбалалы аналарды, жұмыссыз жүрген және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарды, жалғыз басты аналарды қолдаумен қатар жас бүлдіршіндерді қолөнерге баулуды мақсат етіп отыр.
«Көрпе FEST» мегафестивалі этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада ханымның бастамасымен 4-5 жылдан бері алтын құрсақ аналарды қолдау мақсатында «дүниеге келген». Ырза Тұрсынзада ханым бұл жобаны бұған дейін «Аналар аманаты» атты әлеуметтік бағдарламасы негізінде ұйымдастырып келсе, енді «Бақытты отбасы» орталығының қолдауымен кеңейте түспек.


– Мен қазақтың тұрмыстық өмірінде қолданған өнер туындыларын он саусағынан өнер тамған шеберлерге үйрете отырып, шығармашылық шабыт берумен қатар, олардың кәсіп ашып, нәпақа табуына қолұшын беріп отырмын. Аналарымыз Үкіметке қол жайып, қайыр тілегенше, ұрпаққа үлгі боларлық іспен айналысып, өзі де үйреніп, өзгеге де үйретіп, кәсібін дөңгелетіп, еңбек етсе деймін. Қазақ әйелінің бойында өнерге деген ерекше құштарлық бар. Сол қасиетті ояту арқылы, еріне, еліне масыл болмауға әдеттендіру – мақсатым. Cонымен қатар бұл сауда емес ең алдымен қазақ әйелінің «қырық шырақты болмысын» ояту. Еліне жанашыр болып, ұрпаққа өнегелі тәрбие беру. Жасыратыны жоқ қазақ әйелі, қазақ аналары тозып бара жатыр. Сондықтан да салт-сананы бойларына сіңіру арқылы заманға сай қазақ әйелінің бойында ар-намысын болмысын, рухын қамшылау. Қазақ даласының барлық аналарын ұлттық болмыс аясында жұмылдыру, ұйыстыру. Ұлттың берекесі – қазақ аналары. Қазақта «Әке азаматты, ана адамзатты тәрбиелейді» деген сөз бар. Ықылым заманнан келе жатқан қазақ әйелінің бүгінгі ізбасарлары – аналармыздың ұлттық табиғи болмысын ашсам деген ниетім бар, -дейді Ырза Тұрсынзада ханым.


Ал өз кезегінде Ералы Тоғжанов: – «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, бабаларымыз тегін айтпаған шығар. Жақсы сөз сөйлейік, жақсы ниетте болайық, жақсылыққа сенейік. Өзіне сенімі бар адам айналасына да сенім ұялатады. Айналасына жылуын төгіп жүрген адамның өзі де бақытты болатынына мен ешқандай күмәнданбаймын. Осындай жылылықтың арқасында еліміздің туы биікте желбіреп тұр. Еңбек жасаған шаңырақта, еңбекпен ержетер ұрпақ қалыптасады. Мына жасаған дүниелеріңіз жай ғана көрпе емес, өнер. Бұл – үлгі-өнеге. Сіздер бір оюды, түстерді үйлестіру үшін қаншама еңбектенесіздер. Бұның бәрі керемет, мен таңғалып отырмын. Сіздердің өз қолдарыңызбен жасап, жүректеріңізбен жинаған дүниелеріңіздің бәрі әр барған шаңыраққа көрпелеріңізбен бірге жан жылылығын алып баратын шығар. Рақмет! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Сол бағдарлама шеңберінде «Бақытты отбасы» орталығы аясында бүкіл қазақ даласын өнер арқылы біріктіретін ғылыми-әдістемелік деңгей қалыптастырсақ деп отырмыз, -деді. Сонымен қатар вице-министр сөз арасында бәсекеге баланған нарық заңдылығы кім кімге де оңай еместігін, еңбек етіп, алға ұмтылған адамның өмірі шырайланып, көңілі тоғаятынын айтып, жиналған қауымға ризашылығын білдірді. Қарапайым қазақ әйелінің әр қайсысының сөзін ықыласпен тыңдап, бүлдіршіндердің бетінен сүйіп, емен-жарқын халықтың ортасында жүрген ел ағасының кішіпейілділігі, қарапайымдылығы – «Мен де көпбалалы отбасынан шықтым, 9 баланың 8-шісімін» деп, балалардың болашағынан зор үміт күте айтқан тілегі көпшіліктің көңілінен шықты.


Жоғарыда Ырза ханым айтқандай, бүгінгі қоғамда қазақ әйеліне тән қазақи ұлттық болмыс қазақ әйелінің өзіне жат. Жасыратыны жоқ өз елімізде жүріп өз тілімізді менсінбей, өзге тілде сөйлейміз, өзгеге еліктейміз. Өзгенің қаңсығын таңсық көреміз. Ақырында ішкі рухпен үндестік жоғалып, жасандылық бойға сіңеді. Адам өзінің адами ұлттық болмысынан қол үзіп, мақсаттан адасады, жүрек суиды. Тамырынан үзілген гүлдей солады. Адам бойында ашу-ыза қалыптасады. Осы орайда Ырза ханым: – Ұлттың санын өсіріп, еліміздің болашағын тәрбиелеп отырған алтын құрсақ аналар. Өкінішке қарай, қоғамда көпбалалы аналарға қатысты олар көшеге шығады, айқайлайды, сұраншақ деген өте теріс ұғым қалыптасты. Сондықтан да «Бақытты отбасы» орталығына келіп жатқан аналар арқылы қоғамның көзқарасын өзгерту керек. Бұрынғы қазақ аналарының ар-намысы ер азаматтардың жігерін қайрап, қанаттандыруы арқасында бір уыс қазақ осындай ұлан-қайыр жерді қорғап қалды. Көне заманнан келе жатқан рухани тәрбие, байлығымыз бар. Қазақ анасының ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы бар. Қазақ әйелінің қоғамда, ортада, отбасында, әулетте өз орны бар. Қу нарық күні-түні қамшылап, «қара малдың» табанына салды. Шаршатты, қажытты. Енді «шілдің тезегіндей шашырауға болмайды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық қазақ әйелі «Бақытты отбасы» орталығына топтасайық. Бір мақсат-міндетке ұйысайық, бірігейік. Ұрпағымызды өнерлі, өнегелі етіп тәрбиелейік. Ел ағаларына алғыс айтайық», — деді.


Иә, алтын құрсақ аналарға деген қазіргі қоғамның көзқарасын өзгерту үшін білімі мен ілімі, әдебі мен ибасы, мәдениеті мен рухани болмысы келіскен қазақ әйелдерін көпке үлгі ете отырып, тіршілік қамы қажытқан аналарымыздың жан сырын ұға отырып, оларға қолдау білдіру, жанашырлық таныту баршамыздың міндетіміз. Тағдырдың тауқыметті жүгін арқалап, ұрпақ қамымен өзін өзі жоғалтқан қазақ әйеліне көмек қолын созып, жанын жадыратып, болашаққа деген сенімін оятуға тиістіміз. Қазақ әйелі өзге мәдениеттің шылауында адаспай, өзінің ұлттық болмысында қадір-қасиетін қастерлеуге, құрметтеуге, өзіне деген сенімін жоғалтпауы үшін орта қалыптастыру уақыт талабы екені рас. Ырза ханым айтқандай, ұлттық өнер адам бойындағы бұғып жатқан ұлттық болмысты, шабытты оятады. Ғасырлар бойы қалыптасқан қанында бар ар-намысына түрткі болары сөзсіз.


Ұлттық нақыштағы сәні мен салтанаты келіскен көрменің көрігін қыздырып, домбырада күй төгіліп, қазақы үн жарқын-жарқын сайраған ортада жүзі балбұл жанған қазақ әйелі мен аналарын, бүлдіршіндерін көру сондай ғажап. Ертегі әлемінде жүргендей ерекше сезім. Көрме қонақтарының барлығымен тілдесіп, барлығының қуанышын бөліскің келеді. – Мен Тараз қаласынан келген көпбалалы анамын. Ырза Тұрсынзада ханымның шәкіртімін. Қазіргі таңда өзімнің екі топтамамды және жаңа дизайындағы шапандарымды алып келдім. 2020 жылы Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен «Көрпе FEST»-ке қатысып, бірнеше көпбалалы ана Жамбыл өңірінде кәсіп ашып, нәпақасын тауып жүр. Өзім екі дүркін грант иегерімін. Бірінші 505 мың, екінші 5 млн грант алдым. Бәрі таза қолөнердің арқасы. Қызым қазір 11 жаста 6 жасынан бастап құрақ құрап үйренді. Ұлым 8 жасынан біздің лентамызды қиып, оюларымызды ойып көмектеседі. Басында отбасылық шеберхана ашып бастадық. Қазір үлкен шеберханамызда 5-6 тігіншіміз бар. Мемлекеттің қолдауының арқасында елорда төріндегі үлкен мегафестивальге қатысып отырмыз, — дейді Тараз қаласынан келген «Заңғар» шеберханасының жетекшісі Бекзат Үсенқызы Құсаева. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы «Бақытты отбасы» орталығының қолөнер шебері, төрт баланың анасы Жұлдыз Дастанқызы Махамбетжанова:


– Қазан айынан бері орталықта құрақ құрау, көрпе тігу сияқты қолөнердің түрлі әдіс-тәсілдерін үйреніп жатырмыз. Балаларға арналған ойыншықтар тігеміз. Ою-өрнектермен кестелеп тігіп, көрпе құрап, алаша тоқып, кәсіп ашып, нәпақа тауып отырмын. Қызым да түрлі қолөнер бұйымдарын жасауды үйреніп жүр, -дейді.
Көрмеден 6 жасар бүлдіршіндердің қолынан шыққан түрлі доптар, ойыншықтар мен моншақ, салпыншақтардың небір түрін табуға болады. Алушылар да көп, – Бір күннің ішінде миллион, миллион жарымның саудасын жасап қойдық. Дегенмен, ұлттық өнеріміз ең алдымен сауда жасау емес, аналарымыздың бойындағы өзіне деген сенімін, жігерін ояту. Әдемілікке, еңбекке баулу,- дейді Ырза Тұрсынзада ханым.
Көздің жауын алатын көрмеде ән мен биден шашу шашылып, қазақтың ұлттық салты бойынша Ералы Тоғжановқа ел ағасы болсын деген ниетпен ата-анасы 1 жасар Ілияс Нұрислам Берікұлының тұсауын кестірді. Сонымен қатар Израйльден жаңа тігу технологиясын әкеліп, бүкіл Қазақстанға орнатып берсек деп құлшынып жүрген Қуандық Қайрат пен Оразова Набира деген азаматтардың демеушілігімен Ералы Тоғжанов бүлдіршіндерге тігін машиналарын сыйлады. Сонымен қатар, Ырза Тұрсынзада да «тойдан тобықтай» қағидасымен өнері үздік аналарға, жиналған көпшілікке өз тарапынан сый-сияпат үлестірді. Біз алдағы уақытта «Бақытты отбасы» орталығының аяқ алысы, өсу-өркендеу барысы, қазақ аналары мен жас қол өнер шеберлерінің жетістіктері мен жеңістері туралы репортаж, сұқбаттар жариялап, ақпараттық қолдау көрсететін боламыз. Еліміздің түпкір-түпкірінен өзінің ұлттық қолөнері арқылы тамырына жалғанған, рухы оянып, рухани-мәдени толысқан алтын құрсақ аяулы аналарымыз мен өнерге құштар бүлдіршіндердің жемісті еңбегінің жаршысы, тілекшісі боламыз!

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ